• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:56:04
Алматы
+35°

Бүгін, 6 маусымда Алматыда оппозиция белсенділерінің митингі өтеді делінген "Абай" ескерткішіне қарай баратын көшелердің барлығы темірмен қоршалып, полиция сол маңды торуылдап тұрды. Ескерткішке қарай бармақшы болған азаматтарды полиция ол маңға жіберген жоқ. 

Күштік құрылымдар мен жергілікті биліктің қарсылығына қарамастан митингіге келген азаматтар өз наразылықтарын білдіріп, талаптарын айта алды. Бірақ белсенділер "митинг өткіземіз" деп бастапқыда жоспарлаған "Абай" ескеркішінің қасында емес, өзге жерлерде наразылық танытты. Оған себеп – күштік құрылымдардың ескерткішке баратын барлық жолды жабуы.

Күшпен тарқатылған топ

Наразы азаматтардың бір тобы Абай мен Назарбаев көшелерінің қиылысында жиналды. Бұл маңға жиналғандар негізінен шетелде тұратын оппозициянер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "ҚДТ" қозғалысы (Қазақстан соты "экстримистік" деп таныған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) мен жуырда ғана осы қозғалысқа "қатысы бар" деп танылып, Қазақстанда тыйым салынған "Көше" партиясын жақтаушылар. Алдымен олар "Абай" ескерткішіне апаратын жолға қойылған темір қоршауды ашып, өздерін митинг өтеді деген жерге өткізуді талап ете бастады. Наразы топты тарқатуға тырысқан жергілікті билік, прокуратура, биліктегі "Нұр-Отан" партиясының өкілдері "Абай" ескерткішінің маңына коронавирусқа қарсы дезинфекция жұмысы жүргізіліп жатқанын айтып, жиналғандарға "Заңсыз митингіге рұқсат жоқ, тараңыздар" деген ескерту жасады. Билік өкілдерінің ескертуін наразы топ елеген жоқ. Қарсы уәж айтқандар да болды.

чсми

Жиналғандармен  сөйлескенімізде, олар негізінен үш талабы барын айтты. 

"Біздің ең негізгі талабымыз – жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға да берілмесін. Одан кейін осы жер үшін, ел үшін басын бәйгеге тігіп, бүгінде түрмеде отырған саяси тұтқындарды түгел босатсын дейміз. Бұған қоса, билік халықтың кредитин кешіріп, бір рет несиелік аминистия жарияласын" деді белсенділер. 

чмст

Билік өкілдерінің бірнеше ескертуінен кейін полиция қолдарына түрлі-түсті шар ұстаған, журналистерге сұхбат беріп тұрған азаматтарды ұстай бастады. Дегенмен бастапқыда наразылар полицияға бой бермей, бір-бірін қапсыра құшақтап, біраз қарсылық танытты. Осы кезде полицияға омондар қосылып, жаппай ұстаулар басталды. Наразы топ ішінен белсенділігімен көзге түскен азаматтарды омондар күш қолдана (қол-аяғын қайырып) отырып, жол жиегінде тұрған автозактарға салып әкетті. Қамшы тілшісі сол маңда кемі 40 адамның ұсталғанын байқады. Ұсталғандар арасында былтыр көктемде Алматыдағы орталық көшелердің біріне "Шындықтан қаша алмайсың" деген банер іліп, 15 тәулікке қамалған белсенді Әсия Төлешова да бар. 

Наразы топтың біразы ұсталап кеткен соң Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов бастаған бірнеше шенеулік азаматарды диалогқа шақырды. Шенеуніктер "Бұлай заңсыз жиналып қажет емес, мәселелеріңіз болса, жеке-жеке қабылдайық" деді. Бірақ наразы топ шенеуніктердің сөзіне құлақ асқан жоқ. Сенбейтіндерін айтып, тек митингіге шығу арқылы ғана өз талаптарын орындататындарын жеткізді. Билік өкілдеріне қарсы уәж айтқандар артынша ұсталып кетіп жатты. Осылайша, бұл маңдағы наразы топтан екі сағатқа жуық уақыттан  кейін ешқайсысы қалған жоқ. 

Мамай да жақтастарымен бірге қарсылыққа ұшырады

Дәл осы 6 маусым күні митинг өткізуге ең бірінші болып бастама көтерген Демпартия (әлі құрылмаған партия) белсендісі Жанболат Мамай да өзі жоспарлаған "Абай" ескерткішінің маңына жете алған жоқ. Мамай бастаған топ "Абай" ескерткішіне жете алмай өзге жерлерде жиналған жақтастарына бармақшы болды, бірақ Алматы қаласы әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров бастаған шенеуніктер мен "Нұр-Отан" партиясының өкілдері, күштік құрылымдар оларды Құрманғазы мен Достық көшелерінің қиылысында қоршап, басқа жаққа қарай қозғалуға мүмкіндік берген жоқ. 

сми

"Төбелес керек пе, төбелесеміз"

Билік өкілдері сол маңда жиналған азаматтарды тарату үшін түрлі әрекетке барды. Мәселен, адамдар топтасып тұрған жерге дезинфекция жасайтын жұмысшылар қайта-қайта дәрі шашты. Ал енді бірде бұған дейін билікшіл көзқарасымен танылып, митингіге шақырған, барған оппозиция белсенділеріне қарсы шығып жүрген "Желтоқсан рухы"  ұйымының төрағасы Талғат Рысқұлбекті ортаға салды. Рысқұлбек әкімдік өкілінің "Бұл жиындарыңыз жаңа қабылданған бейбіт жиындар" туралы заңға қайшы. Тараңыздар!" деген сөзін қолдап, жиналған жұртты митингіге келесі жолы шығуға шақырды.

"Мына әкімшілік рұқсат береміз деп жатыр ғой. Беретін болса, бүгін өтініш берейік те, келесі жолы шығайық. Менің бауырым Қайрат құрбан болған. Сондықтан қазір тарқайық, бірақ келесі жолға заңды түрде келейік" деді ол.

Ал Мамай бастаған топ өздері жоспарлаған митингіні кейінге қалдырмайтындарын айтып, жиналғандарды тарауға шақырған Рысқұлбекті "арандатушы" деп атады.

Қасына бір топ адам ерткен Рысқұлбек "жанында жиырма жігіт барын" айтып, "төбелес керек пе, төбелесеміз" деді. Ал оның бұзақылыққа шақырған бұл сөздеріне полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері естіп тұрса да, ешқандай уәж айтқан жоқ.

Рысқұлбектен бөлек, биліктегі "Нұр Отан" партиясының өкілдері де Мамай бастаған топты бірнеше рет диалогқа шақырды. Билік партиясын өкілдері жиналғандарды "Нұр Отан халықтың барлық мәселесін заңды шешіп береді" дегенге сендіруге тарысып бақты, ал наразы топ "Нұр Отанның артында ешқандай халық жоқ. Миллиондаған мүшесі болса да, бұл партияны тек күштік құрылымдар ұстап тұр" деген уәж айтты. 

Шамамен бес сағатқа жуық бір-бірімен тайталасқан қос тарап – билік өкілдері мен наразы топ диалогқа келе алмады. Сол маңдағы билік өкілдері мен күштік құрылымдар наразыларды тартуға тырысты, бірақ жаппай ұстап әкеткен жоқ. Осылайша, түскі сағат төртке қарай бұл маңдағы наразылық жиыны да тарқады. 

Оппозиция белсенділері, оның ішінде Жанболат Мамай "6 маусым күні митинг өткіземіз" деген бастаманы бір айдан бұрын көтере бастаған. Бастапқыда оның бастамасын сынап, "Мамай шақырған митингіге бармаймыз" деп мәлімдеген Мұхтар Әблязов та кейін өз жақтастарын дәл осы 6 маусым күні билікке қарсы наразылыққа шығуға шақырған. 

Қазақстанның бас прокуратурасы оппозициялық күштер шақырған бұл митингілердің "заңсыз" екенін айтып, халықты алаңға бармауға, наразылыққа шықпауға үндеген.

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір