• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 08:00:31
Алматы
+12°

"Qazaqstan" ұлттық телеарнасынан ақын, Асыл Арна телеарнасының негізін қалаушы әрі директоры Мұхамеджан Тазабектің "Тәлім Trend" бағдарламасының көрсетілуіне байланысты қызу талқы басылар емес. Қамшы порталы жүргізген сауалнама қатысушыларының 88,4 пайызы бағдарлама ұлттық арна эфирінен шыққанына қарсылық білдірген. Қолдағандардың үлес салмағы 11,6 пайыз. Ендігі кезекте Қамшы порталы мәселеге байланысты дінтанушылардың не ойлайтынын сұрап көрді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Қамшы тілшісіне Нұр-Сұлтан қаласында құран жарыс өтіп жатқандықтан, мәселе туралы пікір білдіре алмайтындарын, бірақ алдағы уақытта діни басқарма аталған жайтқа қатысты арнайы мәлімдеме жасайтынын, мәлімдеме жобасы жасалып жатқанын жеткізді.

Теолог Кеңшілік Тышқанұлы "халықтың осынша қарсылығына қарамастан, Тазабекті эфирге жіберіп отырғанын түсіне алмағанын" айтты.

– Бүгінгідей пандемия жағдайында, әлеуметтік жағдай шатқаяқтап тұрған кезде мұндай қайшылық тудыратын дүниелерді қоя тұру керек пе еді. Бұған дейін де Тазабектің құқыққорғаушылар алдында өткізген уағызы қоғамда қатты сынға ұшырағаны белгілі. Осы жолы да халық, үлкен бір аудитория бұл бағдарламаны қолдап отыр деп айта алмаймын.

 

Ал жамағат тұрғысынан қарар болсақ, Тазабектің бағытында күмән туғызатын тұстар бар. Мәселен, Тазабек дін тұрғысындағы позициясын неге ашық айтпайтыны әлі күнге дейін түсініксіз. Демек айта алмайды, айтуға болмайды. Асыл арна мәселесі, шетелден қаржы алу мәселесі бар дегендей. Міне, осындай қажеттеліктерден ол көзқарасын ашық айта алмауы мүмкін. Егер Мұхамеджан Тазабек Қазақстанда тарихи басымдығы мойындалған Ханафи мазхабының Матруди ақидасын ұстанамын десе, ешқандай әңгіме болмас еді. Ал ол айтпайды. Айналдырып, айналдырып, өзін парасатты адам етіп көрсетіп, жауабы сиырқұйымшақтанып кетеді. Осыдан күмән, күдік туады. Халықтың осынша қарсылығына қарамастан, оны эфирге жіберіп отырғанын түсіне алмадым.

 

Эфирге шыққанына қарағанда дін істері басқармасы, дін істері комитеті бағдарламаға қатысты оң қорытынды шығарған болуы керек. Бәлкім, бұл жерде түрлі бағыт өкілдері арасында баланс ұстау саясаты жатқан шығар, ол жағы маған белгісіз. Бірақ зайырлы елде қандайда бір бағытқа басымдық беруге болмайды. Мемлекетіміз жеке адамдардың амбициясына, наразылық тудыратын жағдайларға, адамның діни бағытына, қандайда бір жамағатқа тиесілі делінген тұлғаларға бейтарап саясат ұстанғанын қалаймын. Ал бұл жерде саясат, үлкен ықпал жатыр. Мұхамеджан мырзаның саяси ортасын, мүмкіндіктерін, Елбасына жақын адамдармен жақын қарым-қатынаста екенін білем. Белгілі бір ағым қандайда бір ықпалға, күшке ие болмайынша, өзінің шынайы бейнесін ашық көрсетпейді. Ал шынайы күшке қол жеткізген соң өзі ұстанатын ағымның сойылын соғып, өзге бағыттарды қыспаққа алуы мүмкін. Мұнымен ойнауға болмайды, – дейді теолог.

Дінтанушы, Нұр-Мүбәрак мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы Мұхамеджан Тазабектің ұлттық арнадан халыққа ақыл айтатындай қақысы жоқ деп санайды:

"Мұхамеджан Тазабектің дінге қатысты кейбір пікірлеріне, қоғамда көп талқыланған актуалды проблемаларға қатысты бір-екі рет пікір білдіргенмін, өз ойымды айтқанмын. Алайда кейбір адамдар мәселені жеке бастың араздығына қарай тартып кеткен кездер болды. Сондықтан осы жолы пікір білдірмей-ақ қояйын деп шешкенмін. Алайда "дін өкілдерінің ешқайсысы үндемеді, ал мәселе қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр, бұл – тікелей діни мәселе ғой" деп әртүрлі журналистер хабарласқаннан кейін мен ойымды айтуға келісім беріп отырмын.

Мұхамеджан Тазабектің Ұлттық арнада тәлім беретін бағдарлама жүргізуіне моральдық құқы жоқ деп санаймын. Олай деуімнің алғашқы себебі – осы уақытқа дейін оның ұстанған діни көзқарасына, айналасындағы адамдарға, "Асыл арнаға" байланысты халықтың көңілінде үлкен күмән болуы. Бірнеше мысал келтірейін. Сауд Арабиялық Исам ибн Салих деген кісінің Асыл арнаға арнайы келген сапары жайлы МБС каналында жарияланған ақпаратта Мұхамеджан Тазабек "Асыл арнаны" таныстырған жағдай бар. Сол жерде сәләфилік бағыттағы уағыздармен аты шыққан Дарын Мүбаров сияқты тұлғалар онымен бірге отырды. Ол туралы видео бар. Мұхамеджан Тазабек сол видеода "Нұрлы жол" деген фильм түсірдік, кейбір жерлеріне музыканы амалсыз қостық" деп ақталады.

Бұл дегеніңіз, оның музыкаға деген көзқарасының теріс екенін көрсетеді. Оған менің жеке басымнан өткен бір оқиға да дәлел бола алады. Мен 2010 жылы Діни басқармада аппарат жетекшісі болып қызмет атқарып жүргенде "Асыл арна" идеологиясын қарағанбыз. Сол кезде "халық жаппай уағыздан шаршайды, қазақ уағызды бұрын термемен де айтқан, домбыра мен термелерді эфирге кіргізейік" дегенде ол басын ала қашты. Құрылтайшылар қарсы деп келіспей қойды. Сонымен бірге "Матруди ақидасын дәріптеп, кіргізейік" дегенімізде де қарсы болып, ат тонын ала қашты. "Құрылтайшыларым қарсы" деп еліміздегі кейбір адамдардың атын атады. Сондай-ақ маған келіп сәләфиліктің ұстазы саналатын Дарын Мүбаровты насихаттап, "оны діни басқармаға кіргізейік, мықты азамат" деп қайта-қайта мақтағаны есімде.

Сәләфилікпен аты шыққан Ринат Зейнуллин деген бар. Кабинетіме әкеліп, таныстырып, жетер жетіне жеткізе отырып оны да мақтады. Естеріңізде болса, осыдан біраз жыл бұрын "Хабар" арнасында "Азамат" деген бағдарлама болған. Дебат форматында өтетін. Соған қатысқан азаматтармен олар арнайы жұмыс істеді. Діни басқармада қызмет істеп жүрген кезімде сол бағдарламаға белсенді қатысып жүрген бірнеше азамат маған арнайы келіп, Мұхамеджан Тазабектің Дарын Мүбаровты сәләфи ақидасын уағыздату үшін олармен тұрақты арнайы кездесу ұйымдастырғанын айтты. Мұхамеджан мұны жоққа шығарса, сол азаматтармен жүздестіре аламын.

 

Мұхамеджан Тазабек кейінгі жылдары діни көзқарасындағы кей тұстарды жібіткен шығар, бірақ "кезінде осындай жағдай болды, менің сәләфилікпен байланысымның болғаны рас еді. Осының бәрінен қазір мен бас тарттым" деп бірде-бір рет айтқан емес. Демек ол өз қателігін мойындамағанын халық көріп отыр. Сондықтан мұндай адамның Ұлттық арнада бұқараға ақыл айтқанын қаламайды. Әлбетте, Ұлттық арна оған сәләфизмді насихаттатып қоймас, бірақ сәләфизмнен шыққан бір адамның ақыл айтқанын халық моральдық тұрғыда көтере алмай отыр. Мен солай деп ұғамын. Егер Мұхамеджан Тазабек ел алдына шығып, "менің күмәнді діни көзқарастарым болды, сәләфи бағыттағы адамдардан дәріс алдым, сәләфизмнің ақидасын ұстандым, бірақ қазір одан бас тарттым, қателесіппін" десе онда басқаша болар еді. Бірақ ондай мазмұндағы мәлімдемені еш жерден көрген жоқпыз. Сондықтан осындай жағдайда Ұлттық арнада оның халыққа ақыл айтатындай қақысы жоқ деп ойлаймын. Халық оның өз қателігін мойындамағанын біледі, саясатқа дінді араластырғанын, полицияны халыққа қарсы қайрағанын біледі, көріп отыр. Демек осындай мәселелер бар кезде, халық оның ақыл айтқанын қабылдай алмайды. Ол халықтың ризашылығын алам десе, өткен жолына қарап, "неге маған халық наразы?" деп ойланғаны жөн.

 

Өзі бір сөзінде Ұлттық арна кәріс, үнді, түрік сериалдарына орын бергенін, енді неге ақынына орын берсе қызғанамыз деген уәж айтты. Сөйтіп мәселені өзінің жеке тұлғасымен, ақындығымен байланыстырады. Мәселе оның ақындығында немесе оны қызғанғанда емес, оның күмәнді адамдармен байланыс жасаған, күмәнді әрекеттері болғанында. Мұндай ақидасы бар адамның Ұлттық арна эфирінде болуы күмәнді ағымды легализациялаумен бірдей. Бұқара мұндайдан кейін "олардың ұстанымы қате болса, "Қазақстан" арнасына ешкім шығармас еді ғой" деген ойға келуі мүмкін. Сөйтіп жастар шатысып, сәләфилік бағытқа түсіп кету қаупі артады".

Дінтанушы, ғалым, Досай Кенжетай "Тәлім Trend" бағдарламасын көрмегенін, Мұхамеджан Тазабек ақылды, дарынды, қазақтың жанашыр жігіттерінің бірі екенін айта келе, Тазабектің сәләфи ақидасын ұстанатыны жасырын нәрсе емес екенін жеткізді. Оның сөзінше, Тазабек сәләфи бағытының өкілі екенін 1998 жылы-ақ мойындаған.

Дінтанушы сәләфи бағытының артында саясат жатқанын, оны әкелгендердің үлкен байлығы, саяси күші барын атап өтті.

Ғалым "Тәлім Trend" бағдарламасы алғашқы бөлімінің тек тақырыбын ғана көзі шалып қалғанын жеткізіп, мұның өзі билік Тазабекті саяси құралға айналдырып отырғанын айғақтайтынын айтты.

– Бағдарламаның алғашқы шығарылымына "Полицей мәртебесі" деген тақырып таңдалып алыныпты. Бізге мұндай тақырыптың керегі не? Біз құқықтық мемлекетпіз ғой. Полицей мәртебесі онсыз да заңмен белгіленіп қойылған. Оған басқа мәртебе қажет емес. Зейнеткер, ұстаз, дәрігер мәртебесі туралы сөз қозғалса, әңгіме бөлек. Бұл демократиялық, құқықтық, зайырлық қоғамда, ұлттық арна эфирінде көтерілетін мәселе емес еді. Билік Тазабекті құрал ретінде пайдаланып отыр. Ал Мұхамеджан Тазабек "саясатты қорғаймын" деп биліктің құралы болып отырғанын өзі де түсінбейді. Бүгінде халық онсыз да жік-жікке бөлінген. Енді отқа май құйғандай осындай тақырыппен хабар жасау – үлкен қателік болды. Бұл – саяси сауатсыздық. Бұл жерде биліктің де, билікке құрал болуға келіскен Тазабектің де кінәсі бар, – дейді ғалым.
Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір