16 Қараша, 2020 Барлық аймақтар
Скуз. Үскөс. Үшкөзмейрам (соңы)
Серікбай Исатайұлы Жаркешовтың аяқтап жатқан «Көне өркениет тарихының ұмытылған кілті» атты кітабының бір-екі тарауынан үзінді
Кенті баба мазары
Мақаланың жалғасы. Басы мына жерде.
1.11. Әләу-Мейрам – Қазақ ханы Қасымның аталықтары.
Бұл жердегі тағы бір қызықты жағдай, Ираннан Қасымханның Байрам (Мейрам) атты аталығы болғаны, оның 1513 жылы Қасымханнан әскери көмек сұраған Өзбек хандығының Иран патшасы Исмаил шахпен соғысына қазақ әскерін бастап барып, өзбек Убайдулла ханның кесірінен Қасымханның баласы Әбілқайыр ханзадамен бірге қоршауға түсіп қаза болғаны туралы деректерді ираншы Ғалия Қамбарбекова тауып әкеліп бірнеше рет орталық баспасөз беттерінде жазды. (Алаш айнасы. Өркениет. 30 қараша 2011, 13:34)
Бұл деректер парсының патшасы Шах Исмаил туралы кезінде жазылған «Тарихи сефевиа», «Алам-ара-и шах Исмаил» сияқты бірнеше шығармалардың ішінен шықты. Осы парсы деректерінде Қасымхан ордасында Байрам (Мейрам) аталық есімі ерекше ықыласпен аталатынын атап жазған. Иран ғалымдары мен түркмен ғалымдарының аудармалары бойынша бұл шығармалардағы 1514 жылғы Иран-Өзбек соғысына өзбек жағында қатысқан Қасым ханның ұлы Әбілқайыр сұлтан және бастаған қазақтарды қазақ әскерінің екі қанатын басқарған Байрам аталық пен Алуб аталықтардың қаза болғаны айтылады. Бұл екі аталықтың да есімдері руларының атымен аталғаны Ирандық ғалымдар мен ираншы қазақтандық тарихшылардың деректерінен мәлім болды.
Қазіргі табылған түркімен дерегі бойынша Алуб аталықтың аты Сары Әділ екен. Ал, Байрам (Мейрам) аталықтың толық аты әлі табылған жоқ, дегенмен де деректердің бәрі осы Мейрам аталық Хақназар ханның аталығы Арыстанның әкесі Сайдалы болуы мүмкін деген жобаға меңзейді, өйткені ол Хақназардың әкесі Қасымханның аталығы, әрі Мейрам Алтай аталықтар әулетінің (Сайдалы, Арыстан, Барқы, Нияз) басы еді. Ал, қазақ хандығын құрған Жәнібек пен Керейдің негізгі тірегі осы Арғын тайпасы, оның ішінде Мейрам сопы бөлігі болатын. Бұған мысал, Абылай ханның екі сөзінің бірінде:
«Осы «Бес мейрамның баласы» деген ел – пайғамбар мен шадияр тумады демесеңдер, адамның бұлбұлы мен дүлдүлі түгел туған ел. Батыры көп, жаудан қорықпайды, шетінен шешен туады да, даудан қорықпайды. Ә - десең, мә - деп едірейіп тұрған Қуандығы бар, атасынан үзілмеген жуандығы бар. Жылым құртша жегенін білдіртпей жұтып қоятын Сүйіндігі бар. Қара құрттай құжынаған Қаракесегі тағы бар» -- деп айқанын да Мәшһүр Жүсіп әулие бабамыз жазып кетіпті. Содан Арғынның Бесмейрамын ел «Абылай аспас Сарыбел» деп атап кеткен екен.
Осы жөнінде және Маңқыстаудағы Шетпе станциясынан 7-8 шақырым жердегі Айрақты тауының етегіндегі жонда жатқан Әләу-Мейрам әулие деп аталатын қорымда бірге жерленген бұл екі әулие туралы, кезінде марқұм С.Қондыбай «Арғықазақтар мифологиясы» шығармасында есенқазақтардың ішінде (бұл да XV-XVI ғасырлар) бір елдің басшысы Мейрамхан деген біреу бар деп, оның әркіммен соғысқанын жазып еді. Ол кісі кезінде бұл Мейрам әулие қазақ елі үшін абыздық функция атқарған Арғын тайпасының ішінде жетекші роль атқаратын Мейрам сопы, ал Әләу әулие Кіші жүздің Әлім атасы деп есептеді, бірақ екі рудың аталарының бірге жатқанына таңырқап еді. Енді мынадай парсы мұрағат деректерімен ол жобалардың анықталуы ауызша тарих пен жазба деректердің дәл келгендігінің куәсі болды.
Әрине, Мейрам сопының мыңдаған жылдар бұрынғы өте көне атау екенін білеміз, өйткені Жиделібайсыннан қазіргі Якутия жеріне осыдан 1500-2000 жылдар бұрын кеткен Саха (кәдімгі әйгілі Сақа) халқы Арғынның Мейрам сопысынан тарайтынын мен 2015 жылы «Алаш айнасы» газетінде жариялаған едім. Ал, бұл Мейрам аталық осыдан 506 жыл бұрын қайтыс болғаны белгілі, сондықтан ол қорымда жатқан Мейрам сопы емес, осы Мейрамхан аталық болуы керек, өйткені Әзірет Сұлтанға дейін елдің ардақтылары жерленетін пантеоны (әулиелер мекені) Маңғыстау болғаны белгілі.
Ал, Кіші Жүз Әлімнің де одан әлдеқайда ертеректегі атау екені анық және Қасымхан уақытында Ноғай Ордасына қараған ел еді, сондықтан бұл қорымдағы екінші қабыр сол Иран мен өзбек соғысында Мейрам аталық әскердің оң қанатын басқарса, сол қанатты басқарған және сол соғыста өлген Алуб аталықтыкі болуы тиіс. Ал, ол Алшын елінің ұраны болған Алау батырдың ұрпағы болуы әбден мүмкін. Бұл енді әрине, бөлек әңгіме.
Бұл жерде, екі аталықтың бір қабырде жерленуі қазақ хандығының бірлігін, арғын мен алшын тайпаларының бір мақсатқа жұмылғанын, екі арыстың қазақ елі үшін бірге өлген достығын насихаттау үшін, әрі Ноғай Ордасындағы алшындардың қалғанының ойлануы үшін де жасалғанын көрсетіп тұр. Адайдың атақты күйшісі Есірдің «Әләу-Мейрам» атты күйі де жәйдан жәй бұлай аталмаған шығар.
Қазақ хандығына Шыңғысхан империясының әртүрлі Ордаларға тарап кеткен руларын тарту үшін Қасым хан моңғол империясының емес, бұрынғы Алаш елінің басқару саясатын ұстанатын көрсететін «Қасқа жолды» қабылдады, тақты мұрагерлікпен қалдырудан бас тартты, хан сайлаудағы ру басылардың құқын күшейтті. Қасым хан таққа отырған жылдарда оларға Адай тайпасының бір бөлігі Адлу оғлы Келімберді руының қосылғаны тарихта бар екенін, оның "Тауарих-и Гузида-ии Нусратнаме", "Шейбани-наме" жазбаларында анық-қанық хатталғанын", көрнекті жазушы Ә.Сараев ағамыз жазған болатын. Сондықтан, Қасым хан хандық құрамына алшын руының кіргенін көрсету үшін Сары Әділ батырды аталық сайлап, оған Алау аталық деген ат берді. Бұл үлкен саясат еді.
Ол кезде Қазан, Астрахан хандықтарын орыс алса да, Ноғай ордасының әлі 20-30 жыл өмір сүрер уақыты бар еді. Сол себепті, Сары Әділ батыр аталық болып ханның қасында елеулі орынға ие болып, әрі бүкіл Ноғайлыға елің мұнда деп алшындардың Алау ұранын шақырып тұрса, Ноғайлының құрамындағы Алшын жұртының көңіліне қобалжу енгізіп, құлақтарын елеңдетері сөзсіз еді. Бұл жағдайдың тарихта солай роль атқарғаны да рас, 1560 жылдарға қарай, әр жағынан орыс қысып, бер жағынан қазақ ығыстырып, ноғайлы елін Хақназардың біржола қосып алғанына дейін де қаншама рулар келіп, қазақ хандығына кіріп жатты. Ал, Мейрам аталықтың аты да осылай хандықтың ұйтқысы болған бүкіл арғынның басты руының осында екенін көрсетіп тұру мақсатында қойылды.
Сол сияқты, кейінгі кездерде, іштерінде сол ұлы тұлғалар жатыр, немесе жатқан жоқ деп елдің әртүрлі сөз қылып жүргенімен, Алаша хан мен Жошы хан мазарларын салулары да осы ел басын біріктіру саясатымен жасалды. Археологтардың қазба жұмыстарын жүргізгенде Алаша хан мазарында табылған мүрденің 12 жастардағы мүгедек баланыкі, ал Жошы хан мазарынан табылған мүрденің 72 жастардағы адамның сүйегі екен деп те жазылып жүр. Он екі жасар баланың Алашты билеген хан еместігі анық-ты, оның үстіне Алаш атымен елдің алғаш бірігуі б.з.б. 4-6 мың жылдар бұрыңғы энеолит заманында болды. Ал Жошының қайтыс болғанда жасы 44--46-да екені де тарихшыларға мәлім жайт еді. Оның үстіне, Шыңғыс тұқымынан шыққан ұлы хандарды жасырын жерлегендері де белгілі. Бірақ, бұл жөнінде нақты пікір айту негізі маман ғалымдар үлесі екенін айтуымыз қажет. Дегенмен де, бәрібір осы мазарлардың салынуының қазақ елі үшін үлкен мәні болды. Оның салынған кезі Қазақ хандығын Қасым хан билеген тұс еді.
Мұндағы мақсат: Алаша хан туын көтеріп, бұрынғы Арғу, кейінгі ғұн елін жинау, Жошы хан туын көтеріп, Шыңғысхан империясында болған моңғол тектес руларды тарту, хан сайланып қойылады деп, Шыңғысхан тұқымдарын тақтан үмітті қылып өзіне тарту, қарсы жаққа жібермеу еді.
Әбілғазы Бахадүрдің жазғанындай, Қасым ханның таққа отырғаннан кейін бір жылдың ішінде бір миллион адам жинап алып, әскерін төрт жүз мыңға жеткізгені де осындай терең саясаттан болды.
С.Қондыбай Арғықазақ мифологиясында маңғыстау жеріндегі Орта Жүздік, әсіресе арғындық жер-су аттары мен көне миф, аңыз, жырларға, онда кездесетін тарихи есімдерге айрықша мән бере келіп, 13-14 ғасырларда Айрақты елінде арғындардың жайлағанын, солардан және олардың ата-бабаларына қатысты деректер, көне қорымдар қалғанын жазады. Алтын Орда заманында тәуелсіз де еркін Есенқазақтар жайлаған Әли елі болғанын, оның басшысы Ормамбетұлы Әли би деп айтатынын, ол ел Алаш балалары атанғанын және арғындардың 15-ғасырдың ортасында құрған Қазақ хандығының бастауы осында екенін осы деректерден көреміз. Осы өңірде Әли мен Мейрам (Майрам) аттары көп кездеседі. Әләу-Мейрам, Байрам Али болып қайталанады және бұл көрші, әрі осы өңірде ертеде жайлаған түркімен елінде де кездеседі.
С.Қондыбай: «Али мен Байрамның (Әлі мен Мейрамның) екі жерде қатарласа айтылуы, біздіңше, кездейсоқ емес. Осылар 14-ғасырдағы есен қазақтық Әлі мен Мейрамхан есіміне байланысты болған., яғни 14-ғасырдың аяғындағы Есенқазақ ойранынан кейін Түрікпенстанға, одан оңтүстік Кавказға кеткен әлі мен мейрамның тұқымдарынан қалған топонимдер атауы болса ше? Алдындағы әңгіме топшыларға қарағанда бұл да қиял емес, қисынды тұспал сияқты» - деп жазады.
Осының бәрі Арғындардың 13-14 ғасырларда Маңғыстауда, орталығы Айрақты, жайлағанын ғана көрсетпейді, бұл деректер сонау Скуз заманында Қырымға, одан әрі Кавказды басып, перғауындар еліне дейін шапқан замандардан хабар береді, әрі сол замандардағы жорық жолдарын, жайлаған іздерін көрсетеді.
Маңғыстау өлкесі, әсіресе Айрақтыға таяу маңдарда кездесетін жер аттарының Қарағанды облысында Бесмейрам жайлайтын өңірлерде қайталап кездесетіні таңғаларлық. Мысалы, Сарысу, Ақтау, Сарытау, Өгізтау, Ақмая, Ақмұстафа, қарауыл, Ақташы, бошан-Машай, Мейрамхан, Ақша, Ақшахан, Қарахан сияқты жер аттары Арқада да, Маңғыстаудағы Арғындар жайлады дейтін Әли елі жерінде де кездеседі.
С.Қондыбайдың Маңғыстаудың көне аңыздарын Кавказдағы алан елдері аңыздарымен салыстыра талдауы керемет көріпкелдікті көрсетеді. Сонау Скуздар заманында Арқадан Маңғыстау даласы арқылы Қырымға дейін жыл маусымдарына қарай көше жайлап өмір сүрген Арғынның Құтан (G1), Бұтан (G2) бірге жайлап, одан соң бөлініп Кавказдық қандас (G2) аландарға апарған аңыздарынан дерек шығып тұр. Мәшһүр Жүсіп бабамыз Арғыннан Бұтан-Құтан. Бұтаннан тұқым жоқ, қалған арғын Құтаннан тарайды деп жазды. Бұл туралы басқа тарауда толық жазылған. Оған кейін келеміз.
ІІ. Антикалық деректер құпиялары.
2.1. Үшкөз (таңба). Сколот -- Үшқол (қалқандағы сурет, үш тармақ, трезубец). Ишпакай – Үш бақай. Скуз – Үскөс – Үшкөз.
Осы ұлы атау көп ғасырлар бойы скиф деп оқылып, жақында ғана дұрыс оқылуы дәлелденді. Оның дұрыс түрі skuδa (ассир. ašguzai, asguzai, вавил. išguzai, страна Išguza, др.-евр. Ašguz) болатын.
Бұл жерде – ғалым З.Гасановтың [6] Европа ғалымдары кіргізген Скиф атауының Иран тілінде -- Ишкуз, Ассирияша – Ашкуза, көне еврейде – Ашкуз болғанын, ал, дұрыс айтылуы және оқылуы – Скуз екенін дәлелдеген «Царские скифы» атты тамаша еңбегінің орнын ерекше атап өтуіміз қажет. Сонымен, осы зерттеулердің нәтижесі бойынша, көне грек тіліндегі сөздерді қателесіп қазіргі ережелермен оқығандарынан шыққан Скиф атының дұрысы Скуз болды. Қаншама ғасырлар бойы басқа аталып келген ұлы халықтың шын есіміне соншама жақын аты табылды. Бұл жаңалық осы аттың мағынасын ашуды мүлдем оңайлатты.
Сонымен қатар, Маңғыстаудағы Кенті баба мазарындың ішіндегі құлпы тастарда Үшкөз таңбалар бар. Олардың үстіңгі дөңгелектерінің ішінде крест бейнеленген. Бұл, әрине, Күн және Мәңгілік белгісі, Тәңірлік таңба. Осы Кенті атын кей ғалымдар Кентті деп те санайды. Бірақ, ол маңда ешқандай қала, кенттердің ізі жоқ. Сондықтан және Үшкөз таңбаларға қарап, негізі, Үшкөздердің белгілі көсемі -- Кенді баба деп ойлауға болады. Өйткені, Үшкөз (Скуз, Скиф) тайпасының жер дүниені шапқандағы басты артықшылығы жылқының иесі және металл кендерін игерген өнері болатын.
Бұл жерде, біз, ең мағыналысы және ең дұрысы – Үскөс, яғни Үшкөз екенін айта кетуіміз керек. Мысалы, Мервтегі Арғын ханның таңбасы -- Үшкөз, сол сияқты, Самарқанд қаласының патша заманындағы гербі де -- үш көз екені белгілі. Өйткені, бұл – сақ патшасы Афрасиабтың таңбасы еді, өйткені, Үшкөздердің астанасы болған Самарқандтың аты -- Афрасиаб болатын
Негізі, скиф деген атаудағы жалғыз «ф»-ның өзінің түрік халықтарында жоқ дыбыс екендігі оның орынсыз «жабысып» тұрғанын білдіреді. Мысалы, бұл жерде осы кітапқа қатысты ең маңызды ат «Сақаның» «сак» (көпше түрде саки), ал, парсының «Ишкуз» дегенін гректер Скуз деп, одан оның орысша скиф болып қабылданып кеткені керемет қателік екенін еске түсіруімізге тура келеді.
Ал, осындағы ептеп жобаға келетін Ишкуз аты Үшкөз, Үш гуз, Іш гуз деуге де келіп, біздің табиғатымызға жат емес ұғым береді. Тек, неге онда гректер «ш» дыбысының орнына «с» дыбысын қолданып тұр деген тұрғыдан қарасақ, онда да еш қателік жоқ екенін көреміз. «Үс» те, «үш» те, «іч», «үч» болсын, түрік елдерінде бәрі бірдей үш санын білдіреді.
Кенті баба мазары. Реставрациядан соң. Сурет Kazakh TV телеканалының «Открывая Қазақстан» атты телепрограммасынан алынды. №11 (29.07.2017)
Бұл «үш» және «көз» сөздерін Э.Пекарскийдің сақа тілі сөздігінен іздейміз:
Үс (ср. тюрк. үч, үш, үс, өч, үц, іч, іц три) [3, стр.3184] – три. Үстэр—трое (= үсүө); үсэ ему (ей)—три года минуло отроду; уон үсүгэр тijaн – баран, достигши тринадцати летъ; Сылгы үсэ – калымъ въ размере 3 лошадей, 3 быковъ и трехъ коровъ; үс саха тыла оннук, үс дойду барыта білэр – все знают, все такъ думаютъ; (букв.: слова трехъ якутовъ таковы, все три страны знаютъ). Бұл – «үш кісі білген сөзді үш ел білер» деген сөз. Қазақ: «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» - дейді. Үс күөлэ – названіе озера и урочища при немъ. Көс деп сақалар көшті де айтады. Сонымен бірге, көзді қарақ дейтін сақалар, көс деп те айтады екен.
Көс (ср. тюрк. көс, көз глазъ, взлядь) [1, с. 1169] – көз екенін айта келіп, қазақта жиі кездесетін сөз тіркестерін келтіреді: харах-көс гын – обращать вниманіе, бросать мимоходомъ взглядъ; бұл қазақта көз қиығын сал деген сөз; бас-көс – глава; бұл бас-көз бол деп тапсырып, осыларға ие бол, басқар, қамқорлығыңа ал деген сөз. Баса-көсө суох буол -- безпорядочно поступать, безпорядки творить; Қазақ бейберекет іс жасағандарды бас-көз болатын ешкім болмаған ғой дейтін. Баса-көсө бар – бас-көз (болатын кісі) бар. Осылардан, «көс» сөзінің алдына ылғи сөз тіркестіріп қолдану әдісі бар екенін көреміз. Мысалы: Бас-көз, сақада - бас-көс, тіл-көз, жалғызкөз (жалғызкөзді дәу), көзбе-көз, сырт көз, ақкөз, көккөз, қаракөз, айранкөз, ала көз, елдің аты - екікөз (эквиус), төрткөз, сақада - туөрт-көс, төрт көзі түгел, төрткөз төбет. Ал, алдына үсті қосса, Үскөс (үшкөз) болып шығады. Бұдан шығатын қорытынды: skuδa, Скуз (Ишкуз, Ашкуза) – Үшкөз (Үс+көс).
Аргостың соңғы патшасының аты Триоп. Оның сайлануы да қызық. Кімді патша қылып сайлауды білмей тұрғанда, біреу үшкөзді адам сайлаймыз депті. Сол кезде бір атты скиф дал болып тұрған үстеріне келіпті. Ел қарап тұрса, оның атының бір көзіне садақ оғы тигеннен соқыр екен. Содан өзінде екеу, атында біреу, үшкөз осы деп оны патша сайлапты. Оның өзі де көне аргияндардың патшаларының тұқымынан екен. Бұл дерек Аргияндардың ішінде Үшкөздердің патша әулеті екенін көрсетеді. Грек ойшылдарының жоғарыдағыдай жазғандарынан осындай тұжырым жасауға болатын сияқты.
Τρίоπίоν, τо, [4, с.1256] – мысъ въ Каріи (въ малой Азій), съ храмомъ Аполлона, ныне Кріо. Τρίоπίоς, -- 3. Тріопійскій, прозвище Аполлона.
Τρίоπίхоν ίερоν [4, с.1256] -- храмъ Аполлона Тріопійскаго. Бұл жердегі керемет – Аполлонды Үшкөздік деп атауы. Бұл Үшкөз мүйісінде Аполлонға қойылған ескерткіш. Күн құдайы Аполлонның скиф құдайы Гойтосир екенін ғалым З. Гасанов [6, стр. 319] тамаша дәлелдейді. Гректер Аполлон Скифияның қиыр солтүстігіндегі қиял-ғажайып Гиперборей елінен шықты деп есептейді. Ақыры, Аполлонның Үшкөздік (Триоптық) екенін, яғни скифтік екенін, сонымен қатар, үшкөздің де скифпен бір сөз екендігін көреміз. Енді гректердің Аполлонға сиынғанда оны дауыстап қалай атайтынын, яғни Аполлонның эпитетін көрейік [4, с.624]:
ἰη, η, -- іон. вм. іα. Йон деп оқылып тұр. Бірақ, «н» дыбысы жоқ.
ἰη, -- восклицаніе, съ которымъ обращались къ Аполлону. Йон. Ие.
ἰηἰоς 2. (ἰη) – и; эпитет Аполлона, къ которому обращались съ восклицаніемъ: милостивый, защитникъ, спаситель; 2) печальный, горестный, мучительный. Аполлонға «Ием» - деп айтып тұр.
Грек аңыздарындағы Аргос туралы деректерді алсақ, оның бәрі көзге (көздерге) байланысты болып келеді. Мысалы, Аргос жүз көзді, кей деректерде Аргос – төрткөзді. Бар көзі ұйықтағанда, оның екі көзі ұйықтамайды.
Енді, антика авторлары жазып қалдырған аңыздардағы жалғыз көзді үш циклопты еске түсірейік. Олар Арголида еліндегі үш қаланы – Аргос, Микен, Тиринфті салған. Маңдайларында үлкен жалғыз көздері бар. Бұл жалғыз көздер олардың әрқайсысының жалғыз дөңгелек таңбасы барын көрсетеді. Үшеуі бірге – үш көз. Аргостың бір патшасы Триоп – үшкөз (трехглазый). Маңғыстауда Үшкөзмейрам әулие қорымы бар. Негізі, Үшкөзмейрам, Шілгөзмейрам деген екі қорым. Арғынның Мейрамның үш руы. Осы Шілгөзмейрам Бекендердің (Бегендік) қорымы болуы ғажап емес. Шілдің көзі – дөңгелек, ортасында қарашығы, яғни дөңгелектің ортасында нүкте. Бұл арғындардың ішіндегі патша руы. Тәрізі, Бекендер бөлінген соң Арғында екі көз қалған.
Вейсманның грек сөздігінде Гераклға қатысты қызық дерек бар:
Ἡρακλεής, сокр. -κλῆς [4, с. 591]-- ... 12) приведеніе изъ Ада трехглавого пса Цербера.? Үш басты, Үш көз, Үш бақай (Ишпакай), Үшқол (Сколот) – бәрі үш тармақты, үш саланы, яғни елдің үш бөліктен тұрғанын көрсетеді.
***
(Жалғасы бар. Бұл – кітаптың тараулары. Мақаланың да, кітаптың да 01.01.2015 жылы шығарылғаны ғылыми шығарманың «Авторлық құқықпен қорғалатын обьектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы» №12377 авторлық куәлігімен қорғалған. Автордың рұқсатынсыз көшіріп басуға, пайдалануға болмайды).
Қолданылған дерек көздері:
- Пекарский Э.К. Словарь якутского языка. АН СССР. 1958 г. т.1. 1 – 1279 стр.
- Пекарский Э.К. Словарь якутского языка. АН СССР. 1958 г. т.2. 1280 – 2508.
- Пекарский Э.К. Словарь якутского языка. АН СССР. 1958 г. т.3. 2509 – 3858+стр. I – VIII.
- Греческо-русский словарь, составленный А.Д.Вейсманомъ, бывшимъ ординарнымъ профессоромъ императорскаго С.-Петербургскаго историко-филологическаго института. Изд. 5-е. Словарь, удостоенъ большой Петровской премій. С.-Петербург. Изданіе автора. 1899.
5. Қашқари М. Түрік тілі сөздігі. (Диуани лұғат ат-түрік). Алматы. «Хант» баспасы. 1977. 1, 2, 3 томдар.
6. Гасанов З. Царские скифы. Этноязыковая идентификация «царских скифов» и древних огузов. Liberty Publishing House. New York. 2002.
-
Омари Жамбыл. Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз. Астана: «Алтын кітап». 2011.
-
Мисрбекова М. М. Тамга Амира Темура // Молодой ученый. — 2016. — №6. — С. 645-647.
-
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1-13 том. Павлодар, «ЭКО» ҒӨФ, 2005.
-
С.Қондыбай. IV том. Арғықазақ мифологиясы. Алматы. «Дайк-Пресс», 2004.
-
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 5 том. Павлодар, «ЭКО» ҒӨФ, 2005.
-
Инсебаев Т.А., Қажибеков Е.З. Тюркская ономастика. Изд. «Наука» Казахской ССР. Алма-Ата. 1984 г.
-
С.Қондыбай. IV том. Арғықазақ мифологиясы. Алматы. «Дайк-Пресс», 2004.
-
Жаркешов С. И. Алтын сақа. //Алаш айнасы. 19.05.2014.
-
Қазақ хандығының мемлекет басқару институттары. Ғылыми мақалалар жинағы. Артықбаев Ж.О., Жаркешов Е.С. редакторлық етуімен. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы. Астана. «Центр Элит». 2015.
-
Артықбаев Ж.О., Жаркешов Е.С. Қазақ мемлекеттілігі: тарихы, саяси және әкімшілік құрылымы, басқару институттары. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы. Астана: «Центр Элит».
-
Жаркешов С.И. Сарыарқа -- неолит төңкерісінің отаны. ҚР Ұлттық музейі. Мәдени мұра//Культурное наследие журналы. №4(55). 07-08. 2015.
-
Жаркешов С.И. Э. Пекарскийдің «Якут тілі сөздігі – қазақ тарихы мен этнографиясының көне қоймасы». Алаш айнасы. 15.06.2015., 17.06.2015.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір