• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:52:10
Алматы
+12°

Жуырда елдегі бірқатар БАҚ-та Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылы тұрғындарының үндеуі жарияланған. Үндеуде ақпан айында этникалық қазақтар мен дүнгендер арасында болған жанжалдан зардап шеккен, шығынға ұшыраған  Масанчи ауылының тұрғындары  өртенген, қираған үйлерінің қаншама уақыт өтсе де қалпына келтірілмей жатқанына шағынған. Қамшы тілшісі мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Қордайдағы Масанчи ауылына барып қайтты.

Камерадан қашқан тұрғындар

Жанжал кезінде үйлері өртеніп, әлі қалпына келтірілмеген бірнеше тұрғынмен сөйлесуге тырысқан Қамшы тілшісіне тұрғындар үрейлене қарап, БАҚ-та жарияланған мәселелері турасында ашылып ештеңе айтпады. Тіпті, камераға сөйлеуден бас тартты. Олар бұл әрекетін "сақтану" деп түсіндірді.

– Сұхбат беріп, әкімдердің көзіне түсіп қалсақ, өзімізге кесірі тиіп кете ме деп қорқамыз. Бір жағынан билік бәрін қалпына келтіріп береміз уәде етті. Кешіктіріп жатқаны рас. Бірақ соңына дейін күтуге тура келіп тұр. Әзірге шулатып қажет емес, – дейді олар.

fgh

Тұрғындардың айтуынша, билік бәрін қалпына келтіруге уәде берген. Бірақ билік уәдесіне күдікпен қарайтындары бар. Өзін Илхам деп таныстырған  Масанчи ауылы Мәңгілік ел көшесінің тұрғыны жанжалдан кейін төрт ай өтсе де, қираған дүкенінің әлі қалпына келтірілмегеніне қапалы.

– Сол оқиғадан (қазақ-дүнген жанжалы – ред.) кейін бірнеше ай өтсе де дүкенім қалпына келтірілмеді. Билік өкілдері "қалпына келтіріп береміз" деп уәде етті. Құжатты өткізіп қойдық. Енді шешімін күтіп отырмыз. Шешім шықса, ақша бөлініп құрылысты бастауға болар еді, бірақ кешігіп жатыр. Олардың (ред. жергілікті биліктің) уәдесіне сенгенмін. Бірақ көп кешігіп жатқан соң күдік пайда бола бастады. Қол қусырып отырмайын деп, біраздан бері қирандыларды тазалап бастағамын. Бітуге таяу қалды. Бірақ құрылыс бастап кетуге қаражат болмай тұр, – дейді ол.

Илхам тұратын Мәңгілік ел көшесі – ақпандағы қақтығыс кезінде ең көп зардап шеккен көше. Қамшы тілшісі осы көшеде өртенген, қираған 10 нысанды байқады. Олардың көбі коммерциялық нысандар.

"Қазір қазақтармен арамыз жақсы"

Масанчидағы этникалық дүнгендер "ақпандағы қақтығыстан кейін қазақтармен арамыз қайта қалпына келді" деп отыр. Айтуларынша, төрт ай бұрынғы жанжалдан кейін ауыл үлкендері бірнеше мәрте жиналыс өткізіпті.

– Сол оқиғадан кейін бірнеше жиналыс өтті. Қазір бәрі дұрыс. Негізі біраз нәрсені бүлдірген сырттан келгендер ғой. Бұл арнайы арандатушылардың әрекеті деп білеміз. Бәрі тергеу біткен соң анықталады, – дейді Масанчи тұрғыны.

Қамшы тілшісі ауылды аралап, тұрғындармен тілдескен соң ауыл әкімдігіне барды. Әкімдік ғимаратының маңында сенбілік істеп жүрген онға тарта адамның бірі тілшіден қандай мәселемен келгенін сұрады. Ауылдағы үйлерді қалпына келтіру неге кешігіп жатқанын сұраған тілшіге аты-жөнін Хусейн Буларов деп айтқан әкімдік қызметкері қысқа ғана жауап берді.

– Мен әкім емеспін. Әкімнің орнында уақытша отырған маманмын. Қазір бұл ауылда әкім жоқ. Жақында сайлау болады. Сол кезде жаңа әкім келеді. Ал сіздің сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Барлық сұрақты аудан әкімдігіндегілерге қойыңыз. Үйлерді қалпына келтіру мәселесімен солар айналысып жатыр, – деп қысқа қайырып, тілшімен сөйлесуге құлықсыздық танытты.

"Барлық құрылыс жоспарлаған мерзімде аяқталады"

Қамшы тілшісі аудан әкімдігіне барғанда әкім Рүстем Дәулет жұмыс орнында болған жоқ. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, басшылары жұмыс бабымен аудан сыртына кетіпті. Әуелде Масанчи мәселесі бойынша әкім орнына тілші сұрағына жауап беретін маман табыла қоймады. Тек 10-15 минуттан кейін аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев қойылған сұрақтарға жауап берді, бірақ камераға сөйлеу үшін облыс әкімі баспасөз қызметінің рұқсаты керектігін айтты.

cghn

– Құрылыс жұмыстары  кешігіп жатқан жоқ. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін терезесі сынған, есігі жұлынған, яғни, болар болмас шығынға ұшыраған 103 үй толығымен жөнделді. Ол үйлердің жөндеу жұмысына қаражат арнайы құрылған қордан бөлінді. Енді қазір 65 нысан қалып отыр. Бұлар қатты зардап келген үйлер. Біз олардың ішінен 11 нысанды сызып тастадық. Ол 11 нысан заңсыз салынған құрылыс болып есептелді. Яғни, құжаттары дұрыс емес. Қызыл сызық бойына салынғандар. Мемлекет тарапынан ол нысандарға ешқандай қаражат бөлінбейді. Ал 54 нысан қалпына келтіріледі. Оның ішінде 41 үй, 13 коммерциялық нысан. 30 сәуірден бастап жөндеу жұмыстары басталды. Алдымен 30 шілдеге дейін тұрғын үйлерді жөндеп бітіреміз. Ал коммерциялық нысандардың құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады, – деді Орынбаев.

Әкім орынбасарының сөзінше, қаражат «Шивон» деп аталатын қордан бөлінеді. Ол қорға Масанчидегі оқиғадан кейін кәсіпкерлер, жеке азаматтар демеушілік жасаған.

– Қордың жұмысын бақылауға ауыл азаматтары да, белсенділер де тартылды. Қорға түскен қаржыны өздері бақылып отырсын деген ниеттен солай істедік, – дейді Орынбаев.

Қамшы тілшісі әкім орынбасарынан "Нысындар құжаттының дұрыс-бұрыстығы неге енді анықталып отыр? Заңсыз салынса, дер кезінде неге шара қолданылмады?" деп сұрады.

– Ол нысандардың құжаты жанжал болардың алдында тексерілген, нысан қожайындарына ескерту жасалған, бірақ құжатын заңдастырып үлгермеген. Көбіне біздің бақылауымызда коммерциялық нысандар. Ал сарай, гараж сияқты ғимараттарды тұрғындар өздері құжат өткізіп, тіркемеген соң біз заңсыз салынғанын білмей қалып жатамыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.

cghj

Биыл ақпанның жетісінен сегізіне қараған түні Қордай ауданындағы этникалық дүнгендер мен этникалық қазақтар тұратын бірнеше ауылда жанжал болып, 11 адам қаза тапқан. Ресми мәлімет бойынша, ұлтаралық жанжалға екі жарым мыңнан аса адам қатысқан, 140 тұрғын және 20 полицей жараланған. 164 тұрғын үй мен сауда орны қирап, 100 көлік өртенген.

Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, Қордайдағы қақтығысқа байланысты барлығы 120-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Қазір 59 адам қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Күдіктілер арасында қазақтар да, дүнгендер де бар.

Ресми мәлімет бойынша, жанжал ұлты дүнген бірнеше азаматтың 78 жастағы ұлты қазақ қария Төлеген Құдашбаев пен оның балаларын соққыға жыққан соң басталған.  

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалин, Қордай ауданының, Масанчи аулының сол кездегі әкімдері, аудандық полиция бөлімнің бастығы қызметтен кеткен.

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір