• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 10:00:28
Алматы
+12°

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Bek Air» ұшағы апатынан зардап шеккендерден өзіне хаттар түсіп жатқанын айтты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақпараттың дерегін негізге алып.

«Жақында елімізде әуе апаты болғанын барлығы біледі. Маған осыған байланысты зардап шеккендерден әлі де хаттар түсіп жатыр. Айтуларынша, олар әлі ақшалай өтемақыны ала алмай жатқан көрінеді. Жұмысқа жарамсыз жағдайда қалғандары, ауруханада жатқандары бар. Осыған байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр», - деп мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға қарата айтты.

Өз кезегінде Роман Скляр көз жұмғандардың отбасыларына 4 миллион теңгеден көмек көрсетілгенін жеткізді. Сонымен бірге, ұшақта болғандардың бәрі де сақтандыру компаниясы арқылы тиісті көмектер берілмек.

«Жуық арада төлемдер жүргізіледі. Қажетті құжаттардың бәрі ресімделді», - деді ол.

Өз кезегінде Президент «аман қалған, бірақ зардап шегіп, жұмысқа жарамсыз болып қалған адамдардың жайы не болды?» деп сұрады.

«Жалпы, 52 адам зардап шеккен болатын. Оларға жергілікті атқарушы органдар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көмек көрсетеді», - деді Роман Скляр.

Президент өз сөзінде бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған болатын. 12 адам қаза тапты. Кейін Алматы әуежайы «Bek Air» ұшағының құлау уақытының хронологиясын жариялады.



 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір