akorda.kz
Бүгін таңертең Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында тұрғындар арасында болған жаппай төбелеске кім кінәлі екенін айтты.
Тоқаевтың сөзінше, тұрғындардың жаппай төбелесуіне мемлекеттік органдардың салғырттығы себеп болған.
"Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы арқасында арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!" деп жазды президент Twitter парақшасында.
Бұған қоса Тоқаев осы оқиға байланысты көптеген азаматтардан өтініш түсіп жатқанын, этникалық дүнген баласы жолдаған бейнежазбаға назар аударатынын айтты.
"Бұл күндері азаматтарымыздан көптеген өтініштер келіп түсуде. Дүнген баласының бейнежазбасына назар аудардым. Жауап беремін: Менің міндетім - елімізде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету" деп жазды Тоқаев.
7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы түрлі ұлт өкілдері тұратын бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында төбелес жанжал болып, тұрғын үйлер мен көліктер өртенді. Билік 8 адамның өлгенін, 40-тан астам адамның жарақаттанғанын хабарлады. Полиция "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық істер қозғады. Бірақ осы оқиға кезінде ұсталған азаматтар босатылды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір