25 Желтоқсан, 2019 Аймақтар
Qamshy.kz
Облыстық тарихи-өлкетану музейі – «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде бой көтерген басты нысандардың бірі. Мұнда бұған дейін Тараз қаласының орталық алаңындағы ыңғайсыз ғимаратта орналасқан музей толығымен көшірілді.
Музей ғимараты 2 қабаттан тұрады. Жалпы аумағы 4015 шаршы метрді құрайды. Музей экспозициясы төрт залдан тұрады: «Тарихқа дейінгі кезең залы», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ халқының этнографиясы», «Әулиеата кезеңі». Экспозицияларда Жамбыл облысының ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы көрсетілген. Музей қорында 65 мыңнан астам бірегей және құнды жәдігерлер сақталған. Олар: тарихи, археологиялық коллекциялар, нумизматика, тарихи-тұрмыстық заттар, қолжазбалар мен баспа құжаттары, бейнелеу және сәндік өнер туындылары және т. б.
Айталық, «Тарихқа дейінгі кезең залында» неолит дәуірінде егіншілік пайда болғандығын дәлелдейтін қола орақ, 1950 жылы Қордай ауданынан табылған Сақ тайпасының дулығасы, Алматы облысы, Есік аумағынан табылған «Алтын адамның» көшірмесі, 1960 жылы Талас ауданы, Билікөл жерінен табылған Ұмай ананың тасқа қашалынған бейнесі, VI-XIII ғасырларға жатқызылатынм облыс аумағынан табылған Балбал тастар және өзге де көптеген жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылған.
Ал «Тараз қаласының тарихы» залында Тараз қаласының іргетасы қаланған сәттен бергі кезең қамтылған. Залдағы паннода Тараз қаласының негізін салушы Ғұн патшасы Шаньюй Чжи-чжи бейнесі бейнеленген. Ол б.з.д. 38 жылдары Тараз қаласының іргетасын қалаушы ретінде белгілі. Паннода 2 жыл ішінде 2 қатарлы мықты қала салған Ғұн патшасының уәзірлері ақ киізге көтеріп хан сайлап жатқан кезі көрсетілген. Өзге де шаһардың қалыптасу тарихына қатысты мәліметтер мен деректер осы бөлімнен табылады.
Сондай-ақ музейдегі үлкен жаңалықтың бірі — заманауи инновациялық технология, лазер арқылы жасалған, суреттерді көрсететін голограмма. Голограммаға облысымыздың тарихи -архитектуралық ескерткіштері виртуалды түрде көрсетіледі. Келушілер іс жүзінде 3D форматтағы голографиялық шоуды жан-жағынан тамашалай алады.
Музейдің бір қабырғасында «Құрметті азамат» атағының берілу ережесі көрсетілген. Сондай-ақ сенсорлы киоскіде Жамбыл облысының Құрметті азаматтарының тізімі, олар туралы мәліметтер енгізілген.
Мұнда өлкеміздің бай табиғи мұрасымен қатар, түрлі қазба байлықтары, тарихи бұйымдар орын алған. Музейге келушілер Жамбыл облысының тарихымен, археологиялық қазбалар кезінде табылған бірегей жәдігерлерімен танысып, өлке тарихы және даңқты тұлғалары жайлы мол мағлұмат ала алады. Осы мақсатта музейге келушілерге екі тілде (қазақ, орыс), шетелден келген туристерге (ағылшын) тілдерінде шолу, тақырыптық экскурсиялар жүргізіледі.
Музейде тақырыптық тұрақты немесе жылжымалы көрмелер ұйымдастырылады. Сондай-ақ жасөспірімдердің, мектеп оқушыларының қатысуымен музейде интерактивті іс-шаралар, музей сабақтары, дәрістер, кездесулер, шеберлік сағаттар және т.б. өткізіледі. Ғылыми-әдістемелік бөлімнің қызметкерлері археологиялық жұмыстар жүргізіп, түрлі ғылыми жобалармен айналысатын болады.
Бас мердігер – «Өмірзақ» ЖШС. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Шатырына бір үлкен, екі шағын аспан түстес күмбез орнатылған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір