27 Ақпан, 2020 NEWS
Алматыда қоғам белсендісі Дулат Ағаділмен қоштасу жиыны митингіге ұласты.
60 шақты адам қалалық прокуратура ғимаратына келіп, қалалық прокурордың шығуын, соңғы күндері өткен митингілер кезінде ұсталған 18 азаматты босатуын талап етті.
Азаматтар алдына Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаевтің орынбасары шығып, азаматтар сот шешімімен қамалғанын айтып, келіспеген жағдайда Жоғарғы сотқа шағымдануға болатынын мәлім етті.
Жиналған азаматтар Алматы прокуроры Берік Жүйріктаевтің шығуын талап етіп, "халықтың шыдамы шексіз емес, сондықтан қамалған азаматтарды босатыңыздар. Бір адамды өлтіріп бізді қорқыта алмайсыздар. Біз қорықпаймыз. "Бостандық", заң жоқ" деп ұрандауда.
Прокуратура өкілі митингінің заңсыз екенін мәлім етіп, жиналғандардың тарауын сұрады.
Өзін Асынбек Қарайов деп таныстырған азамат прокуратура өкілінің сөзі провакация екенін, бұл ешқандай митинг емес, прокуратураға арыз-шағымды айту екенін жеткізді.
Жиналғандар қала прокуроры шықпаған соң Алматы қала әкімдігі ғимаратының алдына келіп, әкім Бақытжан Сағынтаевтың шығуын талап етуде.
Әкімдік өкілі азаматтарға талап-арыздарын өзіне айтуын, Сағынтаевтың орнында емес екенін айтты. Бірақ азаматтар оған келіспеді. Белсенді Асынбек Қарайов "Біз бүлікші емеспіз. Қуғын болмасын, кісі өлімі болмасын" деген талабымызды қала әкіміне көзбе-көз айтқымыз келеді. Содан кейін тараймыз" деді.
Алайда қала әкімі қарасын көрсетпеді. 60 шақты адам бірнеше сағат күтіп, соңында қоғам белсендісі Дулат Ағаділге, тәуелсіздік үшін құрбан болған желтоқсаншыларға арнап құран оқыды.
Артынша бейбіт түрде тарай бастады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір