• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 10:36:05
Алматы
+12°

Еліміздегі журналистика саласы әр ғасырдың өз талабына қарай өмір сүргені бәрімізге мәлім. Қазақ журналистикасының өткенін ақтаратын болсақ, бірден елімізге Мәскеу  билігі  жүріп жатқан кездер еске түседі. Әрине, шала дамып жатса да ол кезде де журналистика болды. Алайда, көп тақырыптың ашылмай қалғандығы, көп мәселеге журналистердің қалам тартуға батылдары жетпегендері, цензураның қатал болғандығы жасырын дүние емес. Ол кездері қазақ басылымдарының саны саусақпен санарлықтай ғана болды.  Ал сол басылымдардың таралым саны сан қазаққа рухани азық болуға жетпейтін де еді. Уақыт өте келе егемендікпен бірге баспасөз бостандығына да қол жеткіздік. Кезінде талқылана алмай қалған ендігі басылым беттерінде жүр. Газет басылыдары да көп. Деректер бойынша министрлікте тіркелген газеттер саны жеті мыңнан асып кеткен. Ал олардың 12%-ы ғана үкіметтік екендігі анықталып отыр.

Қазақ журналистикасын қалыптастырғанымызбен, алдымызда әлемдік медиа стандарттарын қабылдау міндеттері тұр. Қазіргі таңда әлемдік журналистика технологиямен өте тығыз байланыста. Жоғары оқу орнындағы білім базасывн меңгеру қазір де жеткіліксіз. Себебі, теориялық білімнен бөлек технологияның да тілін білетін адам ғана бәсекеге қабілетті маман бола алады.  БАҚ саласы менеджерлерінің жоқтығынан еліміздің баспасөз нарығында жарнаманың 49%-ын ресейліктер иемденіп отыр. Осыншама табыстан айырылып отыруымыздың өзі елімізде медиа саласындағы мамандардың жетіспеушілігін көрсетіп тұр. Сондықтан нағыз маман болу үшін бір ғана «журналист» деген диплом жеткілікті емес.

«Журналистке жеті өнер де аз»... Иә, қазіргі таңда бір ғана саланың тілшісі болу – ешқандай нәтижесін бермейді. Себебі,  журналист жан-жақты болуы шарт. Экономикадан да , саясаттан да, ғылым мен мәдениет ақпараттарынан да хабардар болуы тиіс. Жоғары оқу орындарында әр журналисті қос мамандық бойынша даярлайтын болса жаңа бір деңгейге көтерілуімізге себепші болар еді деп ойлаймын.

Қазақ журналистикасына қатысты оқулықтарды жиі кездестіріп жатпаймыз. Бар болған күннің өзінде таралым саны аз. Сондықтан, көп жағдайда шетел зерттеушілерінің оқулықтарына жүгінуімізге тура келіп жатады. Менің ойымша, шетел емес қазақ журналистерінің оқулықтарын оқыған бізге көбірек пайдасын тигізеді. Себебі, ол кітаптарда біздің ұлттық идеологиямыз жатыр.

Сөз бостандығы мәселесі тек қазақ журналистикасына ғана тән емес. Барлық елдерде де бұл тақырып өзекті орында. «Ақпараттық соғыс» заманында әр мемлекет өз басылымдарын қатаң қадағалауға тиісті. Себебі, кей жағдайда тым шектен шыққан «сөз бостандығы» ұлттық идеология мен ел дербестігіне қауіп төндіретін оқиғаларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда сөз бостандығы – қуатты күшпен тең. БАҚ құралдары билік пен халық арасындағы жалғыз көпір болғандықтан сөз бостандығын да асыра сілтеп пайдалануға болмайды. Халқымыз қашан да астарлы сөзбен талай мәселенің шешімін тауып, естір құлаққа жеткізе білген. Осы қасиет қазіргі журналистер бойынан да табылса артық болмайды деп ойлаймын.

Қазіргі қазақ журналистикасының деңгейін білу үшін алдымен шетел журналистикасымен салыстырып жатамыз. Технологиямен жұмыс жасау тұсынан әлі де ақсап жатқан болармыз, десе де сауатты әрі сапалы жазудан қазақ журналистері ешкімнен кем емес. Себебі, бізде бай көркем әдебиет стилі әлі де болса газет беттерінде сақталған. Мақаланы көркемдеп жеткізу тәсілдерінен де шет қалған жоқпыз. Сондықтан да,  дәл қазіргі қазақ журналистикасы бірнеше тұрғыдан алғанда сапалы, сауатты деп айта аламыз.

Еліміз жаңа медиаға сай мамандарды даярлайтын болса, қазақ журналистикасы тағы да бір жаңа деңгейге көтерілетіні сөзсіз. Ол үшін әрбір маман теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыра білуі қажет. Күн сайын дамып жатқан технология ағымына ілісе алуы қажет. Сонда ғана қазақ журналистикасы әлемдік БАҚ құралдарымен қатар тұра алады.

 

Дәурен Сыбанбай

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 3 курс студенті 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір