• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 11:50:38
Алматы
+12°

Политон ютуб-жобасында журналист Сергей Дуванов пен Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің сұхбаты жарияланды. Саясаткер коронавирус індеті елдің саяси-экономикалық жағдайына әсері туралы айтты. 

Ол ең бірінші барша қазақстандықтарды дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған қауіпсіздік шараларын сақтап, үйде отыруға шақырады. Карантин уақытында балаларды ешқайда жібермей, қатаң қадағалау қажеттігін атап өтті.

– Мен түсінемін, біздің менталитетте ата-әжелер балаларын, немерелерін көргісі келеді. Бірақ ата-аналарға балаларды ешқайда апармаңыздар, балабақшаға да жібермей карантин шараларын сақтаңыздар дегім келеді. Менің халыққа айтарым, қазір сіздер билікке өтініш айтпаңыздар, керісінше кез келген мәселе бойынша талап қойыңыздар. Сіздер өтінішті жасап болдыңыздар, енді талап ететін уақыт келді. Себебі қазіргі таңда біздің билік сыналу үстінде. Биліктің қаншалықты мықты екенін тексеретін уақыт келді. Бізде қазір екі мәселе бар: біріншісі – экономикалық кризис болса, екіншісі – Covid19 эпидемиясы. Біз қазіргі таңда Назарбаев жылдар бойы құрып келген билік институттарының қаншалықты әлсіз екенін көріп тұрмыз. Билік қазіргі мәселелермен күресе алмай жатыр, – деді Әкежан Қажыгелдин.

Оның айтуынша, бұл соңғы 300 жылдықтағы 6-шы пандемия. Алдыңғы пандемияларға қарағанда үлкен және бір ғана континентпен шектеліп жатқан жоқ. 

–  Ал енді карантин біткен соң не болады? Мәселен Оңтүстік Корея мен Қытайды айтар болсам, олар сол баяғы жұмысына бара береді. Оларда жоғары деңгейдегі зауыттары, технологиялары бар. Ал біз не істейміз? Қазақстандықтар осы уақытқа дейін талай нәрсені жоғалтты, қазір де жоғалтып жатыр. Бұл ауру бізді кризисқа ұшыратты, – деді саясаткер.

Сұхбат барысында журналист Әкежан Қажыгелдиннің Тоқаевқа  дағдарыстан шығу үшін жазған хаты туралы, ол ұсынған жоспардың биліктің жасап жатқан жұмысынан қандай айырмашылығы, ерекшелігі барын сұрады. 

– Қазіргі таңда біздің билік ДДСҰ-ның ережелерімен жұмыс жасап жатыр. Бұл дұрыс емес. Індет Қазақстанда болып жатқандықтан, мәселеге қатысты өзіміз жоспарлар қабылдауымыз, шаралар жүргізуіміз қажет. Шешімін өзіміз таппасақ, бізге ешкім көмектеспейді. Биліктегілер індет басталғаннан пиар жасап, бос сөзбен жиналыстар өткізіп келеді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Оларға тікелей айтар болсам, ауыздарын жабуды өтінемін. Себебі Тоқаев 1 жыл бойы президенттікте отырды, бірақ жұмыс жасаған жоқ. Оған кедергі жасап жатырмыз. Жауапкершіліктің бәрі Тоқаевтың мойнында болғандықтан, оның жұмыс жасауына кедергі келтірмеуіміз қажет, – деп айтты Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі.

Сонымен қатар ол билік басындағылардың әлеуметтік желіде халықтың айтқанымен, жазғанымен санасып отыру қажеттігін айтты. Осындай жағдайда халықты алдамай, қалай бар, солай шындықты айтуды талап етеді .

– Жағдай ушықпай тұрғанда медицина жағынан қаншалықты қаруланғанымызды қарастыруымыз қажет. Науқастарды емдеп жүрген мамандарға билік кепілдік беруі керек, яғни олардың өміріне қауіп төніп, қайтыс болған жағдайда отбасыларына жәрдемақы берілуіге тиіс, – деді Әкежан Қажыгелдин.  

Осы тұста экс премьер-министр өзінің ұсынып отырған жоспары бойынша ең бірінші міндет адамдарды құтқару қажеттігін атап өтті.

– Дағдарыс уақытында бірінші міндет – адамдарды құтқару. Ал адамдарды тұрақты экономикаға сүйеніп құтқара аламыз. Жалпы билік адамдардың бір-бірімен араласуына шектеу қоймауы керек. Себебі адамдар мынадай қиын жағдайда жұмыла, билік халыққа жұмыс жасауға тиіс, – деді ол.

Сұхбат барысында журналист "премьер-министрлікке шақырса келер ме едіңіз және ұсынған жоспарыңызды сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей аласыз ба" деп сұрады. 

– Мен келісемін, тіпті қашықтан жұмыс жасауға да келісем. Алайда менің дәл премьер-министр болып барғаным маңызды емес. Бізді ақша, капитал жағынан қатаң бақылау керек. Халық биліктен керегін талап етіп, пікірін ашық айта білуге тиіс. Қазір адамдардың көбісі өтірік айтуға үйреніп қалған. Себебі олар жұмыстан шығарып жібереді ме деп қорқады. Алайда шындыққа тура қарайтын кез келді, – деп жауап берді. 

Сонымен қатар ол өз сөзінде белгілі бір билік дәрежесінде болу маңызды еместігін атап айтты. Оның айтуынша маңыздысы Тоқаевтың дұрыс шешім қабылдауын талап ету, қажет болса көмектесетінін де жасырмады.

– Қазіргі уақытта бізге вирусты тексеретін тесттерді көптеп алу қажет. Қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандардың саны объективті емес, одан да көп болуы мүмкін. Індетпен жұмыла күресу үшін шет мемлекетке кетіп қалған докторларды, оқытушыларды елге қайтару қажет, – дейді Ә. Қажыгелдин.

Сөз соңында  Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі дағдарыстан кейін билік өзін-өзі жаңартады немесе толықтай жаңа билік орнайтынын атап айтты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір