• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 18:43:04
Алматы
+12°

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетіндегі оқуларынан шығарылған 2-курстың 10 студенті мен олардың ата-аналары наразылық акциясын ұйымдастырды.

Студенттердің оқудан шығарылуына 1 және 2-курс студенттері арасындағы келіспеушілік себеп болған. 1-курс студенттері 2-курс шәкірттеріне арыз жазғаннан кейін 10 студент автоматты түрде оқудан шеттетілген.

Қамшы тілшісі аталған жайт туралы университеттің баспасөз хатшысы мен факультет басшылығынан пікір алмақ болып еді, факультет деканының орынбасары Нұрлан Берікбайұлы деканның рұқсатынсыз ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты. Университеттің баспасөз қызметі де журналист сұрақтарына жауап беруден бас тартты. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аты-жөнін атамауды сұраған филология факультетінің оқытушысы басшылық "мәселені шешудің басқа жолын қарастырмады" дейді.

– Студенттерін тәрбиелеуді өз уақытында, жүйелі, мазмұнды жүргізбеген.  Осы уақытқа дейін жастардың арасына барып, қарым-қатынасты реттемеген, қадағаламаған, тіл табыспаған ҚазҰУ-дың тәрбие бөлімінің басшылары студенттер арасында проблема туындаған кезде педагогикалық-психологиялық тұрғыдан зерттеп, салиқалы түрде шешпей, бірден 10 бірдей студентті оқудан шығарып жіберді. Бұдан бөлек әлі санасы толық қалыптаспаған, стресске шыдамсыз, тәжірибесіз жастарды «желдің өтіне» лақтырып, өздерін ақтап алып отыр. Бұйрық шығаруға асыққан басшылық өз студенттерінен осындай оңай жолмен құтылып, бұл мәселені шешудің басқа жолын қарастырмаған, – деді өзінің аты-жөнін атамауды сұраған филология факультетінің оқытушысы.

Шеруге шыққан ата-аналардың айтуынша, факультет басшылығы студенттерді оқудан шығарылу себебін, жағдайдың барысын түсіндірмеген. Сондай-ақ оқудан шығарылған студенттерге ешкім шағымданбаған.

– "Әлімжеттік жасады" деген 2-курс студенттері өз кінәсін мойындамайды, "таяқ жеді" деген 1-курс студенттері шағымданбаған. Тәртіп сақшыларының қолындағы бейнежазбаны негіз етіп алған факультет басшылығы жастарды неге диалогқа шақырмаған? Не себепті анық-қанығын біліп, тек кінәлілерді ғана жазаламаған? Неге жатақханадан шығарып, шәкіртақыдан айырып, қатаң ескерту бермеске?, – дейді шеруге шыққан ата-аналардың бірі.

Шеруге шыққан студенттер факультет деканы Өмірхан Әбдиманұлынан оқудан шығарылуларының себебін сұрағанда, декан дұрыстап жауап берместен, ата-ананы жұлқылап, ұрып, "Сен деген оттама" деп дөрекі сөзден айтқан.

Оқудан шығарылған студенттердің бірі факультет басшылығы "бізге жала жауып отыр" дегенді айтты.

– 500 студенттің әрқайсысы біз үшін өтініш жазып отыр. Мен 10 баланың ішінде зардап шегушінің бірімін. Бізге әртүрлі жалалар жабылып жатыр. Бәріміз грантта оқимыз және университет ұйымдарының белсенді жастарымыз. Біз  оқу үшін ҚазҰУ-ға арман қуып келдік. Ал факультет басшылығы бүйректен сирақ шығарып отыр. Осы уақытқа дейін 10 студенттің бірі де жазғы оқуға қалып немесе сессиядан құлап көрмеген. Мұғалімдеріміз де қолдап отыр. Осыншама студентке жала жауып отырғанда, ҚазҰУ-дың рейтинг бойынша 227-орында тұрғаны кімге керек?, – деді оқудан шығарылған студент. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір