almaty.gov.kz
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес шаһар басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров бастаған жұмыс тобы медицина қызметкерлерінің карантин кезеңінде уақытша тұрып жатқан жеріндегі тұрмыс жағдайларын тексерді.
Жұмыс тобының құрамында Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С. Канкуров, қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары А. Бисенбаева мен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Н. Дягилева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топ төрағасының орынбасары, «Жастарға жол» қоғамдық қорының президенті Р. Гасанов бар.
Төтенше жағдай кезінде 3,5 мыңға жуық медицина қызметкері өз қалаулары бойынша жергілікті бюджеттің қаржыландыру есебінен 13 қонақ үй кешені мен 11 жатақханаға орналастырылды.
Жұмыс тобы 503 медициналық қызметкер тұрып жатқан 5 қонақ үй кешені мен 2 жатақханаға барды. Мұнда Жедел жәрдем, Балалар жұқпалы аурулар мен қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларының, Психикалық денсаулық орталығы мен №2 перзентхананың, №5 қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлері тұрып жатыр.
Тексеру барысында тұрғылықты жердің жағдайы, қызметкерлердің бөлмелері, ондағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуы, әсіресе бөлмелердегі дезинфекция жұмыстарының дер кезінде жүргізілуіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ жеке қорғану мен жеке гигиена құралдарының жеткілікті деңгейде болуы тексерілді.
«Ең бастысы – тұрмыс жағдайы. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері алдыңғы шепте, яғни қауіп-қатер аймағында жұмыс істейді. Оларға ыңғайлы болу үшін тұрмыста да, жұмыста да дұрыс жүйе қалыптастырылды. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды», – деп атап өтті Е.Бабақұмаров.
Қала басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров медқызметкерлерді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте COVID-19-ға қарсы іс-қимылға жұмылдырылған және медицина қызметкерлеріне жағдай жасау үшін жан-жақты қолдау көрсетуге даяр кәсіпкерлердің рөлі ерекше атап өтілді. Азық-түліктің жеткізілуі мен оның сапасын бақылау еріктілердің қалалық штабымен жүзеге асырылады.
Медицина қызметкерлерін жұмыс орнына дейін жеткізіп, қайта үйіне апару мәселесі де пысықталды.
Сапар барысында Ержан Бабақұмаров қонақ үйлер мен жатақханаларда уақытша тұрып жатқан медқызметкерлермен тілдесті. Тамақтану, жұмысқа тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасы, сонымен қатар жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары да талқыланды.
«Қазір еліміз қиын-қыстау кезеңді бастан кешіруде. Біз, медицина қызметкерлері, қолымыздан келгенше аянбай жұмыс істеудеміз. Алматы әкімдігіне берілген мүмкіндіктер үшін алғыс білдіреміз. Қажет заттардың барлығы бар, бөлмелер таза, тамақтары да жақсы. Қазіргі уақытта дәрігер ретінде зор жауапкершілікті сезінеміз. Бірлесе бұл дертті жеңетінімізге сенемін», – деді балалар жұқпалы аурулар ауруханасының рентгенолог-лаборанты С. Еркінбеков.
«Ең алдымен бұл – біздің міндетіміз. Біз халықтың денсаулығына жауаптымыз. Қауіпті індетті жеңу үшін жұмыста қалдық. Баршаңызға денсаулық тілейміз, сондай-ақ басшылығымызға және қолдау көрсеткендерге алғыс білдіреміз. Біз ауруды жеңеміз», – деді №2 перзентхананың аға медбикесі А. Топарова.
«Біздің жағдайымыз жақсы. Таза су, таза бөлме. Мұнда күніне екі уақыт дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Үш мезгіл тамақтандырады. Көліктен бас тартып, жұмысқа жаяу барамыз. Әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалған», – дейді қалалық Жедел жәрдем ауруханасының гинекология бөлімінің меңгерушісі Қ. Жұмабаева.
Тексеру жұмыстары кезінде ТКҚСБД өкілі барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталғанын атап өтті.
«Біз қаланың провизорлық және карантиндік стационарларында жұмыс істейтін медицина қызметкерлері тұратын қонақ үйлер мен жатақханаларды тексердік. Барлық қажетті шаралардың орындалатынына көз жеткіздік», – деді Н. Дягилева.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір