23 Наурыз, 2020 Әдебиет
Көрнекі сурет
– Балам, үйге қайтасың ба?
– Демалыста баратын шығармын. Қазір белгісіз...
– Мына жағдайда адам алаңдайды екен. Үйге келгенің дұрыс еді...
– Алаңдамаңызшы! Елдің бәрі көшеде жүр. Маскаларын тағып алған. Мен де саумын ғой!
– Жарайды, балам. Абайлашы.
Ана мен баланың арасындағы қысқа диалог осылай аяқталды.
Екі күн бұрын
Көшеде сабылысқан адамдармен бірге смартфонына үңіліп келе жатқан Қанатты ештеңе алаңдатқан жоқ. Күнделікті тіршілік. Жұмысқа барып-келіп жатқан қала тұрғындары. Тек бәрінің қолындағы смартфонда әр минут сайын үздіксіз әлем жаңалықтары айналып жатыр. Күн санап дерттің алдын алу мүмкін болмай бара жатқаны туралы жаңалық қайта-қайта келген сайын жұрт үрейленудің орнына, бәрінің астарынан саяси ойын іздеп, кейбірі тіпті әзілге айналдырып жатыр. Аялдаманың қасына келген кезде ғана басын көтерген Қанат 56-автобустың тоқтағанын көрді. Лезде ішке еніп, қалтасынан 150 теңгесін шығарып жүргізушіге берді. Билетін алып шет жаққа қарай ығысып тұра қалды. Дәл қасында тұрған жас жігіттің телефонмен сөйлесіп жатқан әңгімесін құлағы шалды: «Ой, бұл деген саясат дейді ғой. Вирус деген өтірік екен. Иә, бәрін әдейі үрейлендіріп жатыр-мыс. Қазір автобустамын. Кейін хабарласамын» деп, тұтқаны қойып, аларған көзімен Қанатқа бір қарап, смартфонына бір қарап ыңғайсызданған адамның кейпін танытып тұра қалды.
Қанат өзіне таныс аялдамаға келіп есіктен шыққалы тұрғанда артында тұрған өзімен қатарлас қыз:
– Кешіріңіз, көмектесіп жібересіз бе?– деп, қиылып қарады. Ұстап тұрған смартфонды қалтасына сүңгітіп жіберіп, қыздың шамасы келмей тұрған сөмкесін көтеріп бірге түсті.
– Сіз қай жаққа барасыз?
– Мен анау бес қабатты үйде тұрамын.
– Қызық, мен де сол үйдің қасындағы он қабатты үйде тұрамын. Үйге дейін апарып бере аласыз ба сөмкені?
– Әрине, әкеліңіз!
Қанат бейтаныс қыздың зілдей сөмкесін ауырсынса да, намысқа тырысып көтеріп келеді. Көз тартатын сұлулығына тамсанып, танысқысы келді.
– Ауылдан келе жатсыз ба?
– Жоқ. Неге сұрадыңыз?
– Мына сөмкені жалғыз көтеріп келгеніңізге сенбеймін,– деп Қанат ыржиды.
– Ауылдан қалаға көшіп келгелі он жылдан асып кетті. Қазір осында қалада тұрамын. Ата-анам және бауырларым бар. Ата-әжеміз ғана ауылда қалды. Мен қазір ғана ұшақтан түстім. Бірнеше ай болды үйдегілерді сағындым. Жұмыс сапарынан оралдым. Өзіңіз ше?
– Түсінікті. Мен осында пәтер жалдап тұрамын. Ата-анам басқа жақта тұрады. Қазір жағдай қиындап кетті ғой. Үйдегілер алаңдап жатыр.
– Иә, менің де үйге асығыс келуіме осы себеп болды. Еуропада адамдар көшеге шығуға қорқады. Алғашында мән бермеген едік. Қазір ол жақтағы жағдай мүлде басқа. Тек Алматыға келген кезде құжынап жүрген адамдарды көріп таң қалдым.
– Біздің халық тегінен мықты ғой. Құдайдан тілек тілеп, дұғамен-ақ бәрінің емін табады.
– Бәлкім...
Екеуі үйдің алдына жетіп, қызды лифтке дейін шығарып салды. Қол алысып, бір-біріне алғысын білдірді де екі жаққа кетті. Қалтасына сүңгітіп жіберген смартфонын алып үйіне қарай беттеді.
Есіктен кірген бетте үйде ешкім жоқ екенін түсінді. Теледидарды қосып, ас үйге кіріп шай қойды. Киімдерін шешіп жатып, теледидардан «шұғыл жаңалықтар» деген дауысты естіп, жанына жүгіріп келді. Теледидар алдында ел президенті сөйлеп, халыққа арнайы үндеу жасады. Елде әлем күресіп жатқан індетке қарсы шара қолдану үшін ел астанасы мен Алматы қаласында карантин жариялайтынын айтты. Карантин екі күннен кейін күшіне еніп, барлық көлік қозғалысы мен адамдардың қоғамдық жерге баруына шектеу қойылатынын, бұл індеттің адамнан адамға тез жұғуына байланысты барлық сақтық шаралары мен тәртіп енгізетінін мәлімдеді. Бәрін естіп тұрған Қанат бір өзгеріс болатындай терезенің алдына келді. Далада бейқам жұрттың тіршілігі. Көліктерінен түсіп жатқандар, аялдамада автобус күтіп тұрғандар, үйіне базардан қайтқандар, ешқандай бір өзгеріс жоқ. Тек Қанаттың жүрегі тыныш емес, көңілі алай-дүлей күй кеше бастады. Әр ойдың жетегіне еріп кеткенін байқамай қалса керек, телефоны шырылдап жатыр. Жүгіріп барды да тұтқаны көтерді.
– Балам, естідің бе?
– Иә, естідім. Ертең кешке үйге шығамын. Әлі екі күн уақыт бар ғой. Карантин күшіне тек екі күннен кейін енеді ғой, анашым?!
– Балам, ең дұрысы бүгін шығып кетсең жақсы болар еді. Әкең де алаңдай бастады.
– Бүгін шыға алмаймын, ертең кешке шығамын. Сөз беремін.
Анасын көндіріп, көңілін тоқ қылуға тырысқан бала ақыры ертең кешке жолға шығатын болып келісті.
Екінті уақыты кірді. Қанат далада жүріп қайтуға сыртқа шықты. Көз алдында тұрған дәріханаға кіріп, маска сұрап еді, сатушы таусылып қалғанын айтты. Соңғы дәріханаға кірген адамдай салы суға кетті. Аялдамаға келіп тоқтаған автобусқа жүгіріп барып мінді де бос тұрған орындыққа жайғасты. Бет алған жағы – досының үйі. Соңғы аялдамадан түсіп, досының үй жағына жеткенде, көлігін қыздырып жатқан досын көрді.
– Бауырым, амансың ба? Қайда жиналдың?
– Қанат, қал қалай? Естімедің бе, қаладан бәрі кетіп жатыр. Вирус жұғады деп қашып жатыр. Мен де үйге кетейін деп шештім. Сен не істейсің?
– Қашқаны несі? Қалада бәрі жайбарақат жүр ғой. Ондай ештеңе байқамадым.
– Қызықтың көкесі Сайран жақта боп жатыр. Қазір сол жаққа кетіп барам, үш клиентпен келісіп қойдым. Бірге кетеміз. Айтпақшы, мен үйге барып қана қоймайын, біраз ақша табайын деп тұрмын.
– Қалай?
– Қазір біз жаққа қарай таксилер адам басына 20 000 теңгеден әкетіп жатыр. Үш адамға бағасын айтып ем, ештеңе деместен келісті. Ойлашы, 60 000 теңгені бұл жерде жүріп бір айда табамыз ғой.
– Сенбеймін. Адам басына 20 000 теңге деген ұят қой!
– Ұятыңды қоя тұр. Сен де жүре бермей, үйге қайт. Мына кеселдің түрі жаман. Қайта карантинді екі күн бұрын ескертіп, жариялағаны дұрыс болды. Әйтпесе осы жерде өлетін бе едік, кім білсін... Сен қайда жол тарттың?
– Саған келгенмін. Шынымен сондай баға болса, жүр бірге барайық. Біз жаққа да бағаны көтеріп алған шығар.
– Кеттік, мін онда.
Қанат пен Арман көлікке отырып Сайранды бетке алды. Автовокзалға жақындаған сайын көлік кептілісі байқала бастады. Тіпті жарты сағатта жететін жерге, бір жарым сағат дегенде әрең жетті. Сайранға жетіп Арман Қанаттың қолын алып қоштасты да, клиенттерін салып Алтын орда жаққа бет алды. Қанат болса өзінің ауылына қанша сұрап жатқанын білгісі келіп, таксилер тұрған тұраққа аяңдады.
– Бауырым, Талдықорған ба?
– Қаншадан жүріп жатсыздар?
– Бес мыңнан.
– Бес мың?
– Иә. Не болды?
– Қайдан түскен баға бұл?
– Қазір қаладан бәрі кетіп жатыр. Мен өзім осы жердің адамымын. Кешке қайта қалаға келемін. Тек кетіп жатқандар қанша десең де баға сұрап жатқан жоқ деген соң, аз да болса ақша тауып алайын дегенім ғой. Оның үстіне екі күннен кейін кредит жабу керек. Карантин болып кетсе ол да қалады. Не істейсің, барасың ба?
– Жоқ. Рақмет!
Қанат көз алдында адамгершілікті табанына таптап тұрып, ар алдында үлкен қылмыс жасап тұрған адамды көрді. Әкесімен жасты адамның ақша үшін осынша әрекетке барғанына таң. Іштей оны да сөккісі келмейді. Қазір ешкім жетісіп жүрген жоқ. Бәрі айлықтан айлыққа күн көріп жатқан қоғамда бұл да болса бір көнкөріс жолы шығар деп түйді.
Сайранның айналасы толған көлік. Кезек күтіп тұрған біреуі жоқ. Ағылып жатқан адамдарды салып, жан-жаққа қозғалып жатыр. Алматыға ақырзаман төніп келе жатқандай. Бәрінің көзінде үрей мен үміт араласып жүр. Кейбірі тіпті кішкентай сәбилерді көтеріп асығып барады. Ешкімде уақыт жоқ. Тек осының бәрі Қанаттың түсінде болып жатқандай. Анығы фильмдерден ғана көретін осы бір көріністі қабылдай алмады. Бұ жұрттың алаңын түсінбеген қалпы автобусқа отырып үйге қайтты. Өзінің аялдамасына жетіп, үйіне қарай беттеді. Келе жатып тамағына әлдене тұрып қалған адамдай жөтеліп келеді. Жөтелген сайын кеудесі қысып, басы ауырады. Қалтасынан кілтін алып, үйге кірді де мазасы қашқан күйі жатып қалды.
Бір күн бұрын
Күннің көзі ұйқыда жатқан Қанаттың маңдайынан сүмек болып ағып жатқан тамшы терге түсті. Әлі мазасы болмай жатқан Қанат орнынан әрең тұрды. Жуынатын бөлмеге барып беті-қолын шайды да алдында тұрған айнаға қарады. Өзін танымай қалды. Бір-ақ түнде өңі қашып кеткен. Телефон шыр ете түсі. Орамалға бетін сүртіп жатып, тағы бір-екі рет қатты жөтеліп, ауызын сүрткен күйі жатын бөлмеде тұрған телефонын алды.
– Қанат, балам?!
– Айта беріңіз.
– Не болды балам? Бір жерің ауырып тұр ма?
– Жоқ, бәрі дұрыс, анашым. Алаңдамаңыз. Шаршағаннан болар.
– Балам-ау, үйге келші. Бүгін кешке шығамын деп едің. Ең дұрысы кешке қалмасаң жақсы еді. Қаланы жауып тастаса қалып қоясың ғой.
– Қалмаймын. Қазір бір-екі сағатта шығамын. Оның үстіне үй жаққа таксистер бес мың теңгемен әкетіп жатыр. Қымбат қой.
– Ақшаң болмаса жіберейін. Тез үйге келші.
– Жарайды. Онда картама ақша аударып жіберіңіз, мен қазір киініп шығамын.
– Дұрыс болды, балам. Сөйте ғой.
Тұтқа қойылып, Қанат қайта жуынатын бөлмеге келді. Орамалын жерден алып ілмек болғанда көзі қып-қызыл қанға түсті. Ақ орамалына сіңіп қалған қан әлі кеппеген. Анасымен сөйлесер алдында жөтелгені есіне түсті. Маңдайынан шығып жатқан тер тоқтайтын емес. Температурасын өлшеп еді 39-ға жеткен. Тіпті қанша салқын басып, үйде тұрған дәрілерді ішіп еді, әсер етпеді. Жүрегі айнып, іші бұрай берді. Арада 1 сағат өткенде сырттан жедел жәрдемнің дауысы анық естілді. Терезеге барып солардан көмек сұрағысы келгендей аянышты көзімен қарап тұр. Жедел жәрдем қарама-қарсы тұрған он қабатты үйге келіп тоқтады. Ішінен бет-ауызын тұмшалаған үш дәрігер түсті де, ішке кіріп кетті. Бірнеше минут өткенше болған жоқ, арбаға салған бір адамды көлікке салып жатыр. Кім екенін аңғара алмады. Кенет... Кенет жедел жәрдемге отырып жатқан дәрігердің қолынан кеше өзі көмектесіп, үйіне дейін жеткізіп тастаған қыздың кішкентай сөмкесін таныды. Қанаттың бойын үрей билеп, маңдайынан шығып жатқан тер мұздай болып, енді тоңдыра бастады. Қанат енді түсінді...
Заттарын жинап, жүктерін салып жатыр. Әлсіреп қалған аяқ-қолы өзіне бағынар емес. Әбден әлі кетті. Санасында сандалып жатқан ойлар мазасы кетіп тұрған адамның одан сайын дегбірін қашырды. Алқымнан алған жөтел қысқан сайын есі шығып, нені қайда салып жатқанын аңғарған жоқ. Шалбарын сөмкесіне еңкейіп салып жатып, шалқасынан түсті. Одан әрі әлі келер емес. Қалтасындағы телефонын алып номер тере бастады...
– Алло?
– Алло...
– Қанат?
– Әке...
– Қанат, бәрі дұрыс па?
– Әке, жағдайым нашарлап барады. Бәлкім... білмеймін... Әке, менде ыстық түспей жатыр, жөтелген сайын кеудем қысып жатыр. Не істеймін?
Телефон ар жағында ауыр тыныс алған әкесі бір минут үнсіз тұрды. Әлі үнсіздік...
– Балам! Әлі кеш емес. Әлі ештеңе белгісіз. Ештеңе жасырма. Дәл қазір жедел жәрдем шақырып, жағдайыңды айтып түсіндір.
– Әке үйге барғым келеді... Әке мені алып кетші...
– Қанат, балам. Үйден ешқайда шықпа! Ешкіммен байланысып, жақын араласпа. Маған да бұл сөздерді айту оңай емес, бірақ балам, менің айтарым осы. Сен өзіңді емес, мені емес, жолдағы ағылып жатқан халықты ойла! Бәлкім, мен жер бетіндегі ең қатыгез әке шығармын..! – деген сөз еміс естіліп барып, телефон тұтқасы қойылды. Әкесінің көзінен ыршып шыққан жас, анасының кеудесіндегі жұдырықтай ғана жарға барып соғылғандай әсер қалдырды.
– Қайырлы кеш. Бұл Алматы қаласы бойынша жедел-жәрдем. Қандай көмек керек?
– Жароков көшесі, отыз екінші үй, он бесінші пәтер. Тездетіңіздер. Менің жағдайым мәз емес...
Тұтқаның ар жағындағы дауыс бір естіліп, бір естілмей жоғалып кетті. Арада өткен он бес минут ішінде аталған пәтердің есігінен беттерін тұмшалап алған екі дәрігер келіп, жерде жатқан Қанатты көтеріп, көлікке қарай жүгірді. Қанаттың көз алдында ырғалып бара жатқан екі адамның тұмшаланған бейнесі ғана қалды.
56-автобус аялдамаға келіп тоқтады. Есікке кіре берістегі темірді ұстап тұрған қария далаға шыға салып, қайта-қайта жөтеле бастады...
Дәріханадан шыққан қыз маскасын шешіп, жөтеле бастады. Маңдайынан шыққан терді сүртіп, аялдамаға қарай жақындады.
Ұзын-сонар кептелістен шыға алмай, қалада бір күн түнеп қалған Арман үш клиентін алып ауылына басып барады. Күрк ете түскен Арман үреймен қараған үшеуіне:
– Темекіден ғой, қорықпаңдар!– деп жымиды.
Үйіне оралған жүргізуші бес мың теңгеліктерді алып, әйеліне ұстатты. Ерін құшақтап, разылығын білдіріп жатқан жары күйеуінің маңдайынан шығып тұрған терді байқаған жоқ...
Жұқпалы аурулармен күресетін, арнайы індет кезінде оқшауланған емхананың іші. Иісі мұрынды ашытып жіберетін дәліз. Ақ халат сыртынан қымтанып алған, бетін жаппай орап маскасын таққан дәрігер әрі-бері жүр. Құлыптаулы есік. Тек қарауға ғана арналған төртбұрыш шағын әйнектің ар жағында аппаратпен тыныстап жатқан жігіт жатыр. Ол іштей өкініп жатыр. Тек өкініш...
Сағат 00:00
КАРАНТИН
Әңгіме авторы: Марғұлан Ақан
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір