• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:57:22
Алматы
+12°

Бүгін Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотында төтенше жағдай кезінде "Жалған ақпарат таратты" (ҚР ҚК 274-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) деп айыпталған белсенді Әлнұр Ильяшевтің ісін қарау жалғасты.

Сот процесі тағы да "TrueConf" қосымшасы арқылы онлайн режимде өтті. Ильяшев және оның  адвокаттары Виталий Воронов, Таир Назханов және Нұрлан Рахманов байланыс сапасының нашар екенін атап айтқан. Назханов байланыс сапасы жақсармайынша сот процесін кейінге қалдыруды сұрады. Ильяшевтің өзі сот процесі офлайн режимде өтуі үшін карантиннің аяқталуын күтуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Адвокат Воронов өз сөзінде іс материалдарымен әлі таныс еместігін атап өтті. Ол сондай-ақ сот Ильяшевке білікті қорғаныс құқығын қамтамасыз етуге міндетті екенін атап айтты.

– Құрметті сот, сіз мұны қалай істейсіз, мен білмеймін, бірақ сіз оны қамтамасыз етуіңіз керек. Әйтпесе, бұл шығарылған үкімнің заңдылығына күмән келтіреді және біздің қорғаушы ретіндегі құқықтарымызды бұзады, – деді Воронов судьяға.

Адвокат Нұрлан Рахманов әріптесін қолдап, былай деді:

"Мен сізден сот отырысын онлайн режимде емес, оффлайн режимде өткізуді және біздің қорғалушымен тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беруді сұраймын".

Осы ескертулерге қарамастан, судья сот тергеуіне көшті. Адвокат Воронов бұған ашуланып, судьяны қызметінен босату туралы ауызша өтініш білдірді.

– Адвокаттың іс материалдарымен таныспауы жағдайында сот тергеуіне көшу менің қорғаушымның қорғалу құқығын өрескел бұзу болып табылады. Мен сотқа сенімсіздік білдіретін себептер бар деп санаймын. Сот әділ өткеніне күмәнім бар, менің ойымша, сот конституциялық нормаларды және ҚІЖК-ні (қылмыстық іс жүргізу кодексі) бұзу арқылы біздің қорғалушымызды айыптауға тікелей немесе жанама мүдделі. Сондықтан мен сізге сенімсіздік және қарсылық білдіремін, – деді Воронов.

Судья Махарадзе сот отырысын кейінге шегеруді қажет деп санады.

Ильяшевті жақтаушылар тобы Алматы қалалық сотының ғимаратына «Әлнұр Ильяшевке бостандық» деген жазумен шықты. Белсенділер азаматтардың құқығын бұзатын онлайн-соттарға қарсы екенін  айтты.

Еске сала кетейік, 18 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты белсенді Әлнұр Ильяшевті екі айға қамау туралы қаулы шығарған. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір