• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 10:01:47
Алматы
+12°

Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай көшесінің бойынан Қаламгерлер аллеясы ашылды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайтында хабарланды. 

Елордада өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің І форумына қатысушы ақын-жазушылар Қаламгерлер аллеясының ашылуының куәсі болды. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен мен Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және Олжас Сүлейменов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сынды қабырғалы қаламгерлер қатысты.

Шарада алғашқы болып сөз алған шаһар басшысының орынбасары Бахтияр Мәкен қаланы жақсартуда бұдан басқа да жоспардың көп екенін атап өтті. Ал өз кезегінде жиналғандарды құттықтаған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қаламгерлер аллеясының хакім Абайдың атымен аталатын көшенің бойынан орын тебуі тегін емес екенін жеткізді. "Ұлы Абайдың көшесінің бойында орналасқан Қаламгерлер аллеясымен келе жатқан ақынның шабыты келіп, ойынан өлеңнің төгілмеуі мүмкін емес. Аллея Нұр-Сұлтанға нұр қосып, тұрғындардың жүрегіне жыр қоса берсін", - деді Ұлықбек Есдәулет.

Абай - Ә. Сембинов көшелерінің қиылысында орналасқан Қаламгерлер аллеясы Егемен Қазақстан көшесіне дейін созылып жатыр. Аллея аумағы - 1,2 гектар. Оның 5,7 мың шаршы метріне тас төселсе, 4,2 мың шаршы метрі абаттандырылған. Яғни 50 шырша егіліп, 428 жарықшам орнатылған. Ал аллеяның қақ ортасына Абайдың сөзі жазылған мрамордан жасалған кітап қойылған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір