18 Желтоқсан, 2019 Саясат
Тілек Ырысбек: Олардың Тазабектер мен Бекболаттардан еш айырмашылығы жоқ
Мүйізі қарағайдай қазақ ақын-жазушылары аузын буған өгіздей үнсіз және марапат сүйгіш.Тіпті әлеуметтік желіде ашық пікір білдіруге құлық білдіре алмайтын оларды қорқақ деп түсінуге болмас, бірақ, билікке жағымпаз деуге толық негіз бар.
Qamshy.kz
Бұл туралы әдебиеттанушы Тілек Ырысбек өзінің «Фейсбук» желісі парақшасында жазды деп хабарлайды «Qamshy.kz» ақпарат агентігі.
Мұндай топты «әдеби паразиттер» деп бағалаған әдебиеттанушы өзінің бұлай атауына олардың қоғамдағы бітеу жараға айналып бара жатқан түрлі процестерге деген немкеттілігі себеп болғанын айтады.
"Ең қауіпті адам ол – немқұрайлы адам. Авторитарлық билікке құрылған жүйе түптің түбінде күйреп тынары анық. Оған руханияттың да тигізер әсері бөлекше. Француз, испан, неміс, тіпті Латын Америка әдебиеті оған анық мысал. Ал, осы тұрғыда мүйізі қарағайдай қазақ ақын-жазушылары үнсіз және марапат сүйгіш. Тіпті әлеуметтік желіде ашық пікір білдіруге құлық білдіре алмайтын оларды қорқақ деп түсінуге болмас, бірақ, билікке жағымпаз деуге толық негіз бар. Осы тұрғыда оларды Тазабектер мен Бекболаттардан еш айырмашылығы жоқ мүдделестері және жақтастары деп бағамдаймын. Олардың көкейін тескен ортақ мүдде – ақша, марапат, қызмет, мүшәйра һәм мемлекеттік сыйлық", – дейді Тілек Ырысбек.
Сонымен бірге, пікір иесі екі тарапқа да жағымды болып көрінудің амалы осы – «үнсіз қалу» тәжірибесі екенін айтады. Соның айқын көрінісі – кешегі Жаңаөзен оқиғасына жақ ашпау, әділдік сұрап алаңға шыққан өз қазағын «бүлікші» деп айыптау, сайлаудың әділетті өту-өтпеуіне «түкіру», бүгінде болып жатқан түрлі азаматтық наразылықтарға немқұрайлық таныту, ешбір өзгеріске ниет етпеу тағысын тағылар дейді.
Сондай-ақ, ол аударма ісіндегі көзсіздікке қатысты да өз пікірін ашық жеткізген.
"Өзіміздегі аударма саласының мүгедектігіне қарамастан әлем тілдеріне аударылып, ақша беріп танымал болу. Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Франс Кафка, Достаевский, Марио Варгас Льоса, Борхес, Сэмюэл Бекет, Жан Поль Сартр, Альбер Камю және т.б авторларды түпнұсқадан толық аудармай жатып әлемге құлаш сермеу. Бұл Дон Кихоттық! Басқа айтарым жоқ!" – дейді Т. Ырысбек.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір