• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 11:40:17
Алматы
+12°

Білім министрі 12 жылдық оқуға көшетін уақытты атады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ktk.kz сайтына сілтеме жасап.

Бірақ оған жету жолында қиындық көп. Апаттық жағдайдағы мектептер, үш ауысымдық оқыту, интернеттің әлсіздігі мен қолжетімсіздігі, сапасыз оқулықтар. Осыларды жіпке тізген министр Асхат Аймағамбетов Мәжілісте сыннан көз ашпады.

Асхат Аймағамбетовтің білім мен ғылымды дамытуға арналған бағдарламаның бар жетістігін жайып тастап, депутаттардың көзіне түсеміз деген ойы жүзеге аспай қалды. Үш жылда атқаруы тиіс жұмыстарды министрлік толық орындамаған. Мәселен, елімізде үш оқу жылында 372 мектеп салынғанымен, үш ауысымда оқыту мәселесі шешілген жоқ. 160-тан аса мектеп апаттық жағдайда. Ауылдарда интернет қолжетімсіз. Ал 12 жылдық білім жүйесі 2021 жылдан бастап енгізілмек.

Сергей Симонов, Мәжіліс депутаты: - Біріншіден, бала алты жастан мектепке барса, онда 12 жыл оқып, 18 жасында бітіреді. Ал елімізде 18 жастан бастап әскерге шақыратынын білесіздер. Сонда түлек мектептен кейін әскерге баруы керек пе, әлде жоғары оқу орнына түсуі керек пе?

Бас ұстаздың халық қалаулысына берген жауабы мардымсыз болды ма, тараптар өзара қырқысып қалды. Министр Аймағамбетов қазір балалардың 80 пайыздан астамы мектепке 6 жастан баратынын айтып, 12 жылдық мектепті 17 жасында бітіреді деді.

Асхат Аймағамбетов, Білім және ғылым министрі: - Қазір жеті жастан мектепке баратындар 18-де емес, 17 жаста бітіреді. Солай ғой. Ал алты жастан барса, он екі жыл оқып, 17 жаста тәмамдайды. Санап алыңыздар!

Санау мен оқуды қадағалайтын министр 12 жылдыққа асықпай көшу керек деп есептейді. Ойланбай әрекет ету мектеп инфрақұрылымына үлкен салмақ салады екен.

Бұл тұрғыда Бекболат Тілеухан министрді тағы да сынға алды. Айтуынша, талай тұлғалар 12 жыл білім алмаса да аты мәшһүр.

Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты: - Бүгінгі білім жүйесін қарап отырсақ, құрдымға беттеп бара жатыр. Қай жағынан келсек те, сын көтермейді. Сондықтан жүйені түбегейлі қайта қарау керек. Асхат, жақсы жігітсің, азаматсың. Енді осы мәселелерге қажыр-қайратпен кірісейікші. Тап осы мәселе шешілетін болса, депутаттық мандатымды беріп, көмекші әрі хатшы болып баруға дайынмын.

Жалпы, үш жылда атқарған жұмыс ауқымды. Мектеп оқушыларының 95,4 пайызы жаңартылған мазмұнға көшкен. Ғылым саласында да азды-көпті жетістіктер бар. Дегенмен білім саласының дамуына әлі де болса, қаржы жеткіліксіз.

Жыл сайын жүйені ауыстырып мың құбылатын Білім министрлігі балабақшаларда ағылшынды тоқтатуы мүмкін. Ал әліппені қайтармақ. Қазақ тіліне бейімделген әліппе Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне сүйене отырып, 2021 жылдан бастап енгізілетін болды. Ал депутат Бекболат Тілеуханның ұсынысына Асхат Аймағамбетов «ызуқандылықпен айтылған сөз» деп мән берген жоқ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір