Видеодан скриншот
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауы аясында "Мәңгілік Қазақстан" Қоғамдық қоры Қылмыстық-атқару жүйесінде мерзімін өтеп жатқан сотталғандарға "Бас бостандығынан айыру орнынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеудегі мәселелерді шешуге бағытталған жобаны" онлайн түрде ұйымдастырып берді.
3 және 6 тамыз күні "Мәңгілік Қазақстан" Қоғамдық қоры Алматы қаласының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА 155/6 (кәмелет жасқа толмаған сотталғандар) мекемесінде және ЛА 155/8 мекемесінде онлайн режимде іс-шара өткізді. Аталған қос шараға психолог Сейілбек Мырзабаев және заңгер Шынтекова Кәмшат қатысты.
3 тамыз күні өткен онлайн іс-шара кезінде психолог Сейілбек Мырзабаев сотталғандарға түзеу мекемесінен босатылғаннан кейін, қоғамға бейімделу үшін психологиялық көмек көрестілетінін жеткізіп, оларға психология туралы шағын түсініктемелер берді. Ол жиын барысында сотталған жасөспірімдерге арнайы даярлаған презентациясын көрсетті.
Сол күнгі жиында заңгер Камшат Шынтекова кәмелет жасқа толмаған сотталғандарға босап шыққаннан кейін қандай құқықтарға ие болатыны туралы айтты.
"Ата заңда сіздердің адам ретіндегі құқықтарыңызды қорғайды. Адам өмірі бәрінен қымбат, олардың құқығын шектеуге болмайды. Осының барлығы Конституцияда жазылған. Сіздердің өмір сүруге, білім алуға және қоғамда бейімделуге құқықтарыңыз бар. Ертең босап шыққан соң алдыға мақсат қойыңыздар. Сол кезде қателік жасамайсыздар" деді заңгер.
6 тамыз күні болған онлайн іс-шара ЛА 155/8 мекемесімен бірлесе отырып өтті. Бас бостандығынан айырылған азаматтарға психолог Сейілбек Мырзабаев және заңгер Камшат Шынтекова дәріс оқыды.
Түзеу мекемесінде мерзімін өтеп жатқандарға заңгер Камшат Есмаханбетқызы да бостандыққа шыққаннан кейінгі өмір туралы қазақ және орыс тілінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
"Түрмеден шыққан адам міндетті түрде қоғамнан алшақтап кететіні белгілі алайда сол кезеңнен өтіп қалыпты кезеңге бейімделу аса маңызды. Осы мақсатта біздің мемлекет біршатар іс- шараларды атқарып отыр. Жұмыспен қамту орталықтарына сіз арыз тастасаңыз сізге жасыңыз бен оқыған мамандығыңызға сай қызмет тауып береді. Оқымасаңыз арнайы оқу курстарынан өтесіз. Біздің мақсатымыз бұрыс жолға қайта түсірмей азаматтар мен азаматшаларды қалыпты өмірге бейімдеу" деді заңгер.
Психолог Сейілбек Мырзабаев түзеу орындарындағы азаматтарды емін-еркін әңгімеге шақырды. Ол тарихта болған оқиғаларды айтып конференцияға қатысушы сотталғандарды қызықтыра түсті.
"Кезінде бір түзеу мекемесінде осындай жиын болыпты, сонда сотталушылар тек бір психологтың түсіндірме жұмыстарын өткізгенінқалайды екен. Себебі ол психолог адамдардан неге түрмеде отырсың деп емес, керісінше қашан шығасың деп бастап сұраған. Түзеу мекемесінде отырған адамдарға әңгімені осылай бастау керек, сонда оларға ұнайды" деді психолог әңгіме барысында.
Сонымен қатар психолог сотталғандарға түзеу мекемесінен шыққан соң қоғамға бейімделу үшін көп уақыттың керек еместігін, тек алға қойған мақсат болса жеткілікті екенін айтты.
"Мәңгілік Қазақстан" Қоғамдық қоры алдағы уақытта да онлайн іс-шаралар өткізіп, сотталған азаматтар мен азаматшаларға психологиялық және заңды тұрғыдан көмек беретін болады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір