• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 08:23:38
Алматы
+12°

20 Ақпан, 2020 Аймақтар

"Маған «демагог» керек емес": Баталов есебінен соң Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды

«Мен кеше байқағанмын. Халық маған келгенде, ол жөнді жауап та бере алған жоқ. Мұндай адамды «демагог» деп атайды. Демагог керек емес. Арызын жазсын. Содан кейін мына кісінің мәселесін шешіп беріңдер»

Фото: inform.kz

Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Облыс басшысының бұлай ашу шақыруына Талдықорған қаласының тұрғыны Ляззат Құдайберген көтерген мәселесінің әлі күнге дейін шешілмеуі себеп болды. Дәлірек айтқанда,  есептік жиын аяқталар тұста қала тұрғыны облыс әкімінен өз шағымын тыңдауды өтінді. Амандық Баталов төрт баласы бар жалғыз басты анаға жағдайын жиыннан соң тыңдайтыны айтты.

Бұдан соң залдың шыға берісінде әкімді күткен Ляззат Құдайберген Амандық Баталовқа өз мәселесі бойынша жанайқайын жеткізді.

«Мен сізге қараша айында жолыққан болатынмын. Сіз қала әкімінің орынбасары Асхат Мейрамғалиұлына тапсырма бердіңіз. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай мәселем шешілген жоқ. 21 жылдан астам уақыттан бері ата-анамнан қалған пәтерімнің құжаттарын рәсімдей алмай жүрмін. Мен көпбалалы анамын, жалғыз басты. Қайда барамын енді, білмеймін», - деді Ляззат Құдайберген.

Өз кезегінде аймақ басшысы көпбалалы анадан мәселесінің не себепті шешілмегенін сұрады.

«Амандық Баталовқа кірсеңіз болды, мәселе шешіледі деп ойлайсыз ба?», - деді маған Асхат Мейрамғалиұлы. «Пәленбай миллион халық бар, бәріне көмектесе берсем нем қалады, ақшаңды шығар да өзің жаса» деді. Егер менің ақшам бар болса, мен ондай көмек сұрамас едім. Мен сізден тұрғын-үй, қаражат сұрап тұрған жоқпын. Әке-шешемнен қалған өз үйімнің құжаттарын рәсімдей алмай тұрмын. Базада ол үй жоқ. Үкіметке өтпеген. Құрылыс болып, тапсырылмаған. Сол күйі әркім өз бетінше кіріп алған. Мен ол жерде тіркеуде тұрмын», - деді Ләззат Құдайберген.

Осы ретте, Амандық Баталов Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаровты шақырып, өзіне берілген тапсырманы не себепті орындамағанын сұрады. Шенеуніктің жауабына қанағаттанбаған облыс әкімі мәселені осынша уақыт созбай арнайы құрамдағы комиссиямен-ақ шешуге болатынын айта келіп:

«Маған «демагог» керек емес. Арызыңды жаз да, бар...Мен кеше байқағанмын. Халық маған келгенде, ол жөнді  жауап та бере алған жоқ. Мұндай адамды «демагог» деп атайды. Демагог керек емес. Арызын жазсын. Содан кейін мына кісінің мәселесін шешіп беріңдер», - деді.

Әрі Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа өзіне іскер орынбасар табуды тапсырды.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір