• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 09:52:49
Алматы
+12°

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Алматыдағы ұшақ апатына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. 

Ақорданың хабарлауынша, жиынға премьер-министр Асқар Мамин, президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов, бас прокурор Ғизат Нұрдәлетов, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Кәрім Мәсімов, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәрен Абаев, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысқан. Ал қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев шұғыл кеңеске қатысқан жоқ. Оның орнына қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұхамет Қасымов Тоқаев өткізген шұғыл жиынға қатысты.

Жиында Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болған азаматтардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтып, премьер-министр Асқар Маминнің, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың есептерін тыңдаған.

Ақорда таратқан хабарламада Тоқаевтың қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуді тапсырғаны жазылған.

"Қайтыс болғандардың жақындарына жан-жақты психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек беріледі. 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған президент еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді" - делінген Ақорлда таратқан хабарламада.

Ақорданың жазуынша, Тоқаев кеңес барысында ұшақ апатына соқтырған себептерді сапалы әрі объективті түрде тексеруге, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" акционерлік қоғамын білікті мамандармен қамту жұмыстарын толық аяқтау шараларын қабылдауға, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компанияларының жұмыстары мен авиациялық инфрақұрылым нысандарын тексеруге тапсырма берген.

Бұған қоса, Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.

Бүгін, 27 желтоқсан күні таңертең Алматы әуежайы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Алматы әуежайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Ресми орындардың дерегін негізге алған бірқатар БАҚ бастапқыда 15 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Кейінірек премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатынан 12 адамның қаза болғанын мәлімдеді. Олардың арасында экипаж командирі Марат Мұратов та бар.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір