• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 20:40:35
Алматы
+12°

Фото: Облыстың баспасөз қызметі

Қарасай ауданындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырылған "Нұр-Аман" дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.

Райымбек ауылында бой көтерген ғимарат Қарасай ауданында азаматтардың бастамасымен жүзеге асқан екінші жоба екенін айта кету керек.

– Биылғы жылы бүкіл әлеммен бірге біздің мемлекетіміз де аса жауапты сыннан өтті,– деді Амандық Ғаббасұлы «COVID – 19» пандемиясына байланысты туындаған мәселелерді еске салып. – Дегенмен, карантин жағдайына қарамастан облысымызда ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның айқын бір дәлелі – бүгінгі Райымбек ауылында пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Облыстың кәсіпкер азаматтары бұқаралық спортты дамытуды жүзеге асыруға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар спортқа қолдау көрсетуі – өскелең ұрпаққа қызмет еткені деп түсінеміз.

Аталған нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынды. Кешен заманауи жабдықтармен жабдықталған. Спорт кешенінде бокспен, күреспен, дзюдомен, таэквандомен, ауыр атлетика және футболмен айналысуға барлық мүмкіндіктер жасалынған.

Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың қолдауы және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында берген тапсырмаларды орындау нәтижесінде халықаралық аренада Қазақстан спортының беделі жыл санап артуда. Біздің спортшылар түрлі додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, қазақ елін әлемге танытып келеді. Алдағы уақытта бұқаралық спортты дамыту бастамасы бойынша мұндай кешендер облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында бой көтеретін болады.

Жаңа ашылған спорт кешені тұрғындарға қызмет етіп, мұнда еліміздің абыройын арттыратын республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтеді деп сенемін.

Келесі болып сөз алған «Нұр-Аман» спорттық кешенінің салынуына мұрындық болған облысымыздың Құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев кіндік қаны тамған ауылға қамқорлық жасауды перзенттік парызы санайтынын айта келіп, осы кешеннен болашақта еліміздің Көк байрағын желбірететін спортшылар шығатынына сенім білдірді. Соңында Амандық Ғаббасұлына атақты спортшылардың қолтаңбасы бар волейбол добын сыйлады.

Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы, каратэден екі дүркін «қара белбеу» иегері Бекжан Сүндебеков болса, жаңа кешенде жаттығатын жастарға биік мінберлерден көрінуіне тілектестік білдірді. Ал ауыл ақсақалы Иманжан Өмірқұлұлы жұртшылықтың ізгі ниеттерін айтып, ақ батасын арнады. «Элитстрой проект» құрылыс компаниясының басшысы Қайрат Оразбеков жаңадан ашылған спорт кешенінің кілтін «Нұр-Аман» дене шынықтыру-сауықтыру орталығының директоры Айгүл Искаковаға салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты жиында Амандық Ғаббасұлы халқымыздың ізгі дәстүрі бойынша жұртшылық алдында ауылдастарына осындай үлкен сый жасаған Амангелді Смағұлұлының иығына шапан жауып, «Жетісу» волейбол командасының формасы мен ойыншылардың қолдары қойылған допты тарту етті.

Кешеннің алқызыл лентасы қиылғаннан кейін салтанатқа жиналған қонақтар ғимараттың ішін аралап көріп, волейбол, бокс, күрес, гимнастика залдары мен шахман-дойбы бөлмесінің жұмысымен танысты. Өлке басшысы мен спорт меценаттары боксшыларға бұлғары қолғаптар, балуандарға арнайы киімдерін сыйлап, тағы бір берекелі шаруаны бастап жіберді.

Амандық Ғаббасұлы мен Амангелді Смағұлұлы облысымыздың абыройын асқақтатып жүрген «Жетісу» волейбол командасының ойыныншыларына арнайы медаль табыстаса, жиналған қауымға тамаша ойын үлгісін көрсетті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір