• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 23:04:11
Алматы
+12°

20 қараша күні Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында 33 тұрғын үй мен халыққа қызмет көрсету орталығы жəне аудандық прокуратура ғимараттары қолданысқа берілді. Шараға облыс əкімі Амандық Баталов қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

2018 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Райымбек ауданы қайта құрылған. Қазіргі уақытта Нарынқолда 83 коммуналдық үй салынып жатыр, қолданысқа беруге дайын болған 33 үйде бүгін қоныс той болады. Аталған шара бойынша баспаналы болған көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне 10 баспананың кілтін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады. 

20 қараша 2020 жыл

Баспаналардың барлығы бір сызба бойынша салынған. Олар 80, 90, 100 шаршы метрден тұрады. Жалпы алаңы 3242 шаршы метр. Құрылысын “Фуд МС” ЖШС және "Асан М" ЖШС жүргізген.

20 қараша 2020 жыл

Жаңа үйдің кілтін табыстаған облыс əкімі баспаналы болған ауыл тұрғындарын құттықтап, Нарынқол өңіріне жасалып жатқан мемлекеттік қолдаулар мен алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы қысқаша айтып берді.

– Шекараның шебінде, облыстың шетінде қайта шаңырақ көтерген Райымбек ауданының жаңарып, көркейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен қайта құрылғаннан бері аудандағы халық саны өсіп, 40 мыңға жуықтады. Соның ішінде екі мыңнан аса адам туған жеріне қайта оралды. Ауданның дамуына, инфрақұрылымын қалпына келтіруге бюджеттен 17,9 млрд теңге қаржы жұмсалды. Жолдары жасалып, көшелеріне асфальт төселіп, жаңа ғимараттар салынды. Басқа да игіліктердің барлығы жасалуда. Соның ішінде бірінші кезекте, ауданға жұмыс істеуге келген қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп келеміз. Бүгін, міне, салынып жатқан 83 коммуналдық тұрғын үйдің 33-ін қолданысқа беріп отырмыз. Қоныстарыңыз құтты болсын!, – деді Амандық Баталов.

Облыс әкімінің сөзінінен кейін Нарынқол ауылының ардагері Медетхан Абиров әкімге алғысын білдірді.

– 21 жылдан кейін ауданымыз қайта түледі, көсегеміз көгерді, өшкеніміз жанды. Ауданға республикадан да, облыстан да қыруар қаржы бөліп, қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Осы жақсылықтың бәрінің игілігін халық көріп отыр, – деді ауыл ақсақалы.

Баспаналардың кілтін табыстау салтанаты аяқталған соң аудан тұрғыны Қуаныш Абаев облыс әкіміне үйіне қонақ болып, 20 жылдан бері зарыға күткен баласына батасын беруді сұрады. Түрғын сөзін Амандық Баталов жерге тастамады. Жаңа баспананың кілтін ұстаған Абаевтар әулетін шаңырағына кіріп, қоныс тойымен құттықтап, нәресте Нұрисламға жарқын болашақ тілеп батасын берді.

Алматы облысының әкімі баспаналы болғандарға ізгі тілегін айтып болған соң дене шынықтыру - сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысу үшін құрылыс алаңына барды. Белгіленген уақытта аяқталмаған құрылыс жұмыстары қазіргі күннің суығына қарамастан жалғасып жатыр. Нысанның  дер кезінде дайын болмауын құрылысшылар карантинмен байланыстырды. Бұл кешеннің жалпы алаңы 4257 шаршы метр. Нысанда штаттық кестеге сәйкес 33 қызметкерге арналған, күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, гандбол, шынығу залы, 4 киім ауыстыратын бөлме, 32 орындық асхана жұмыс істемек.

20 қараша 2020 жыл  
Тағы бір жаңалық - осы күні Нарынқолда “Азаматтарға арналған үкімет” жəне аудандық прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Сол сияқты күрделі жөндеуден кейін ҰҚК ғимараты қолданысқа берілді.

"Азаматтарға арналған үкімет" ғимаратының 1-қабатында Райымбек аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі, аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобы және мұрағаты, 2-қабатында әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры бөлімдері орналасады, сонымен қатар, 72 адамға арналған мәжіліс залы бар.

2020 жыл
Облыс басшысы орталыққа қызмет алуға келген тұрғындармен тілдесіп, қызмет көрсетуші мамандармен әңгімелесті. Ерлан Тоқтабек пен Сымбат Мұқаш мұнда жас маман ретінде келген. Екеуі де жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолдарын осы орталықтан бастағандарын айтты. Сол сияқты мұнда 2018 жылы аудан қайта ашылғанда Алматыдан ауысып, Нарынқолға арнайы жұмысқа келген мамандар да бар.

Ресми қонақтар орталық ішін аралап, мемлекеттік қызмет алуға жасалған қолайлы жағдайларды көріп, танысты.

Журналистердің сұрағына жауап берген облыс басшысы Амандық Баталов ауданның көркейіп, өрекендеуі үшін бюджеттен 18 миллиард теңгенің бөлінгенін айтты.

– Елбасының тарихи шешімінің арқасында Райымбек ауданы белсенді дамып келеді. Ауданын көркейтуге республикалық және облыстық бюджеттен 18 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал биылғы жылдың өзінде құрылыс жұмыстарына 8 млрд. теңге қарастырылып отыр. Соның 3 млрд. теңгесі – "Жұмыспен қамту жол картасы" арқылы бөлінген. Ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, жастар туған өлкесіне қайта оралып жатыр. Келесі жылы тәулігіне 250 адам қабылдайтын, жобалық құны 2,8 млрд. теңгелік емхана салына бастайды. Аудандық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Суару жүйелерін ретке келтіреміз. Ірі инвесторлар осы өңірде мал шаруашылығы бойынша кәсіптерін дамытуға ниет білдіруде. Келесі жылы Кеген, Нарынқол өңіріне газ жеткізу жұмыстарын бастаймыз. Бұл өңір табиғаты тұнып тұрған, туризмді дамытуға қолайлы өңір. Осы бағыттардың барлығын басымдыққа алып, ауданды өркендетуге жұмыс істейтін боламыз, - деді Амандық Баталов.

Бек Байтас

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір