Фото: egemen.kz
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін сенат депутаттарының сайлауы өтіп жатқанын айтып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әр облыстан, астанадан және республикалық маңызы бар қалалардан бір-бірден сайланатын 17 сенаторды таңдаушылар-мәслихат депутаттары сайлайтынын атап өтті. Бұл жөнінде ол facebook-тегі парақшасына жазды.
Жазбада жоғарғы палата құрамының бір бөлігі үш жыл сайын жаңартылып отыратыны, сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, палатаның 15 депутатын мемлекет басшысы тағайындайтыны жазылған.
"Заң шығарушы билік жүйесіне сәйкес сенат еліміздің барлық өңірінің парламенттегі өкілдігін, мәжіліс құрамы жаңарған кезде заңнамалық саясаттың сабақтастығын және заң жобаларының сапалы қаралуын қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттарының партиялық тізімдер бойынша және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатының ескерсек, сенатта өңірлер мүдделерінің білдірілуі аса маңызды" деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы заң шығарушы билікті ұйымдастырудың қазіргі жүйесі қабылданған заңдарды сапалы пысықтауды қамтамасыз ететінін тілге тиек еткен.
"Қаралатын мәселе жан-жақты әрі терең зерттеліп, заң қабылдау жұмыстары кезең-кезеңмен және қисынды жүргізілуге тиіс. Аталған жұмыстың сапасы мемлекеттік органдардың нормаларына, яғни, тұтас елдің тыныс-тіршілігіне ықпал етеді. Әр қабылданған заңның ондаған мың отбасы мен нақты адамдардың тыныс-тіршілігіне тікелей әсері бар. Осы ретте парламент палаталарының жұмысы заң шығару үдерісінің барынша тиімді әрі теңгерімді болуына мүмкіндік береді және заңдарды елдің, сондай-ақ әр азаматтың мүддесін ескеріп қабылдауды қамтамасыз етеді" делінген жазбада.
Одан бөлек, жазбада қабылданатын заңдар Қазақстан президентінің бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге тиіс екені де айтылған.
"Дамудың жаңа кезеңінде мемлекет басшысы ұсынған халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және инклюзивті экономикалық өсуге арналған жаңғырту бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл ретте депутаттардың рөлі ерекше. Коронавирус пандемиясымен және оның салдарымен күресу үшін құқықтық базаны жетілдіру де маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Бүгін сайланған сенаторлар тиісті өкілеттіктерін алған сәттен бастап аталған стратегиялық міндеттерді орындауға өз үлестерін қосып, белсенді жұмыс істейді деп сенемін" деді сенат төрағасы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір