• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 12:31:07
Алматы
+12°

Орталық Азияның бүгінгі таңда жалпы дүниежүзілік саясат шеңберінде алып отырған маңызы күннен күнге артып келе жатыр. Мен бұл ретте әсіресе, біздің еліміздің ерекше рөлін атап өткім келеді. Салиқалы сыртқы саясатымызбен, бейбіт те берекелі болмысымызбен бүкіл жиһандағы елдердің назарына іліктік. Орталық Азия аймағының салмағын тек біздің Еуропадағы әріптестеріміз ғана емес, сонымен қатар басқа жағрафиялық кеңістіктегі елдер де жақсы сезінеді.

Қазақстан егемендігін алған күннен бастап өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан ең бірінші ел болып тарихқа енді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін аса күрделі кезең еді. Дүние жүзіндегі супердержавалардың бірі ыдырап, әлем картасында оннан астам жаңа мемлекеттер пайда болды. Еуропаны қоса алғанда, іс жүзінде төрткүл дүниенің барлық өңірінде әскери-саяси жанжалдар саны арта түсті; қарсы тұрушылық тек Батыс пен Шығыстың арасында ғана емес, сондай-ақ Солтүстік пен Оңтүстіктің арасында да жиілеп кетті. Бұл жаһандану үдерістері барынша күшейіп, барлық елдерді бір-біріне экономикалық және саяси тұрғыдан тәуелді ете түскен кезең еді. Жаһандану мемлекетаралық шекаралардың біртіндеп «өшірілуі», капиталдың, еңбек және интеллектуалдық ресурстардың, ақпараттардың еркін қозғалысы, елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың серпінді дамуы сияқты факторлармен ғана шектеліп қалмайтынын көрсетті.

1997 жылы Алматы декларациясында Орталық Азия елдерінің және Семей қаласының ядролық қарудан таза аймақ екендігі туралы алғаш рет келісімге қол қойылды. Мұның өзі Орталық Азия елдері үшін өңірлік және халықаралық тұрлаулылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу жөніндегі ұмтылыста тарихи маңызы бар шара деп білеміз. Біздіңше, халықаралық қауымдастық, соның ішінде ядролық қаруға ие елдер ядролық қарудан еркін деп табылған әлемнің әр түрлі түкпірінде халықаралық аймақтарды құру процесін қуаттап, қолдаулары тиіс. Халықаралық қауымдастықтың барлық мүшелерінің БҰҰ жарғысының қағидаттары мен халықаралық құқық нормаларының жалпыға бірдей танымал мақсаттарын бұлжытпай орындауы бүгінгі таңдағы мемлекеттік қауіпсіздіктің кепілі болуы тиіс.

Еуропа Одағының қабылдаған жаңа стратегиясы бар. Ол біз мекендеп жатқан аймақтың әлемдік ықпалдастықтағы жаңаша маңызын, өзіндік орнын тиісінше ескеріп отыр. Бұл тек энергетикалық шикізат көздері ғана емес, сонымен қатар транзиттік, транспорттық әлеует, лаңкестікпен күрес, қазіргі жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу сияқты басқа да халықаралық көкейкесті мәселелерді қамтиды. Сондықтан Орталық Азияға осы күні дүниежүзінің ықыласы айырықша болып тұр.

Қазақ елінің ішкі және сыртқы саясаттары бейбіт қалыпқа негізделген. Біз көршілеріміздің саясатына өз мүддемізді тықпаламаймыз және өзімізді басқа біреудің жетегіне ертіп әкетуіне жол бермейміз. Қазыбек бише айтқанда, «қазақ - бейбіт сүйгіш, жай жатқан ел, жерінің шетіне жау табаны тимесін деп найзасының ұшына үкі таққан ел». Сонау Абылай заманынан бастау тартқан, бабалар жүргізген сарабдал саясаттан нәр алған ұстанымымыз бір сәт болса да тура жолдан тайған емес. Біз бұл жетістікке пікірталастар мен келісімдер арқылы табан тіредік.

Рас, Батыста демократия қауіпсіздіктің, мемлекет өркендеуінің басты кепілі екенін жиі айтады. Демократия, сөз жоқ, кез келген ел үшін игілік болып табылады. У.Черчиль айтқандай, «адамзат одан озық ештеңе ойлап тапқан жоқ». Бүгінде сіз айтып отырған Батыстың академиялық орталары демократияны әлемнің кез келген бұрышында бір сәтте орнатудың мүмкін еместігін мойындайды. Оның дамуының нақты, тіпті өз заңдылығы бар десе де болады. Алғашқы кезеңде – тұрақтылық, содан кейін әл-ауқат, сосын барып демократия тамыр жаяды. Саяси тұрақтылық пен экономикалық әл-ауқат тарих ауқымындағы ауыспалы құбылыстар – бір келер, бір кетер. Демократия болса бір мезетте өзгертуге бағынбайтын қоғамдық менталитетке жататын ұғым. Халық санасынан тереңдеп тамырын жайып үлгірген демократияны бір мезетте жоқ ету де мүмкін емес.

Қазір әлемде Қазақстанға деген қызығушылықтың бар екенін шетелдік саясаткерлердің әр кездері айтылған пікірлерінен білеміз. Осыдан оншақты жыл бұрын АҚШ-та елші болған дипломат – елші Ерлан Ыдырысов Алматыға келген бір сапарында Америка Құрама Штаттарында Қазақстан жан-жақты зерттелетінін айтып қалды. Висконсин университетіннің Шығыс Азияны зерттеу орталығында қазақ тілі сабағы өтетінін, онда қазақ тіліндегі материалдар оқу барысында кеңінен қолданатынын де елшімен кездесу кезінде білген едік. Аризона Университетінде Қазақстанды зерттеу курсы тұрақты түрде өткізілеп, атақты жазушыларымыз бен тарихшыларымыздың еңбектері, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз америкалық студенттер назарына ұсынылады екен. «Қазақстанды зерттеу саласына үлкен үлес қосқан америкалық ғалымдардың ішінде М.Олкотты ерекше атап өтер едім. Ол белгілі «Қазақтар» деген кітаптың авторы. Бұл еңбекте қазақтардың тарихы, өзіндік ерекшелігі, болмысы туралы білім жүйеленіп, батыс оқырмандарына қызықты да тартымды тілде жазылған. Жалпы елшілік екі елдің зерттеушілері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға үлкен мән береді. Осы орайда Қазақстан тарапынан Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мен Carnegie Endowment, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы секілді ғылыми-зерттеу орындарын атап өтуге болады» деген еді елші журналистермен кездескен кезде.

Әрине, өткен тарих қымбат. Тарих бізге өткенімізден сабақ алу үшін керек. Қазақ елі тәуелсіздікпен бірге қоғамдық формацияның өтпелі кезеңін бастан кешті. КСРО құрамындағы социалистік жүйеден аз ғана уақыт ішінде нарық заңына ілесуге тура келді. Қазір әлемде алпауыт елдердің өзі біздің елді нарықтың заңдылығына эволюциялық даму жолымен түскен ел деп тани бастады. Бұл бізден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі біздің геосаяси жағдайымыз, ҚХР немесе РФ тәрізді әлемдік державалармен көршілес орналасуымыз біз таңдап алған көпвекторлы саясат ес жиып алуымызға, қосымша тыныс алуымызға мүмкіндік бергенін бүгін байқап жүрміз. Себебі біз өзгеше елміз. Біздің геосаяси жағдайымыз да алыс-жақын көршілерімізге ұқсамайды. Біз Ресей немесе Қытайдан келген дауылдан қазақ жерін қалқан етіп қорғанып отырған өзбек немесе түрікмен емеспіз. Әлемдік картадағы орнымыз – біздің тағдырымыз. Қазіргі жүргізіп отырған саясатымыз – Абылай заманынан басталған салқынқанды саясаттың жалғасы. 1992 жылы біздің Президентпен кездескен Израильдің басшысы Шимон Перестің «Мен сіздің орныңызда бола қалсам, таңертең оң көзімді ашқанымда – Қытайды, сол көзімді ашқанымда – Ресейді көрер едім. Сонда мен: «Иә, Құдай, бұл маған не қылғаның?» – деп зар салар едім» деген әзілінде астарлы ақиқат бар.

Экономикалық мәселелерінің күрделілігі мен маңыздылығы сыртқы саяси байланыстарды аз ғана уақыт ішінде жүйелендіруімізді талап етті. Бірінші кезекте мемлекеттік-ұлттық мүдделерді қорғау, тікелей шет­елдік инвестицияларды тарту, халықаралық және екіжақты ынтымақтастықты нығайту, шетелдік әріптестерге Қазақстан жөніндегі объективті ақпаратты жеткізуге басымдық берілді.

Еліміз тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзімде, халықаралық қатынастардың жауапты субъектісі ретіндегі беделін бекітті.

2000 жылдардың бергі уақыт Қазақстанның халықаралық ұйымдарға төрағалық еткен жылдарымен есте қалды: 2010 жылы біз ЕҚЫҰ-на төраға болдық. Қазақстанды Ресеймен байланыстырып тұрған күш санғасырлық тарих және одақтық келісімшарттар. Бірақ, өкінішке қарай, Ресейдің Батыспен ара-қатынасы мәз емес. «Осындай жағдайда Төрағалыққа бейтараптық принципін ұстану Қазақстанға қаншалықты сын тезіне салғанын бұл күнде тек санаулы адамдар ғана біледі. Сол жылдары Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі болған Қайрат Абдрахманов Алматыға келген сапарында ұйым Төрағасы Ұйымның барлық мүшелері үшін шешім қабылдамайтынын, консенсусқа қол жеткізуге бағытталған өркениетті пікір таластар қамтамасыз етіп, консенсусты шешімдер негізінде жұмыс істейтінін айтқан болатын. Мәскеу де, Батыс та мұны жақсы біледі. Және жаһандық ынтымақтастықты жаңа сапаға көтеру қажеттігін де түсінеді. Осы тұста Мәскеумен арадағы ара-қатынасымыздың түзулігі Еуроатлантикадағы аса қажетті сенімді қалыпқа келтіруге септігін тигізіпті.

Ал Уганданың астанасы Кампала қаласында болған Ислам Конферен­ция­сы Ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 35-сессиясында Қазақ­стан 2011 жылы мұсылман әлемінің осы беделді ұйымына төрағалық ету туралы шешім қабылданды. Ислам конференциясы ұйымына ертеректе мүше елдер Қазақ елін «қай әлемнің белсенді мүшесі» деп қабылдайды екен деген сұрақ кесе-көлденең тұратыны даусыз. Мұсылман әлемі бұл жаңалықты зор шаттықпен қабыл алды. Сенегалда өткен ИКҰ-ның 11-ші саммитінде де, мұсылман елдерінің сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бас қосқан Угандадағы ИКҰ-ның 35-сессиясында да арнайы қаулылар қабылданып, Еуропаның күре тамырына айналған ЕКЫҰ-ға алғаш мұсылман елі болып Қазақстан төрағалық етуін жаһандану заманында ортақ жетістік деп бағалап үлгірді.  Ислам конференциясы Ұйымына мүше елдер Қазақстанға  Еуропа және Азия өңірлік бірлестіктеріне кіретін Еуразиялық мемлекет ретінде қарайтыны даусыз. ИКҰ мүше мемлекеттері ИКҰ реформасы тұрғысында Қазақстан әлеуметтік-мәдени, экономикалық және саясат саласында еуропалық және мұсылман өркениеттерін жақындастыру бойынша жаңа идеялар енгізеді деп үміттенеді.

Қазақстан халықтарының жартысынан астамы мұсылман, оның ішінде сунниттер болса да, елдің ішкі сыртқы саясатында бейтараптық саясат ұстануы, ешбір дінді именіп, өзіне бұра тартпауы Ислам конференциясы ұйымыны тарапынан жоғары бағаланды.

2015 жылдан бері ЕАЭО мүшесіміз. 2000 жылдары Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен пайда болған идея осыдан 5 жыл бұрын іске асты. Бұл жобаның экономикалық сипатына сенбегендер кеше де көп болды, бүгін де жетеді. Бірақ ЕЭК комиссияның әрбір кеңесін мүдделер тартысының алаңы екенін оны жиын жұмысына қатысқандар ғана біледі.

Ресей тарапынан ортақ валюта туралы пікірлер белең алып бара жатқан тұста Қазақстан тарапы оның тасырланып кетуіне мүмкіндік бермеді. Ресейдің Орталық Азиядағы саяси ұстанымдарында Қазақстанға сай келмей­тін мәселелер бар. Ресей Орталық Азиядағы ықпалын күшейткісі келеді. Бірақ олар өз ықпалын арттыру жолында ескі механизмдерді істен шығарып жатыр. Бұрынғыдай саяси қысым жасау, талап қою сияқты әдістермен емес, заманауи тетіктерге көбірек жүгіне бастады. Мысалы, Ресейде Орталық Азия елдеріндегі саяси жағдайларды кірпік қақпай бақылап, билік басындағыларды қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп отырған бір емес, бірнеше тәуелсіз саяси зерттеу институт бар. Қазір Ресей саясаттанушылары түрлі салалық тақырыптарға мамандана бастады. Бұл Ресейден шығып жатқан мерзімді басылымдардың деңгейіне де әсер ете бастады. Ресей журналистері түрлі сараптамалық материал дайындау барысында жекелеген өз тақырыбын кәсіби түрде меңгерген саясаттанушылардың көмегіне жүгіне алады. Сондықтан алдағы күндерде көрші елдеріміз жүргізіп отырған саясатты қалт жібермей бақылап отыратын саясаттанушылар тобын қалыптастыруымыз қажет. Басқаша айтқанда саясаттанушыларымыз жекелеген салаларға ойысып, әртараптандырылуы тиіс.

Сол кезде ғана қазақ мүддесінің қалтарыста қалып кетуіне ешкім жол бермейді.

Рауан ІЛИЯСОВ

Саясаттанушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір