24 Наурыз, 2020 NEWS
Ұлыбританиядағы Маржан есімді қазақстандық коронавирустан қалай емделгені туралы Instagram желісінде жазба жариялады. Ол үй карантинінде қажетті ем шараларын алып, қалай күтінгенін ашып айтты.
– Барлығы 2 апта бұрын басталды. Кенеттен басым ауырып, өзімді әлсіз сезіндім. Бір аптаның ішінде осы ауру белгілі болды. Бірде пайда болып, бірде жоқ болды. Дүйсенбіден бастап Борис Джонсон елдегі аса (дәрігерлер, көлік жүргізушілері) қажетті мамандық иелерінен басқа барлық адамдарға үйде қашықтықтан жұмыс жасауға бұйырды. Сол себепті сейсенбіден бастап үйде жұмыс істедім, бірнеше рет онлайн кездесу өткіздім, алайда түстен кейін демалыс алдым. Себебі өзімді нашар сезіндім. Ал түнде дене қызуым көтерілді. Келесі күні жалғаса берді, бұлшық еттерім ауырып, қалтырау басталды. Бірақ суық тию белгілері, жөтел болған жоқ, – деді Маржан есімді желі қолданушысы.
Оның айтуынша, бейсенбі күні қызуы түсіп, өзін әлсіз сезінген. Тек шомылу мен намазға тұрып жүрген. Сондай-ақ ол ауырған уақытта ешқандай иісті сезбегенін атап өтті.
⠀
– Кейіннен дәрігер бұның коронавирус екенін анықтады. Ешқандай ем жоғын және демалып, иммунитетім ауруды жеңгенше күтінуімді айтты. Құдайға шүкір мен тыныс алу сырқаттарымен ауырмаймын. Темекі шекпеймін, ішімдік ішпеймін. Күйеуім бал қосылған зімбір сусынын күнделікті дайындап берді. Иммунитетімді көтеру үшін жасалып жатқан барлық дүниелер әсер етіп, жақсы нәтиже беріп жатыр. Кейіннен ұлым да ауырып қалды, алайда балалар бұл вируспен жақсы күреседі екен, – деді Маржан.
Ол желідегі оқырмандарына коронавирустың белгілері табылған жағдайда ешқандай дүрбелеңге салынбай, үй жағдайында қалай күтіну қажеттігін атап айтты.
⠀
– Ауырған адамдардың 80%-ы үй жағдайында жазылады, оларда менікі сияқты аурудың белгілері немесе одан жеңіл түрлері болуы мүмкін. Ең бастысы – дүрбелеңге салынбау. Жаратушы адамның өмірінің соңын ауруға алып келсе, одан ешқандай жолмен қашып құтыла алмайсың, керісінше оған шахид дәрежесі беріледі. Ал аурудың таралмауы үшін үйде отырған адамдарға сауап шахидпен бірдей беріледі, – деп ол оқырмандарын сабырға шақырды.
Маржан өзінің бастан кешкен оқиғасын баяндай отырып, дәрігерлердің гигиенаға байланысты кеңестерін үздіксіз орындауға және иммунитетті күшейтіуге кеңес берді.
– Өйткені иммунитет – вируспен күреседі. Жаңа дайындалған көкөніс пен жеміс сусындарын, қара зере майын ішіңіздер, сонымен қатар дәрумендерге бай табиғи тағамдарды жеңіздер. Егер де деніңіз сау болса, спортпен шұғылданыңыздар. Аурудың белгілері табылса, қорғанып, өзіңізді оқшаулаңыз, – деді сөзін түйіндеп.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір