• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 07:20:44
Алматы
+12°

Қазақстанда коронавирустық инфекциядан 186 медицина қызметкері қайтыс болды. Алайда қаза тапқандардың тек 9-ының отбасына ғана өтемақы төленген. Мұндай көңіл жүдететін статистика бүгін «Nur Otan» Партиялық бақылау комитетінің отырысында жария етілді. Партиялықтар COVID-бен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған дәрігерлерге ай сайынғы жалақыға қосымша үстемеақы төлеу, сондай-ақ осы індетті жұқтырған немесе содан қайтыс болған жағдайда медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселелерін қарады.

Сонымен, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бүгінге дейін инфекция жұқтырған 1093 дәрігер ғана 2 млн. теңгеден өтемақы алғанына тоқталды. Ал сол кезде, науқастанған медицина қызметкерлерінің жалпы саны 11293 адамды құрады.

«Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйреткенін атап өтті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білу, оның маңыздылығын күшейту үшін материалдық тұрғыдан қолдау керек. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Денсаулық сақтау министрінің бірлескен бұйрығы 9 сәуірде қабылданып қойғанына қарамастан, өтемақы төлеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың алғашқы отырыстары тек тамыз айында өтті. Медицина қызметкерлерінің індет жұқтыруының алғашқы жағдайлары наурыз айында орын алған болса, бұл мәселені осынша созбалаңға салудың себебі неде?! Аймақтық партиялық бақылау комиссиялары бюрократия мен сөзбұйдаға салу фактілерін қарап, кінәлі партия мүшелерін ең қатаң жауапкершілік шараларына тартуы керек», - деді Павел Казанцев. qamshy.kz

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың айтуынша, қазіргі уақытта инфекция жұқтырушыларды 3 топқа бөлген. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 3 ай мерзімге қаражат қаралыпты. Үстемеақы нақты жұмыс істеген кезең үшін ай сайын есептеледі.

Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов үстемақы төлеуден бас тартудың негізгі себептері ретінде індетті қайдан жұқтырғанын көрсетпеу немесе оны жұқтырудың жұмыс барысында орын алмауы, деректерді қате көрсету және т.б. атады.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы, белгілі пульманолог Абай Байгенжин де қосымша төлемдерге қатысты маңызды мәселе көтерді. Ол ҰҒМО-тың 2 ай бойы жұқпалы аурулар клиникасы ретінде жұмыс істегенін, науқастар тәулік бойы қабылданғанын, ал қосымша жұмыс үшін Денсаулық сақтау министрлігінен үстемеақы түспегенін айтты.

«Тәжірибемізді ескеріп, бізге ең ауыр науқастар жеткізілді. Біздің дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, тәулік бойы жұмыс істеді, өйткені науқастарды емдеу керек. Жұмыс ставкасы туралы ойлаған да жоқпыз. Ұлттық орталық болғандықтан, бізде қаржылық ресурстар бар, мен шығындарды орталық есебінен жаптым. Ал бұл ақшаны қайтару үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінгенгенімізде, бізге бұл сіздердің шығындарыңыз, біз оны қайтармаймыз деді. Өңірлердегі әріптестерімнің жағдайы қаншалықты қиын болғанын жақсы түсінемін. Олардың жағдайы бізден он есе ауыр. Үстемақы төлеу соншалықты қиын ба?»,- деді Абай Байгенжин. qamshy.kz

ПБК мүшесі, Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов аймақтарда орын алған ауыр жағдайлардың бір көрінісі ретінде Көкшетау қаласындағы медициналық мекемені мысалға келтірді. Мұндағы медицина қызметкерлерінің жұмыс күнінің басында және жұмыстан соң ИФА (қанның иммуноферменттік талдауы) әдісімен қажетті тестілеуден өтуге мүмкіндіктері болмаған.

«Көкшетау ауруханасынадағы кезекшілік ауысымның қалай жүзеге асатынын өз көзіммен көрдім. Адамдар автобусқа отырды да, үйді-үйіне кетіп қалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан неге олардың алдымен тестілеуден өтпейтінін сұрадым. Сөйтсек, Көкшетаудағы жеке меншік зертханаларда да, мемлекеттік зертханаларда да ИФА әдісімен тексеру жүргізілмейтін болып шықты. Шын мәнінде, осы 4-5 ай бойы олар бас санитарлық дәрігердің қаулысын бұзды. Сонда сіздер (Денсаулық сақтау министрлігіне қаратып айтып отыр) олардың қайсысы жұмысқа басқа жерден ауру жұқтырып келгенін, қайсысы кезекшілік ауысымын атқару барысында жұқтырып алғанын қалай анықтадыңыздар? Індетті кімнің қай жерден жұқтырғанын қалай анықтауға болады?»,- деді Мұрат Теміржанов.

Партиялықтар ҚР ДСМ жанындағы «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК қызметіне жеке тоқталды. Партбақылау комитетінің мәліметі бойынша, «Mapcovid» жүйесін Еңбек министрлігінің Ақпараттық жүйесімен интеграциялану процесіне байланысты қателіктер орын алып отыр. Жүйе стационарда емделмеген, бірақ амбулаториялық ем қабылдаған медицина қызметкерлерінің құжаттарын қабылдамайды (жүйе «Диагноз табылмады» деген қате табады). qamshy.kz

«Бұл неге бұрынырақ жасалып қоймаған? Техникалық тұрғыдан бұл соншалықты қиын ба әлде оны шешу енді ғана қолға алынып жатыр ма? Қарапайым нәрсе ғой. Excel-дегі бірнеше кестені бір жерге жинау кез келген студенттің де қолынан келеді! Ал мұнда осыны бүтіндей бір ШЖҚ РМК атқара алмай отыр. Бұл не сонда қасарысу ма әлде бейқамдық па?», - деді Павел Казанцев.

Отырыс соңында партиялық бақылау комитеті денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованы және еңбек вице-министрі Ербол Оспановты сөгіс түріндегі партиялық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Еңбек министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері болса, өтемақы төлеу мәселесі осы жылдың 14 қыркүйегіне дейін шешілетініне сендірді.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір