12 Қазан, 2020 Барлық аймақтар
Фото: Қайырымдылық шарасы кезінде
Қоғамда жаңылысып жаза басқан жандардың саны аз емес. Сондай адамдардың бірі – Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғыны Гүлнұр (Өз сұрауы бойынша есімі өзгертіліп жазылды). Қазір ол бес баланың анасы. Қала шетінде уақытша баспана жалдап тұрады. Бірнеше жерде қара жұмыс істегенімен тапқан-таянғаны бала-шағасын асырауға жете бермейді. Гүлнұр аудандық пробация бөлімінде есепте тұрғандықтан, оған қылмыстық-атқару жүйесі тарапынан жиі көңіл бөлінеді.
Осы аптада Наурызбай аудандық пробация бөлімінің аға инспекторы Замир Бейсенбетов, инспектор Нәзира Абсерова, «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры директорының міндетін атқарушы Бейбіт Нәлібаев Гүлнұрдың жанұясына ат басын бұрып, оларға азық-түлік қоржынын табыс етті. Қонақтардың қайырымдылық тартуын қабыл алған шаңырақ иесі өз ризашылық білдіріп, «Орамал тон болмаса да, жол болады» деген. Осындай көмектер біздің тұрмысымызды әлдеқайда жеңілдетеді. Біздің бір айлық шығынымыздың орнын толтырып отырсыздар. Рахмет сідерге» деп алғысын білдірді. Ал аға инспектор З.Бейсенбетов әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың ауданда әлі де баршылық екенін жасырмады. «Бұрын сотты болған адамдардың жұмыс табуы қиын. Оларды жұмыс берушілер оңайлықпен жұмысқа қабылдай қоймайды. Сол себепті олар әртүрлі қара жұмыстарды істеп күнелтеді» дейді ол. Ал қор жетекшісі Бейбіт Нәлібаевтың сөзінше қайырымдылық көмек Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен іске асып жатыр. «Басқарма түрмеде жазасын өтеп жатқан және бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан азаматтарға арналған жобаны жүзеге асыруды биыл бізге жүктеді. Осы жоба аясында психоәлеуметтік бағдарламаларды ұйымдастыру деген пункт бар. Қайырымдылық көмек осының аясында көрсетіліп отыр» дейді жобаның басы қасында жүрген Б.Нәлібаев.
Естеріңізге сала кетейік, «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры Түркісіб аудандық пробация бөлімінің есебінде тұрған азаматтарға да қайырымдық көмектер көрсеткенін жариялағанбыз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір