• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 00:44:22
Алматы
+12°

Бұрнағы күні мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов елдегі ипотекалық бағдарлама операторларын қысқарту туралы ұсыныс білдірді. Оның сөзінше, "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асырумен айналысатын 8 оператордың барлығының жұмысы бірдей халыққа ұғынықты емес. Жалпы тұрғындардың ипотекалық бағдарламалар туралы жіті біле бермейтінімен біз де келісеміз. Сондықтан баспаналы болу үшін қай бағыт тиімді, қай банктің үстемесі аз деген сұрақтарға  жауап іздеп көрдік.

Депутат айтқандай, ипотекалық операторлар Қазақстанда аз емес. Екінші деңгейлі банктердің өзіндік ішкі бағдарламалары тағы бар. Бірақ біз бүгінгі мақалада анағұрлым тиімді әрі қолжетімді ұсыныстар туралы ғана сөз етпекпіз.

7-20-25

Аталмыш тақырыпты көтерген соң 7-20-25 бағдарламасын айтпай кетпеске болмас. Бұл бағдарламаға билік үлкен маңыз беріп отыр. Сондықтан жиі жарнамаланады. Үнемі аралық қорытындыларын шағырып, БАҚ арқылы насихаттап-ақ жатыр.

Алайда қанша мақтағанымен "7-20-25" қарапайым халық үшін қымбат болып шықты. Мәселен, құны 15 млн теңгелік екі бөлмелі пәтер алғыңыз келді делік. Онда алғашқы жарна ретінде 3 млн теңге құюыңыз керек. Қалған 12 млн теңгені банк қалауыңыз бен төлем қабілетіңізге қарай жылына 7 пайыздық өсіммен бірнеше жылға рәсімдейді. Шамамен 10 жылға алсаңыз, артық төлем 8 млн 400 мың теңгені құрайды. Сонда банкке жалпы сомасы 23 млн 400 мың теңге төлейсіз. Әлбетте, қаражатыңыз болса, қарызды екі-үш жылда жедел жаба аласыз. Ондайда үстеме анағұрлым азаяды. Тиімді тұсы – осы. Тағы бір ыңғайлы жағы ақшаны айлап, жылдап жинаудың қажеті жоқ. Қолда бастапқы жарнаға жетерлік қаражат болса, банкке барып, таңдаған үйді есептеп көруге болады. Бұл бағдарламада көпшілік төлем қабілеттілікті тексеруден өте алмай қалып жатады. Өйткені бағдарлама бойынша жалақы орташадан жоғары болуы тиіс.

Бағдарламаны Ұлттық Банктің еншілес компаниясы – «Баспана» ипотекалық ұйымы жүзеге асырады. Оның тағы «Баспана Хит» атты бағыты бар. Ол бойынша жаңа үйлермен қатар ескі үйді де несиеге алу болады. Онда тек берешектің жылдық өсімпұлы 10,5 пайыз. Осы екі бағыт бірігіп, 1 жыл 3 айда 22 мыңға жуық займ беріліпті. Яғни 22 мың адам осы бағдарламамен баспаналы болған. Салыстыру үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жыл басынан бергі 8 айдағы қорытындысына үңілейік. 31 523 келісім-шарт. Айырмашылық ап-анық. ТҚЖБ артынан ораламыз. Әзірге сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз берілетін пәтерлер туралы айтқымыз келеді.

Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік қоры

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында Қазақстанның ипотекалық компаниясы өзінің қызметін аяқтағаннан кейін нарықта сатып алу құқығымен пәтер үлестіруші жалғыз оператор – "Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік қоры" ғана қалды. Аталмыш оператордың Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда сынды қалаларынды тұрғын үй кешендері бар.

Бұл бағдарламаға қатысу үшін ешқандай бастапқы жарнаның қажеті жоқ. Тек пәтердің жалға алу бағасының үш еселенген сомасы шамасындағы кепілдік қаражат болса жетеді. Бағдарламаға құжаттар компанияның  сайтты арқылы қабылданады. Сайтта конкурстың жарияланғаны туралы хабарландыру жарияланғанда қажетті құжаттарды жинап, электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы оларды тапсырып үлгеру қажет.

Бұл бағдарламаның да кемшіл тұсы – қымбаттығында. Айталық, Алматыдағы Шұғыла тұрғын үй кешеніндегі ауданы 39 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің ай сайынғы төлемі 90 мың теңгеге жуық. Коммуналдық төлемдермен ай сайын қалтаңыздан 100 мыңнан астам ақша шығады. Осынша соманы максималдық мерзім – 14 жыл бойы төлер болсаңыз, бір бөлмелі пәтер құны 14 жарым млн теңгеге түседі. Аталмыш пәтер құрылыс компаниясында 9 млн 700 мың теңге тұрады.

Картинки по запросу жк шугыла

Айта кетерлігі, бұнда да берешекті ертерек қайтарсаңыз, үстемақы көлемі әжептәуір азаяды.

Мұғалімдер мен медбикелерге құлаққағыс

Білім беру саласының қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласының мамандары үшін арнайы жоба қабылданғаны жөнінде маусым айында хабарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның ипотекалық компаниясымен 40 млрд теңгелік келісімге қол қойды. Ол бойынша аталған салалардың қызметкерлеріне арнап сатып алу құқығымен 3 мың пәтер берілмек. Пәтерді бастапқы жарнасыз, 20 жыл мерзімге алуға болады. Ай сайынғы төлем – бір бөлмелі пәтер үшін 60 мың теңгеге дейін. Тізімді аталған министрліктер әзірлейді деп күтілуде.

 Жастарға арналған пәтерлер

Биылғы "жастар жылына" орайластырылып, сатып алу құқығынсыз пәтерлер беру бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Жоспарға сай, енді бұдан былай елордада, Алматы мен Шымкентте жыл сайын 1000 пәтер қолданысқа тапсырылмақ. Пәтерлер тек жастарға, яғни 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін азаматтарға 5 жыл мерзімге беріледі. Ай сайынғы төлем 10 мың мен 12 мың теңге аралығында болады деп жоспарланып отыр. Бұл – тұрмысты түзеп, ақша жинап алуға тамаша мүмкіндік. Бағдарламаның талаптары туралы мына жерден оқи аласыздар. Биылдыққа берілетін пәтерлерге құжат қабылдау жуыр арада жүргізілмек. Ол үшін аталмыш қалалардың тұрғын үй саясаты басқармасының сайтын қадағалап отыру қажет.

Көпбалалы немесе толық емес, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы болсаңыз

Биыл іске қосылған бағыттардың бірі – "Бақытты отбасы" бағдарламасы. Жылдық 2 пайызбен берілетін кредиттер көпбалалы отбасылар, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға арналған. Бастапқы жарна ретінде үй бағасының 10 пайызын жинау қажет. Бағдарламаға сай жаңа пәтер алам деушілерге, екінші нарықтағы қолданыстағы пәтер немесе жер үй алам деушілерге де шектеу жоқ. Тек қарыз сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалалары үшін 15 млн теңгеден, қалған қалалар үшін 10 млн теңгеден аспауы тиіс. Сондай-ақ әкімдікте түрғын үй кезегінде тұру – міндетті талаптардың бірі. Бағдарламаға құжат қабылдау туралы хабарландыру жергілікті жердің тұрғын үй саясаты басқармасының сайтында жарияланады.

 Үш жыл жина да, үйлі бол

Тұрғын үй нарығындағы ең танымал, сондай-ақ мейлінше тиімді әрі жалпыхалыққа арналған бағыт – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынатын бағдарламалар. Қысқа қайырар болсақ, әуелі істелетін қадам – банктен депозит ашу. Оның сомасы шартты түрде белгіленуі мүмкін. Бірақ ол маңызды емес. Маңыздысы – ай сайын, үзбей, белгіленген мөлшерде депозитке ақша салып тұру. Егер жыл соңына дейін шотта 200 айлық есептік көрсеткіш (МРП) көлеміндегі қаржы жиналса, онда соның 20 пайыздай мөлшері сыйақы болып шотқа аударылады. Мәселен, биыл жыл соңына шейін 505 мың теңге жинасаңыз, банк сізге 101 мың теңге сыйақы береді. Қаңтар айында сіздің шотыңызда автоматты түрде 606 мың теңге жатады. Дәл осылай үйдің бірнеше мүшесіне шот ашып, аталмыш шекке жеткізсе, әр ашылған депозитке 101 мың теңгеден төленеді. 3 жылдан кейін бірнеше депозитті біріктіріп, үй ала аласыз.

Осы жердегі қаперге алатын жайт – депозиттің 3 жыл бойы жиналуы. Қаражатты үш жыл жинамай-ақ бірден үйдің 50 пайызын құя салса да шектеу жоқ. Онда банк беретін қалған 50 пайыздың өсімпұлы 8,5 пайыз мөлшерінде болады. Ал пәтердің 20 пайыз мөлшеріндегі алғашқы жарнасына жетерліктей сома 3 жыл бойы үзбей жиналса, банк зайымды 3,5-5 пайызбен береді. Бұл ретте сіздің жинақ тарихыңыз бен депозиттегі сома ескеріліп, бағалау көрсеткіші тағайындалады. Дәл осы бағалау көрсеткіші сізге берілетін кредиттің жылдық пайыздық мөлшерлемесін анықтайды. Бағалау көрсеткішінің максималдық шамасы – 16. Бұл шамаға жету үшін шотты 3 жыл бойы ай сайын толтырып, ондағы қаражатты бастапқы жарнаға жеткізу міндетті.

Қазіргі таңда ТҚЖБ Алматыдағы Саялы ықшамауданынан ұсынатын бір бөлмелі пәтерлердің құны 8 млн теңгеден басталады. Егер депозитіңізде кемі 1 млн 600 мың теңге болса, аталған пәтер сіздікі. Есептеп көрсек, 1 млн 600 мың теңгені 3 жылда жинау үшін депозитті айына 36 мың теңгеден толтырып отыру жеткілікті. Банктің 3 жылда беретін сыйақысымен сізде тұп-тура қажетті сома жиналады.

Конкурстар туралы жаңалықтар baspana.kz порталында жарияланады.

Біз тек жалпы бірақ маңызды ақпармен бөлістік. Ендігісі – өзіңіздің құзырыңызда.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір