tengrinews.kz
Алматы облысындағы блокбекетте жантүршігерлік апат жасап, қос полицейдің өліміне себеп болған күдіктінің анасы бауыр еті – баласының қасақана адам өлтірмегеніне сенімді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
– Сенбеймін, сенбеймін. Қасақана адам өлтірді дегенге мен сенбеймін. Ешкім де ойламайды ғой. Мен өз баламды сондайға барады деп айтпаймын ғой, дұрыс па? Ол ішпейді де, темекі де тартпайтын, – деді күдіктінің анасы Клара.
Айта кетейік, қалалық полиция департаментіндегілер күдіктінің сол сәтте мас болғанын мәлімдеген. Ал, блокбекетте қайтыс болған Дастан Абдықановтың анасы мен әйелі оқиғаның ақ-қарасын анықтап, кінәлінің әділ жазалануын сұрайды.
Сержанттың әйелі: «күйеуіммен қоштасып та үлгермедім» деп, көзіне жас алды. Өйткені ол түнгі ауысымға кететін күні жақындарына айттап жүріпті. Жалпы карантин басталғалы Дастанның жұмысы көбейген. Десе де, блокбекеттегі кезекшілікке санаулы рет түсіпті.
Қайғыдан қан жұтқан оның анасы істің ақ-қарасын анықтауды Президенттен сұрады.
– Үш адамның отбасын ойрандап кетіп отыр. Үш отбасында қанша баланың болашағы қалды, қанша жар еңіреп қалды, қанша ана, қанша әке қан жұтып қалды. Оның өзі осы үш отбасының басына келген үлкен қайғы-қасірет. Ол адам жер басып жүрер, өмір сүрер, тамақ ішер, ұйықтар, бірақ мен ойлаймын, түптің-түбінде Алла жазасын береді, – деді марқұмның анасы Жанатгүл Әбірова.
Айта кетейік, марқұм Дастан Әбдіқановтың енді ғана қырқынан шыққан ұлы бар. Қаза тапқан екінші полицей Жарас Жанғазиевтің артында қос қызы мен жүкті әйелі қалды. Ал бір ажалдан аман қалған үшінші тәртіп сақшысы дүйсенбіде жан сақтау бөлімінен палатаға шығарылған.
Еске сала кетейік, 25 мамыр күні таңға жуық № 4 блокбекетте BMW жүргізушісі мас күйінде бетон қоршауға соғылып барып, инерциямен патрульдік полиция көлігін соққан. Жол-көлік оқиғасынан екі полиция қызметкері көз жұмған болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір