29 Тамыз, 2020 NEWS
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастап келген Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері Абай атындағы тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына атбасын бұрды.
Музей директоры Тұрдықұл Шанбай қонақтарды жергілікті мәдени мұрамен таныстырып, экскурсия жасады. Сондай-ақ ол мұнда жүргізілген қайта жөндеу жұмыстарының нәтижесін де көрсетті.
Мұнда жазушының балалық шағы мен шығармашылығынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер сақталған. Сонымен қатар ұлы ақынның музыкалық аспаптары да көрме залынан ойып тұрып орын алған. Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай музейдің залдарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысанның айналасы абаттандырылды. Музейде заманауи технологиялар қолданылады. Оған Семей тұрғындары жоғары баға беретіні сөзсіз.
– Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл атқарылған шаруаның бір парасы ғана. Маған біздің музейді көрсету үлкен қуаныш. Абай Құнанбай – қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Біздің жерлесіміздің ерекшелігі сол, оның келбетін барлық қырынан көрсетуге болады, - деді музей директоры Тұрдықұл Шанбай.
Музей қызметкерлері қайта жаңартылған медресе ғимаратында экскурсия жасатып, сол замандағы оқу сыныптарының қандай болғанын көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақынның 95 жылдығына орай 1940 жылы 16 желтоқсанда Абай атындағы әдеби-мемориалдық музейі ашылды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір