21 Қыркүйек, 2020 Барлық аймақтар
Фото: партияның баспасөз қызметі
Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» халықпен талқылау үшін әр өңір, қала және аудан бойынша алдағы 5 жылға арналған 216 сайлауалды бағдарламасының жобаларын жариялады. Билеуші партия оларды краудсорсинг қағидаты бойынша пысықтамақ. Яғни, республикалық партияішілік праймериздің нәтижелері бойынша ең үздік идеялар мен шешімдерді жинап, бағдарламаларды жетілдіру көзделіп отыр.
Сонымен, елордада сайлауалды бағдарламаның жобасы қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді қамтыған негізгі 10 бағыттан тұрады. Олардың ішінде үлескерлердің, кезекте тұрғандардың мәселелерін шешу, әлеуметтік нысандар салу, қоғамдық орындарды жайлы ету сияқты тағы да басқа түйіткілді мәселелер бар.
Бағдарлама аясында кезекте тұрған 47 мыңға жуық тұрғын мен 13 мың үлескерді баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. 20 апатты және ескі үйде тұратын 300 отбасы жаңа баспанаға көшірілмек. 16 тұрғын алабында 500 аула абаттандырылып, әлеуметтік нысандар, жолдар мен сумен жабдықтау желілері, 50 жаңа саябақ пен гүлзар салынады.
Партияның қалалық филиалы жиі су басатын 34 проблемалық нысанды бақылауда ұстап отыр. Осыған байланысты арнайы нөсерге арналған кәріз желілері мен құрылыстарын салу жоспарда бар.
Жастарға да айтарлықтай көп көңіл бөлінеді. «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына жыл сайын қаражат бөлу көзделіп отыр. Интернат түлектері арасынан 1800 жасқа толыққанды қолдау көрсетіледі.
Партия мүшелері Алматыдағы басты мәселелер ретінде экологиялық ахуалды жақсарту мен қаланы көгалдандыру, көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымын салуды қарастырып отыр. Сондай-ақ, таяудағы бес жыл ішінде 244 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу үшін партия 400 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашу, 11 мемлекеттік балабақша және 8100 орындық 7 мектеп салуға уәде беріп отыр. Студент жастарды қолдау мақсатында қаланың 27 жоғары оқу орны мен колледждерінде 40 жатақхана салынады.
Партияның Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасының жобасында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылған. Мәселен, 5 жыл ішінде 3 млн.шаршы метрге жуық тұрғын үй салу жоспарлануда.
Сонымен қатар, партия 42 мектеп пен 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жоспарлап отыр. Жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Мен кәсіпкер боламын» өңірлік бағдарламасын іске асырмақ.
Өңірлердің сайлауалды бағдарламаларының жобасымен толығырақ primaries.kz.сайтынан танысуға болады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір