kaznews.kz
Алматыда жедел жәрдем қызметіне коронавирус, ЖРВИ және пневмония белгілері бойынша түсетін шақыртулар 70%-ға төмендеді. Бұл туралы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау Басқармасының басшысы Камалжан Надыров өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы онлайн-брифинг барысында айтты.
Брифинг барысында К. Надыров коронавирустық инфекциямен күресу үшін қабылданған шаралар қазіргі жағдайға оң әсер еткенін атап өтті.
«Жедел жәрдем қызметінің жұмысына түскен күш төмендегені байқалады. ЖРВИ, КВИ және пневмонияға шағым айтушылардың саны 70%-ға төмендеді. Індеттің нағыз өршіген тұсында әрбір екінші қоңырау коронавирус белгілері бойынша түсті. Бүгінде ковид және пневмония белгілері бойынша түсетін шағымдар саны 10-11%-дан аспайды», — деді Камалжан Надыров.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматыда науқастарды ауруханаға жатқызу алгоритміне бөлу жүйесін енгізу арқылы өзгерістер енгізілген болатын. Яғни, қазір науқастарды госпитализациялау медициналық мекемелерде бос орындардың болуына қарай емес, керісінше науқастың ауруының ауырлығына байланысты бөлінеді. Жеңіл және симптомы білінбейтін коронавирусы бар науқастар үйде ем алады.
«Бүгінде үйде 1268 адам медициналық бақылауда. Оның ішінде симптомы білінбейтіндер – 667, ал 601-ы жеңіл дәрежедегі науқастар. Соңғы екі аптада осы санаттағы науқастардың саны (амбулаториялық емде) 50%-ға азайды», — деп түйіндеді Камалжан Надыров.
Ауру деңгейінің төмендеуіне қарамастан, COVID-19-бен күресу үшін АМСК деңгейінде әлеуетті арттыру жұмыстары жалғасуда. Маусымда мобильді топтардың саны 72 болса, бүгінде олардың саны 296-ны құрайды. Аурумен күресуге жұмылдырылған мамандар саны 5 есеге артып, 925 дәрігерді құрады. Жалпы, соңғы екі аптада емханаға келушілер саны 30% -ға төмендеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір