05 Сәуір, 2020 Саясат
IT сарапшы Ерлан Оспан: 42 500 теңгеге кім лайық екені өздерінде де көрініп тұр
"Халыққа техникалық себептерді айту артық деп білемін. Мұның орнына "иә, біз дайын болмай шықтық" деген дұрыс"
newreporter.org
42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемге өтінім қабылдайтын egov.kz, 42500.enbek.kz порталдарының жұмысында кідіріс көп. 2 сәуірде іске қосылуы керек болған тағы бір сервис – telegram-бот әлі істемеді. Сондай-ақ интернеттің нашарлығынан Қазақстан мектептерінде онлайн оқыту өтпейтін болды. Қамшы тілшісімен әңгімелескен IT сарапшы, журналист Ерлан Оспан мұндай техникалық ақаулар іс жүргізудің қисыны қисық болғаннан шығып отырғанын айтты.
– ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев "egov.kz порталына бір мезгілде 15 млн қолдануші кірген кездер болды. Бұл жүйе жұмысына кері әсер етті" деп мәлімдеді. Сіздіңше министр сөзі қаншалықты шындық?
– Рас-өтірігін кесіп айтуға хақым жоқ. Бірақ номинал 18 млн адам тұратын елде 1 сағатта 15 млн дербес қолданушы кірді деген тұжырымды тереңірек сараптау керек. Министр мырза "обращений" деді. Техникалық та, тұрмыстық та мәні бар екіұдай сөз. Ол базаға "обращениені" айтқан болуы мүмкін. Ол жағдайда да бұл тым көп. Мысалы, кейбір жаңалық сайты бір адам кіргенде, базаға 400-ге дейін сұрау жібереді. Ал егер шынымен қолданушы болса, оның үстіне – бір сағаттың ішінде болса – бұл мүмкін емес.
Меніңше министр мырза 15 млн сұрау туралы аналитикалық есеп беруі керек. Әйтпесе кәсіби IT қауымдастықта сағатына 20 мың клиенттің өзі ауыр жүктеме болып есептеледі.
Жалпы бұлыңғыр сөз саптау болып тұр. Я DdoS шабуыл, я тірі адамдар екені нақтыланбаған. Сондықтан, 15 млн-ның барлығы кім әлде не екеніне толығырақ жауап алу керек.
– Әлеуметтік төлемге өтінім беруге арналған сервистер неліктен жиі істен шығады? Жалпы egov.kz, 42500.enbek.kz порталдарының техникалық сипаттамасына бере бағаңыз қандай?
– Мысалы, электронды үкімет порталы менен NAT жүйесін орнатуды сұрайды. Осының өзі IT-өнімнің толыққандық принципін бұзады. Программа, сайт дегендер "тамақ сұрамауы" керек. Аласың да, пайдалана бересің. Біздің "цифрлаушылар" жиі мысал ететін эстонның ба, үкімет сайттары сондай.
Ең басты кемшілігі осы – кемеліне келген, тұйықталған, толыққанды болмауы. Бұдан әрі қарай – ішкі мәлімет алмасудың жоқтығы. Электронды үкіметте мысалы, менің балаларым көрінбейді. Тек 2008 жылдан кейінгілер көрінеді деді ме. Бұл не сөз? Мүлкің, бала-шағаң сартылдап шығып тұрмаса; алыс-берісің әп сәтте шығып жатпаса – не мағынасы бар?
Жалпы, жүйелерді жобалағанда елдегі орташа компьютер сауатты адамның машығы есепке алынбағаны көрініп тұр. "Профессионалдар – профессионалдар үшін" жасалған. Керек адам түсініп алар деген принцип. Сәйкесінше, солай болып жатыр да. Көп адам электронды үкіметті жаны мұрнының ұшына жеткен кезде игерді.
– Әлеуметтік төлемді алғысы келетін адам нөпірі көп болатыны о бастан түсінікті еді. Құзырлы орган осыны ескеріп техникалық мүмкіндігі мол сервисті неге бірден қоспады деп ойлайсыз?
– Басты мәселе осы ғой: неге екені белгісіз, әйтеуір бір интернет-сервис жасау керек деп шешкені. Электронды үкіметтегі жеке кабинетке сіз аласыз не алмайсыз деп, хабарлама жібере салса болмас па еді? Немесе, ЖСН-ды SMS-пен жібергенде жауап берсе?
"Олақ программистің басында екі кесе тұрады. Біреуінде су бар, біреуі бос. Су бары – шөлдеген жағдайға; босы – шөлдемеген жағдайға". Бұл кәсіптік қалжың біздегі "мәселені порталмен шешуді" әдемі суреттейді. Қит етсе сервис жасауға құмарлық – жұмыс көрсетудің амалы ма, әлде қаржы алу амалы ма – зерттеуді қажет ететін сұрақ.
– Президент кеңесшісі Бағдат Мусин жүйе шалыссыз істеуі үшін бір мезетте 25 мың адам кіре алатындай етіп істелгенін айтты. Сервистердің жұмысын ширақ етудің өзге жолдары бар ма?
– Жалпы, кез келген компьютерлік сервис о бастан кеңейтілмелі болып жобаланады. Тіпті, қазір кеңейтілмейтін сервис жасау еш мүмкін емес. Айталық, кез келген стартап "бес-он тиынның" серверінен басталады. Табысты болып жатса – кеңейтіле береді.
Сервистің қазіргі күші аздық ететіні тәжірибелік, аналитикалық әдіспен анықталады. Егер мен қазақ бөгелек аулаушылар клубының сайтын ашсам, бұл елде мен сияқты әрі кеткенде он-он бес жарымес барын шамалаймын. Сондықтан ең арзан сервер жалдай беремін. Ал мемлекеттік қызмет көрсететін веб-сервис о бастан асқын жүктемеге дайын болуы керек. "Біруақытта 25 мың қосылыс" деген техникалық түсініктеменің қажеті жоқ. Cloud-кешендер, CDN жүйелер бар заманда миллиард адам үшін де бәрі дайын. Тек оны дайындап қою, болжалды қатерлердің алдын алуға дайындық жұмыстарында ақау кетті.
Жалпы, шенеуніктер бір нәрсені ұғуы керек. IT-өнім ендігәрі – су құбыры, жарық пен жылу сияқты үйреншікті нәрсе. Халыққа техникалық себептерді айту артық деп білемін. Мұның орнына "иә, біз дайын болмай шықтық" деген дұрыс.
– Миллиондаған қолданушыға бір мезетте қызмет көрсетуге қауқарлы сервис жасау қымбат па? Үкіметтің сондай сервисті жасауына не кедергі?
– Асқын жүктемеге арналған сервис жасаудың қымбат-арзандығы тек тиімділікке байланысты. Тиімді болса, қымбат болса да жасайды. Тиімсіз бе, жасалмауы керек. Өкінішке қарай, бізде компьютерлік жүйелер қажеттіктен гөрі заманауилықтың атрибуты ғана. Әйтпесе сол электронды үкімет анықтама бергеннен, меморгандар өзара пайдаланса да болатын еді. Менен, "жындыханада есепте жоқ" деген анықтама сұрағаннан, қажет орган неге өзі қарап ала бермейді? Міне, сервер мен сайттың сапасынан бұрын, бизнес-процестердің логикасы ақсап тұр. Тағы бір мысал. 42 500 теңгеге кім лайық екені өздерінде де көрініп тұр. Оны халыққа "сендер де қараңдар!" деудің не қажеті бар? Тоқетері, егер іс жүргізудің қисыны қисық болса, оған бүкіл ғаламның серверін қойсаң да шыдамайды. Кез келген database жасарда сондықтан да үлкен жобалау жұмыстары жүреді. Тіпті мысалы, адамның ныспысын енгізгенде, әкесінің аты не қажеті бар деген айтыстар жүреді. Себебі кестедегі әрбір баған қыруар жады үнемдейді. Сервер ұйымдастырудың бар мазмұны – керегінен сәл артық күшпен әрқашан алда жүру. Қазір осыны да көре алмай отырмыз. Білесіз бе, қарапайым халық үшін пойыз – не уақтылы келеді, не кеш келеді. Ал оның тежегіші істен шығып, майы атып кетті ме – ол халықтың шаруасы емес.
– Білім және ғылым министрлігі интернеттің әлсіздігінен онлайн оқытудан бас тартты. Аталған ведомтсво ә деп онлайн оқыту мәселесін қарастырғанда интернетке қатысты қиындыққа тап болатынын білді деп ойлайсыз ба?
– "Білмеді" десем – өзімді зор, оларды қор санап, ақылгөй көрінер едім. Бірақ "білді" деуге – жағдай тағы мынау.
Ең басты қате – ұйымдар немесе бірнеше адамның жұмысына арналған нұсқаулықтарды – жалпыұлттық деңгейге лақ еткізу. Екінші қате – "онлайн" дегенде, адамның жүзін, дауысын реалтайм көріп-естіп отыруды міндетті санағаны. Үшінші қате – еліміздің интернеттену деңгейінің дақпыртына сенуі.
Білім саласы ең үлкен қауымдастық, үйелмен ретінде елдің әр бұрышындағы жағдайдан хабардар болуы тиіс еді. Мұғалімдер аудиториясы – қауіпсіздік комитетінен бетер тармақталған. Әйтсе де ресми статистиканы басшылыққа алып, опық жеген сияқты.
– Цифрлық Қазақстан үкіметтік бағдарламасының 2 және 3 бағытында қолжетімді, қолайлы онлайн қызметті қамтамасыз ету, қолжетім әрі сапалы интернетпен қамту міндеттерін орындау көзделген. Бұл бағыттағы жасалған жұмыстарға көңіліңіз тола ма?
– Жалпы, тендерлік негіздегі ештеңеге көңілім толмайды. Біздің елде жалғыз министрлік бар. Ол – Қаржы министрлігі. Сонымен бірге, Білім министрлігі де шын мәнінде – Қаржы министрлігі. Барлық министрлік – Қаржы министрлігі. Себебі, шын мәніндегі жұмыс – кәсіпте жетістікке жетуге емес, қаржыны жұмсап, есебін дұрыс тапсыруға саяды. IT, интернет сияқты елгезек салалар ондайға көнбейді.
Бір мысал айтайын. Бір мекеме миллионнан астам тұратын фотоаппарат алған. Әттеген-айы – SD-карта сатып алуды ұмытып кетіпті. Болғаны – 20-30 мың теңге тұрады. Бар да ал. Жоқ, болмайды! Себебі бюджетте қаралмаған! Содан ол фотоаппарат шоланда жатып, бір жарым жылдан кейін, келесі жылы алды жадыны! Ендеше, мемлекеттік жоспарлауда мұндай құйтырқы әрқашан бола береді. IT жобалар тек толығымен жекеменшікке кеткен кезде ғана бағы жанады. "Басқамен озам деу – бекершілік".
– Электрондық үкімет порталы жұмысындағы кідіріс цифрландыру саясатынның нендей тұстарын әшкереледі?
– Жалпы, цифрланудың мазмұнын әшкерелейді. Цифрлануды қажеттіктен гөрі, сән көргенін әшкерелейді. Егінді өзі оратын комбайнды көріп пе едіңіз? Сарытіс егіншілерді жинап қойып, егінді робот-комбайнмен орып жатқанын? "Ауылшаруашылық цифрланып жатыр" деген сонда. Кәдімгі комбайнына қосалқы бөлшек таба алмай жүрген ауылдың орыс-қазағына кенет робот-машинаны көрсетті. Олардың әрқайсы сонда не ойлап тұрды екен? Жақсы сөз емес екені анық.
Немесе қиян даладағы ескерткіштегі QR-кодтар. Интернетін де апарса нетті. Жоқ, әйтеуір "цифрланудың" кереметін көрсету керек қой.
Білесіз бе, АҚШ-та кейбір жерлерде 1950-60 жылдарға дейін жерді өгізбен жыртқан. Адам басына үш автомобильден келетін Американың өзі сөйтті. Себебі кей аудандардың механизациясы тиімсіз болды. Ендеше, біз цифрланудың жолында экономикалық қисынды ұмытқан жеріміз көп. Цифрлануда ең алдымен экономикалық негіз болуы керек. Соңғы оқиғалар сол негіздің ойдан шығарылғанын, науқан жолында асыра сілтеуден әлі де тайынбайтынымызды әшкереледі.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір