06 Қазан, 2020 Алматы облысы
Фото: Ашылу салтанаты кезінде
Алматы облысының әкімі Амандық БаталовТалдықорғандағы 200 адамға арналған инфекциялық аурухананы ашты. Мекеменің құрылысына, цифрлық рентген аппараты және төсек-орын алуға барлығы 7,5 млрд.теңге жұмсалған. Аумағы 4,18 гектарды алып жатқан жұқпалы аурулар ауруханасы 55 күнде тұрғызылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындалу мақсатында республикамыздың бірнеше өңірінде модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салу қолға алынды. Біздің облыс тапсырма берілісімен жұмысты бастап кетті. Бүгін, міне, қысқа мерзімде аурухананы пайдалануға беріп отырмыз, – деген Амандық Ғаббасұлы індет белең алған кезде қайсарлық көрсеткен дәрігерлер қауымына алғыс білдірді. Медицина мамандарына алдағы уақытта барлық жағдайдың жасалатынын айтты. Аурухана жұқпалы індетті емдеуге жан-жақты дайын. Бір мезгілде 200 адамды емдеуге арналған аурухананың 20 төсегі жан сақтауға арналған. МРТ, сандық рентген аппараты, екі гемодиализ аппараты бар. Жан сақтау бөлімінің төсектері жасанды тыныс алдыру аппараттарымен жабдықталған.
Ауруханаға маман тарту үшін коттеджді қалашықтан 47 баспана беріледі. Сондай-ақ, дәрігерлерге арналған жатақхана салынуда. Онда үйленбеген және отбасылы мамандарға арналған бөлмелер болады. Жатақхана қараша айында пайдалануға берілмекші. Әлеуметтік жағдай жасаудың нәтижесінде аталмыш ауруханаға 10 дәрігер келмек. Одан басқа, реаниматолог, кардиолог, эндокринолог дәрігерлер жұмысқа шақырылады.
Аурухананы ашқан Амандық Ғаббасұлы нысанды қысқа мерзімде сапалы салып шыққан «BI Group» құрылыс компаниясына алғыс айтты. «Құрылысшыларға ризашылығымды білдіремін. Өзім де құрылысшы болғандықтан жұмыстың қандай деңгейде жасалып жатқанын қабырғасы қаланған кезде-ақ байқағанмын. Міне, ішін аралап шықтық. Бәрі түп-түзу, талапқа сай. Қауіпсіз және жылы болатынына сенім мол», – деді ол.
Аурухананы мұқият қарап шыққан облыс басшысы дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Мекеменің сырты да жасыл желеңмен көмкерілген. Аймақ басшысы аурухананың сырт келбетін сақтап, ағаштар мен көгалды уақытында суарып, күтіп-баптауды тапсырды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір