• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:01:53
Алматы
+35°

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен Жамбыл облысының жедел штабының кезекті отырысында таяу уақытта шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылданды. Шектеу шараларын күшейту туралы шешім коронавируспен ауырған науқастар санының өсуіне байланысты болып отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Басқосуда тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков баяндама жасады.

"Өкінішке орай, статистика көңіл көншітпейді. Егер 15-21 маусым аралығында өңірде 317 жағдай анықталса, 22-28 маусым аралығында ол – 473-ті құраған. Оның 60 пайызы Тараз қаласында тіркелген", - деді Берік Жарқынбеков. Сондай-ақ, оның айтуынша, көрсеткіштің нашарлауына карантиндік шараларды жеңілдету және эпидемияға қарсы шаралар алгоритмдерінің сақталмауы әсер еткен.

"Эпидемиологиялық топтардың жүктемесінің ауырлығын ескере отырып, тұрғындарға медицина қызметкерлері мен эпидемиологтар жеткенге дейін барлық сақтық шараларын сақтауды ұсынамыз. Атап айтсақ, өзін-өзі оқшаулау, температураны өлшеу, денсаулық жағдайын бақылау, қажет болған жағдайда учаскелік дәрігерді шақырту, жұмысқа шықпау керек", - деді Берік Жарқынбеков.

Департамент басшысы барлық еңбек ұжымдарының кіре берістерінде қызметкерлердің дене температурасын өлшеуді, ауру белгілері бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеуді, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға жауапты адамды айқындауды, жұмыс күні ішінде қолғаптар мен маскаларды пайдалануды, бір бөлмеде кемінде бір метр қашықтықты сақтауды, қызметкерлерді жұмысқа және жұмыстан үйге қызметтік автокөлікпен орталықтандырылған жеткізуді қамтамасыз етуді ұсынды.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов тұрғындар барлық мәселелер бойынша тәулік бойы жұмыс жасайтын 1302, 103 байланыс орталықтарына жүгіне алатындығын жеткізді. Сонымен қатар, арнайы құрылған мобильді топтар симптомсыз науқастарды, байланыста болған адамдарды, стационардан кейін амбулаториялық емдеуге жіберілген және созылмалы аурулары бар науқастарды бақылайтын болады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қазір нақты шаралар қабылдап, коронавирустың пандемиясының созылу жағдайына дайындықты бүгіннен бастау қажеттігін баса айтты.

— Қазіргі таңда дәріханаларда вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрілердің жетіспеушілігі өзекті болып тұр. Мұндай жағдай бүкіл облыс бойынша байқалуда. Бұл мәселені шешу үшін жауапты ведомстволар салалық министрлікпен, "СК-Фармация" компаниясының өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жоқ препараттардың аналогтары туралы хабардар ету керек. Маскамен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Мойынқұм, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында маскалардың белгіленген бағадан қымбатқа сатылып жатқандығы анықталған. Әкімдерге бұл секілді мәселелерді жедел шешуді тапсырамын, - деді аймақ басшысы.

Бердібек Сапарбаев коронавирустың алдын алу бойынша ақпараттық жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауруға шалдыққан кездегі әрекеттердің алгоритмі туралы халықты уақтылы және сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуді тапсырды. Дәрігерлер кеңестерін онлайн режимде, call-орталықтар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беруін ұйымдастыру қажет, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігіне байланысты резидентурада оқитын студенттерді, зейнет жасындағы дәрігерлерді тарту мәселелері сараланды. Марат Жұманқұлов бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатқандығын айтты.

Төсек санын көбейту бойынша да шаралар қабылданатын болады. Біз ахуалды бақылауда ұстап, кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Адамдар жедел жәрдем жұмысына және ауруханаларда орындардың жоқтығына қатысты шағымдануда. Мұндайға жол бермеу керек. Әрбір азамат сапалы медициналық қызметпен қамтылуы тиіс. Бұл орайда эпидемиологиялық ахуалы қалыпты аудандардың медицина қызметкерлері қол ұшын созғаны дұрыс, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Басқосу соңында Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарды санитарлық дәрігерлердің ұсыныстарын ұстануға шақырып, үндеу жолдады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір