29 Тамыз, 2019 Әлеумет
Бекжан Тұрыс: Өсек пен төсектің айналасынан неге аса алмай қалдыңдар?
Бір жағынан, сендерде кінә жоқ шығар...
– Аға, 80-нен асқан ағамыздың тағы үйленіп жатқанына қалай қарайсыз?
– Әй, айналайын, содан басқа әңгіме жоқ па? Өсек пен төсектің айналасынан неге аса алмай қалдыңдар, жоқ әлде талқылайтын тақырып табылмады ма? – деп сапарласымның сөзінің соңына жеткізбей шарт кеттім де, жайлап сабама түстім.
– Бір жағынан, сендерде кінә жоқ шығар. Көретіндерің – әншілердің қызылды-жасылды өмірі. Телеарналарда да – соларға арналған бағдарламалар, солар жүргізетін – жеңіл-желпі бірдеңелер, елді ойландырып, жұртты толғандыратын, ұлтты рухтандыратын дүниелер діңкелеп тұр ғой қазір. Ал, шындап келгенде, біз ойлануға тиіс мәселе толып жатқан жоқ па!? Сапарласым үнсіз. Сөзімді жалғап кеттім:
– Байырғы бабаларымыз да ел болуды, өзгелермен терезесі тең болуды көкседі. Ұрпағына ұлан-байтақ қоныс, ұлағатты өсиет-өнеге қалдырды. Ата-бабаларымыздан қыран ұшса – қанаты талатын, құлан жортса, тұяғы тозатын қиялда ғана болатын қиян өлке қалды. Яғни, көктегі құс пен жердегі аңға дейін – қазақтың ұлттық байлығы. Ащы болса да ашығын айтайық, өкінішке қарай, дарқан даланың ұлы мұрасы түгел тоналып болды... Тоналмаса, осыдан бірнеше жыл бұрын мына «Алтын емел» асуынан асқанда үйірімен жүретін құланым қайда? Неге көрінбейді? Бұл өлкеде аңнан бұрын адамының да құны қалмағанын түз тағылары қайдан білсін... Құланмен бірге құндылықтардың құрып бара жатқанына екі бірдей қорықшының бейбіт күнде оққа байланғаны дәлел емес пе?! Аң тұрмақ адамының да құны қалмаған қазір.
Қазақы қасиетке иіген аталарымыз жер бауырлап ұшқан қарлығашқа қарап-ақ ауа райын болжап, мал-жанын сақтаған еді. Табиғатпен біте қайнасқаны соншалық, іргесінде күшіктеген қасқыр екеш қасқыр да қоңсы отырған қойшының қойына ешқашан тиіспеген. Ғарышқа жол салып көкке самғамай-ақ аспан әлемін зерттеп, жымыңдаған сансыз жұлдызға әдемі ат қоя білген. «Жеті қарақшы», «Үркер», Темірқазық, «Ақбоз ат пен Көкбоз ат», «Шолпан», «Өмірзая»... Кете береді. Бір ғажап «тіл арқылы» табиғатпен тілдескен қазақтың сол қасиеті сайын даланың еркесі – құланмен бірге құрдымға кеткені ме!?
Көзіміз көрген соң аң мен құстың жоғалғанын сөз етеміз-ау! Ал жерасты байлығымыз – мұнайымыз бен уранымыз, алтынымыз бен күмісіміз қайда? Ол – ол ма, ата-бабам ұрпағына мұраға қалдырған қасиетті Жердің өзін «саудаға салғымыз» келгені ше? Кешіріле ме мұнымыз? Сатқанды былай қойып жалпыға ортақ құндылықты қалталылардың жекеменшік етіп, басыбайлы иеленуге қақы бар ма еді? Ел мен Жердің иесі кім? Біз – қазақ неге жерасты байлығының игілігін қалталылармен бірге көрмедік? Байтақ жердің иесі – қазақ, ендеше, киесі ұрып, бар қазақты зауалы соғып кетпей ме... Құдай сақтасын! Ай, жұлдызбен сырласа білген ұлттың ұрпағы бүгінде телефонға телміріп, желіге байланған. Жай телміріп отырған жоқ, титімдей қалта телефоны арқылы ғаламтордағы қатыгездік пен жауыздық атаулыны бойларына сіңіріп жатыр. Ұсақ әңгіме мен арзан сөзге жақын болмайықшы осы біз! Есептен де, өсектен де биік болайық.
Орынсыз сұрақ қойып, артынан ойға батқан інішекке құба белде жорта алмай қалған құландай іштегі мұңымды осылай жеткіздім.
Бекжан Тұрыстың фейсбуктегі парақшасынан
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір