07 Сәуір, 2020 NEWS
Qamshy.kz
Қамшы редакциясына оқырмандардан Алматының шығыс жағындағы Талғар тас жолына қойылған блок-бекетте Қытай азаматтары жүргені туралы ақпарат келіп түсті. Аталған орынға барған Қамшы тілшісі Қытай азаматтары делінген адамдар блок-бекеттерге қойылып жатқан дене қызуын өлшейтін құралдарды (тепловизор) іске қосатын мамандар екенін анықтады.
Тепловизорларды "Астана Моторс" компаниясы орнатып жатыр. Талғар трассасындағы блок-бекетке қойылғалы жатқан құрылғының іске қосылу барысын жеке қадағалауға келген "Астана Групп" холдингінің иесі Нұрлан Смағұлов құрылғы озықтығымен ерекшеленетінін айтты.
Кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың журналистерге пікір білдіру сәті
– Біз қоғам алдындағы әлеуметтік міндетімізді толықтай сезінеміз. Алғаш тепловизорларды Мега сауда орталықтарына қойдық. Құрылғы бір мезетте 30 адамның дене қызуын өлшеуге қауқарлы. Әрі дәл көрсетеді. Қателесіп, бір-екі градусқа ауытқымайды. Кейінірек мұндай пайдалы құрылғыларды қалаларымыздағы адам көп кіріп-шығатын блок-бекеттерге неге орнатпасқа деген ойға келдік. Тепловизорларды Алматы бойынша Талғар трассасындағы бекеттен бөлек, Құлжа, Қапшағай, Тау самалы тас жолдарындағы сондай-ақ Алтын Орда базары маңындағы бекеттерге орнатып жатырмыз. Алматымен қатар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды қалаларына да осындай тепловизорлар қойылады. Құрылғыларды шанхайлық әріптестерімізбен ынтымақтаса орнатып жатырмыз, – деген кәсіпкер коронавирус індетінен құтылып, қазақстандықтардың әдеттегі өмір-салтына тезірек оралуына тілектестік білдірді.
Қамшы тілшісі блок-бекеттен Қытай азаматтарын кездестірмеді. Олар құрылғыға техникалық қолдау көрсету кезінде ғана келетіні белгілі болды.
Өткізу пунктіндегі шатыр ішіне қойылған тепловизор
Талғар трассасы бойындағы блок-бекетте жағдай белгіленген тәртіпте жүріп жатыр.
Бекеттен азық-түлік тауарлары мен медициналық қажеттіліктер таситын көліктердің кіріп-шығуға рұхсат беретін құжаттары тексеріліп, өткізілуде.
Блок-бекетте тексеріліп жатқан көліктер
Блок-бекетке "өткізіп қалар" деген оймен келген бірнеше азамат жүр. Солардың бірі Думан ықшамауданында қарауыл болып істейтін Талғар ауданының тұрғыны (есімін атаудан бас тартты) 15 күндік жұмысынан шығып, үйіне қайта алмай жүргенін, бекетті күзетушілер өзін өткізбей тұрғанын айтты.
"Бекеттерден ешкімді өткізбейтінін естідім, сонда да өткізіп қалар деген оймен келіп едім" деген Талғар ауданының тұрғыны отбасына орала алмаса, "бекет ашылғанға дейін туыстарымдікінде болам, енді басқа не істеймін. Оған дейін сменім келсе, жұмысқа шыға беремін" дейді.
Блок-бекеттің екі жағында тұрып бір-біріне құжаттар, пакетке салынған заттар беріп жіберіп жатқандар да бар. Полиция қызметкерлері бекеттің бір жағынан ұстатып жіберген затты бекеттің екінші жағына жеткізіп беруде.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір