• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:41:09
Алматы
+12°

«Nur Otan»-да партияішілік сайлаудың бірінші кезеңі бойынша сайлаушылардың дауысын есептеу жұмысы аяқталды. Праймериз өткізу жөніндегі Орталық ұйымдастыру комитетінің ақпаратына сәйкес, төрт күнге созылған дауыс беруге 662 687 адам қатысты. Бұл – ақпараттық жүйеде тіркелген партия мүшелерінің 84 %-ы.

Сайлаушылардың басым бөлігі, яғни 581 104 адам онлайн дауыс берді. 81 583 партиялық дәстүрлі әдісті пайдаланып, сайлау учаскелеріне келді.
«Қағаз бюллетеньдердің барлығы партияның Орталық ұйымдастыру комитетіне жеткізіліп, расталды. Мәселен, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының шалғай аудандарынан жеткізілген қағаз бюллетеньдердің соңғы легін таңертең алдық. Енді бүкіл мәлімет «Праймериз» ақпараттық жүйесіне толық салынып, баршаға қолжетімді болды (https://nurotan.kz және https://primaries.kz сайтында)», - деді партия Хатшысы Арман Қырықбаев.

Оның айтуынша, праймеризде бақ сынауға 10 990 адам тіркелген. Олардың 36,7% – әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 30% ұсынылса, 70% – өзін-өзі ұсынғандар. Үміткерлердің орташа жасы 43 жасты құрады.

«Осы көрсеткіштердің өзі-ақ елімізде ғана емес, бүкіл Орта Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылған жаңа саяси құрал – праймеризге жұрттың ерекше қызығушылық танытқанын және оның өз деңгейінде өткенін айқын көрсетті.
Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев саяси доданы өткізер алдында «Праймериздің міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру» деп атап өткен болатын. Праймериз нәтижесі партия Лидері қойған тапсырманың орындалуына қажетті алғышарттың нақты жасалғанын көрсетіп отыр.

Бастапқыда туындаған кейбір күдік пен күмәнге қарамастан, праймериз өте қарқынды да тартысты өтті. Әсіресе, додаға қатысқандар арасында жастар мен әйелдер қатары мол. Мысалы, праймеризде бақ сынауға 10 990 адам тіркелсе, олардың 36,7% - әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар болды. Қатысушылардың орташа жасы – 43 жас.

Тұжырымдап айтсақ, біріншіден, партия праймериздің арқасында өз қатарластары арасынан елдің қолдауы мен сеніміне ие болған үздіктерді іріктеді.

Екіншіден, праймериз өткізу барысында партияның ауызбіршілігі артып, ортақ мақсат жолындағы мұраттас жандардың біртұтас күшіне айналды. Яғни, праймериз партияластарды бір-бірімен тығыз байланыстыратын, бірлігін бекемдейтін дәнекерлік қызмет атқарды.

Праймериз барысында халықтың назарына ұсынылған 216 сайлауалды бағдарламаның жобасы ой елегінен өткізіліп, оған 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Тыңнан ой қосылып, аталған жобалар халықтық сипат иеленді.
Біз елімізде өткен праймеризде оның шет елдерде қалыптасқан классикалық үлгісіне тән белгілердің барлығы да көрініс тапқанына куә болдық.

Қатысушылар арасында пікірсайыс та, тартыс та, тіпті кейде бір-бірін айыптау да ұшырасты. Бірақ бәрі де бекітілген ережеге сай, әдептен аспай өтті. Бұл жерде жеңген мен жеңілген деген жоқ. Бәрі де ұтты. Праймериз ең алдымен еліміз үшін игі іс болды.

Бүкіл праймериз өткізу кезеңі бойы Партиялық бақылау комитеті тыңғылықты жұмыс жасап, тәртіп бұзушылықтарға жедел назар аударып, тиісті шаралар қабылдады. Атап айтқанда, 30-дан астам арыз бен өтініш қаралды.

Праймериз өткізу ережесін бұзғаны үшін партияның 20 мүшесі жауапкершілікке тартылды, дауыстарды бұрмалау фактілері үшін 7 кандидат, праймериз өткізу ережесін сақтамағаны үшін 27 үміткер тіркеуден шығарылды.
Жалпы, праймериз нәтижесінде Елбасы бастамасымен былтыр қолға алынған партияны «қайта жандандыру» бағдарламасы түйінделді. Партия түбегейлі жаңғырып, қатары жаңа тұлғалармен толықты. Осылайша, «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты жүзеге асты.

«Nur Otan» партиясы – мемлекеттілігіміздің мызғымауын, еліміздің өсіп өркендеуін қамтамасыз етуге де бірден бір қауһарлы саяси күш. Мұны праймериз нәтижелері анық көрсетті. Партия елімізде жаңа саяси мәдениетке негіз қалады. Осынау айтулы шараға қатысқан барша үміткерді шын жүректен құттықтаймыз!» - деп жазды Арман Қырықбаев.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Праймериз Nur Otan

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір