• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:19:16
Алматы
+12°

Бүгін Алматы облысы Ақсу аудандық сотында қытай елінің жұмысшыларын соққыға жықты деп айыпталған Қызылағаштың бес тұрғынына қатысты кезекті сот отырысы тағы да кейінге қалдырылды, деп жазады сот отырысына қатысқан Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Қызылағаштың 5 тұрғыны сот басталмас бұрын әділдік іздейтіндерін айтты. Алайда сот отырысы тағы да шегерілді. Өйткені отырысқа жәбірленуші тарап  – қытайлық жұмысшылар келмеді. Жәбірленушілердің тарапынан тек автобус иесі мен полиция қызметкері келді.

Қамалған жігіттерді қолдауға келген журналист Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, арыз түсірушілерді сот отырысына келмеуі – заңды сыйламайтындарының көрінісі.

Олар келуі керек еді. Олардың компаниясының орталығы жақын маңда орналасқан. Жол тайғақ болса да қаншама адам келіп, сотқа қатысып отыр. Олар не жете алмады ма? Бұл –  заңды сыйламайтындарының көрінісі, –  деп наразылығын білдірді.

Ал адвокат Жанар Балғабаева "шетелдіктермен төбелесті" деп айыпталған Қызылағаштың бес азаматы прокурормен процессуалдық келісім жасасқаны туралы айтты.

Осылайша, кешігіп бастағанымен қоймай айналасы бес минутқа жетпей тоқтатылған сот отырысынан соң шамамен 500-ге жуық адам өз наразылықтарын білдірді. Әуелі "Бостандық!" деп ұрандап, артынша сеңдей қозғалып, бес жігітті әкетуге дайын тұрған көліктің жолын бөгеді. 

Қара нөпір халық наразылығын тарату үшін "каска" киіп, қалқан ұстаған арнайы жасақ келсе де ашынған жұрт райынан қайтпады. Олардың талабы – сот процесін созбай, бес жігітті бостандыққа шығару.

Осы ретте, Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай полицейлердің көлігінің үстіне шығып, халықты сабырға шақырды: 

– Бауырларым, сәл сабыр етіңіздер! Ақыл керек. Біз халықпыз, осынша адам жиналып тұрғанына біз ризамыз. Ел бар, қазақ деген халық бар елдің намысын қорғайтын. Бес батыр болса, бес батырдың артында бес мың, бес жүз мың, бес миллион халық бар. Биліктің көзін жеткіздік біз. Қазір сәл сабыр етіңіздер. Заң бар, тәртіп бар. Тәртіпке бағынуымыз керек. Мен сіздердің аттарыңыздан талап қойдым. Сот процессін созбасын. Судья ертеңге қалдырып отыр, соған келіспей отырмыз. Солай ғой? Сондықтан, біздің талабымыз, сот процессін қайта бастасын. Қазір біз қайтадан өтініш жасаймыз. Жігіттерді еркіндікке кепіл арқылы, не болмаса қолхат арқылы, не болмаса үйқамақ арқылы бостандыққа шығаруын талап етеміз. Жәбірленушілерді келтірсін. Сот процесін қысқартсын, – деді Рысбек Сәрсенбай.

Бұдан соң аудандық прокурордың орынбасары Әділет Асқарұлы сөз алып:

– Жерлестер, барлықтарыңыз білесіздер. Жаңа естідіңіздер, сот процесін ертеңге қалдыруға келісілді. Уақыт керек. Ертең үштегі сот процесіннен соң жігіттер сот залынан босатылады. Сондықтан, Рысбек аға айтқандай, заңға бағынайық, қоғамдық тәртіпті бұзбайық. Шыдамдылық танытайық, келістік пе? Бізді де түсініңіздер. Ертең сағат үште процестік келісім бекітілгеннен кейін жігіттер сот залынан босатылады, – деді.

Еске сала кетсек, биыл 8 қазанда Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғындары қытай азаматтарын соққыға жыққаны туралы хабарланған болатын. Оған себеп, "Citic Construction" компаниясында жұмыс істейтін қазақ-қытай жұмысшылары арасындағы қақтығыс-тын. Қытайлық жұмысшылардың арызы бойынша Қызылағаш ауылының тұрғындары Берікбол Рысалдинов, ағайынды Бейбіт және Нұрбол Мұхметалин, Еркін мен Сарқыт Салхановтар ұсталған. Олар қасақана дене жарақатын келтіргені үшін айыпталуда.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір