• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 08:59:59
Алматы
+12°

Жаны нәзік болғанымен, болмысы ерек әйел заты қашанда өмірдің бұралаң сәттеріне төтеп бере алатын күшке ие. Ол кемеңгер ұрпақ тәрбиелеу үшін өзін-өзі күн сайын дамытып, білімін толықтырып отыруы керек. Үй шаруасымен қатар кәсібін жүргізіп, ерінің разылығына бөленуі тағы бар. Өйткені ол – әйел, ол - әлемнің анасы. Қыз-келіншектерге жүктелген шаруалардың санын таңды-таңға ұрып тізбектей беруге болады. Дегенмен, осыншама істің ортасында жүріп бәріне үлгеру мүмкін бе? Отбасы құндылықтарын сақтап, еріңмен ұзақ та бақытты ғұмыр кешудің қандай құпиялары бар? Тұрмыстың илеуінде кетпей өзіңнің әйелге тән тартымдылығың мен өмірге құштарлығыңды қалай сақтап қалуға болады? Осы сұрақтардың жауабын Qamshy.kz ақпарат агенттігі белгілі психолог Марзия Бекайдардан сұраған болатын.

- Әйелге тән тартымдылықты көрсете білу үшін, көптеген қыз-келіншектерге өзін-өзі жоғары бағалау қасиеті жетіспей жатады. Өзін бағалау психологиясын қалай қалыптастыруға болады?

Кез келген адамда өзін-өзі бағалау сезімі тұрақты емес. Әсіресе, әйел адамдарда мүлдем тұрақсыз. Біздегі көптеген қыз-келіншектерді кішкентайынан өзін-өзі төмен бағалауға тәрбиелеген. Адам әрдайым өз-өзіне баға беруі керек. Біздің бойымыздағы бағалау дағдысын қалыптастыратын ата-ана, мұғалімдер, аға-әпкелеріміз екен. Өйткені олар бізді дұрыс отыруға, қатты сөйлемеуге, артық жүгірмеуге, жөнсіз қылық көрсетпеуге тәрбиеледі. Бұл өте дұрыс. Алайда, оның қарама-қайшылықтарға толы жағы да жоқ емес. Әйелдердің барлығы біртүрлі болудан қорқады. Біз көпшілікпен бірдей болып жүрсек жетеді деп ойлаймыз. Ерекше болсақ, күлетіндей, ерекше болсақ ұрсатындай, ерекше болсақ бізді қабылдамайтындай көрінеді. Бәрі қандай сондай болып жүре берейік дейміз. Әйелдер ғана емес, жалпы адамзаттың жаратылысы сондай. Сол себепті өзін-өзі бағалауды көтерудің бірнеше жолы бар.

Біріншіден, әйел адам өз-өзін бар болмысымен қабылдауы керек. Әр адамның бойында жақсы және жаман қасиеттер бар. Біз өзіміздің жақсы жағымызды дамыту үшін, жаман қасиеттерімізді қабылдауымыз керек. Егер мен өзімнің кемшіліктерімді қабылдамасам, өзімнің жақсы қасиеттерімді дамыта алмаймын. Адамдардың барлығы бірдей емес. Бірақ барлығымыз шындығына келгенде, іштей қорқақпыз.

Екіншіден, ата-анамен қарым-қатынасты жақсарту. Өйткені ата-анамыздың дауысынан біздің өз-өзімізді жоғары бағалаудың дауысы шығады. Ата-анамен қарым-қатынас жақсы болса, анасы қызын мақтайтын болса, әрбір ісіне риза болса ол адам қоғамда өз-өзін жоғары ұстайтын болады.

Үшіншіден, өз-өзімізді бағалаудың тағы бір жолы үнеміз ізденіс, даму үстінде болу. Жетістікке талпынған кезде өзімізді бағалауымыз арта түседі. Кітап оқу, сүйікті ісіңізбен айналысу осының барлығы өміріңізге оң әсер етеді.

Төртіншіден, біз өзгелерге пайдалы болсақ өзімізді бағалай бастаймыз. Өйткені сіз өзіңізді шынымен де керек адам екеніңізді сезінесіз. Өзгелерге қол ұшын беріп, одан айтарлықтай алғыс аламасаңыз да көмектесіп пайдалы болғаныңыз үшін рахаттанасыз.

- Бір семинарыңызда отбасы тыныштығын сақтау үшін ер-азаматқа айтатын және айтпайтын сөз болады дедіңіз. Ол қандай сөздер?

Ер адамға ешқашан оның кемшілігін бетіне баспаңыз. Айтқыңыз келіп, жарылып бара жатсаңыз да сабыр сақтаңыз. Айтқыңыз келген күннің өзінде де оны басқаша жолмен жеткізу керек. Оны қалай айтуға болады? Сізге күйеуіңіздің бойынан не ұнамайды? Мысалы, күйеуінің кеш келгені ұнамайды делік. Әдетте, әйелдердің жауабы біреу. Олар міндетті түрде айқайға басады. Бірақ күйеуі кешігуін тоқтатпайды. Ал егер кешігіп келсе, күліп қарсы алып, барлығын дау-дамайсыз шешіп, ақырындап түсіндіру керек. Мысалы: «Сен кеш келесің. Сені күтіп отырып, жүрегім ауырды. Сені қатты сағындым. Сен ерте келгенде мен сондай бақытты боламын», - деп айтып көріңіз. Ол ертесі 10 минутқа ерте келеді. Сол кезде: «Жаным, сен бүгін ерте келдің ғой», - деп мақтап, қуаныңыз. Содан кейін барлығы жайымен ретке келеді. Біздің үнемі көңіліміз толмай жүреді. Көңілі толмайтын әйелдің күйеуі міндетті түрде өзін өмірде жолы болмаған адаммын деп есептейді. Өйткені ол әйелін бақытты ете алмады. Ер азамат үшін әйелінің бақытты болуы маңызды. Сол үшін қиын болса да әрдайым күліп жүруге тырысыңыз.

- Әйел бақытты болу үшін табысты болуы маңызды ма?

Мен осыдан 2-3 жыл бұрын, әйел үйде отырып бала-шағасын қараса, сол бақыт деп айтатынмын. Бірақ қазір көп әйелдер үйде отырған жоқ. Егер әйел адам өзін тек бала-шағасына, үйіне арнаса кейін балалары өсіп, жан-жаққа кеткенде үйі босайды. Үйде бала-шаға жоқ, тек күйеуі екеуі ғана. Сол кезде әйелдер өздерін қоярға жер таппай кетеді. Өйткені, олар өмір бойы, таңнан кешке дейін балаларына қарап, тамақ беріп, сабағына жіберіп үйреніп қалған. Өзін сонымен алдап келген. Балалары өсіп өз жолдарымен кеткенде ешкімге керек еместей сезінеді. Ары қарай не істерін білмегендіктен, саналы түрде өзіне ауру шақыра бастайды. Яғни, қарайтын бала-шаға жоқ па? Онда өз-өзіне ауру тілеп, сол аурумен алысып жүреді. Өйткені адам әрдайым бір іспен айналысып отыруы керек. Балалары есейіп кеткен, 40-45 жастағы әйелдердің көбісі ауырады. Өйткені оларда басқа жұмыс жоқ. Менің бұдан ұққаным, әйел адамның бойында бір мамандық, бір іске деген икемділік болу керек. Ол дегенміз күні бойы 12 сағат мемелекеттік жұмыс істеу деген сөз емес. Баласын бақсын, үйін тазаласын, күйеуінің бабын тапсын, бірақ күніне 2-3 сағатын сол бойындағы мамандығына арнасын. 1-2 сағат өз ісімен айналысса ол жерде әйел адам ана емес, жар емес, өзін тұлға ретінде қалыптастырады. Адамдармен араласады, тәжірибе алмасады, ең бастысы өзіне керекті энергияны жинайды. Үйіне келген кезде көңіл-күйі көтеріңкі болып, барлығын жақсы көріп тұрады. Ал егер таңнан кешке дейін үй шаруасымен отыра берсе, әйел жүдеп ешкімді көргісі келмейді.

- Негізгі мамандығым – бухгалтер дедіңіз. Қазір бухгалтер болып жұмыс істеуге келісер ме едіңіз?

Мен жарты жыл бухгалтер болып жұмыс істедім. Жарты жыл қиналдым. Не үшін мен біреудің ақшасын санауым керек? Не үшін мен миллион санаймын, бірақ бұл миллион менікі емес? Осы сынды сауалдар мазалады. Негізі болмысымнан шығармашылық адамы болғандықтан есеп-қисаппен айналысып, санап отыру қиын болды. 10 жыл КиМЭП-те оқыдым. Кейін психологияны зерттеп, курстарға қатысып осы жұмысым басталды. Негізі адам қолынан келетін істі атқару үшін жаратылады. Алла адамды жаратар кезде бойына бір талантты міндетті түрде береді. Әрқайсымыздың атқаратын миссиямыз бар. Сол миссиямызды міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпеген жағдайда, адамның жаны қиналады. Өмірде өз орнымызды таппайынша, біздің жүрегіміз тынышталмайды.

- Әйел адамның бойында харизма болу керек дегенді жиі естіп жатамыз. Кейбір әйелдер асқан сұлу болмаса да айналасындағыларды бірден елітіп алатын қасиетке ие. Енді біреулерінің хас сұлулығына қарамастан маңына адам жуымайды. Жалпы харизма адам бойындағы туа бітті қасиет пе? Әлде оны уақыт өте келе дамытуға бола ма?

Мысалы, бір әншілер бар, дауысы жоқ болса да харизмасымен халықты аузына қаратып алады. Даусы болмаса да, оны барлығы жақсы көріп тыңдайды. Ол Алладан берілетін, не болмаса берілмейтін қасиет деп, кейбір психологтар айтып жатады. Менің ойымша, харизмасы жоғары адамдар – олар өз-өздерін қабылдаған адамдар. Олар өздерінің күшті жақтарын біледі. Өздерінің мықты тұстарына басымдылық жасай алады. Сол себепті харизмасы жоғары болып көрінеді. Энергия, харизма барлығы, әрине, Алладан. Алайда адамда өзін-өзі дамытуға мүмкіндік көп. Сіз білімді, күшті болсаңыз өз мүмкіндіктеріңізге сенімді бола түсесіз.

- Әр нәрсе салыстырумен бағаланады ғой. Сіз өзіңізді бұрынғы және қазіргі қалпыңызбен салыстырасыз ба?

Мен мүлдем басқа адам болдым. 20 жасымда, ерте тұрмысқа шықтым. Мені ата-анам ерке қылып өсірді. Өте тәкаппар едім. Бірақ Алла маған сол тәкаппарлығым үшін қиыншылық берді. Қиындықтарды көру арқылы, Аллаға шүкір, өзгердім. Сынақтар болмаса, өмірім өзгермес еді. Қиыншылықты да адамдар әртүрлі қабылдайды. Мысалы, біреулер қиыншылық көрсе болды жынданып, күйзеліске түсуі мүмкін, енді біреулері ол қиыншылықтарды алға жылжып, өсу деп қабылдайды. Кез келген қиыншылықтан жақсы жаққа қарай өзгеріп шыққан жөн. Адам ауырдың астымен жеңілдің үстімен жүргісі келеді. Бірақ олай болмайды. Сабыр сақтау деген қасиет әрқайсымыздың бойымызда болу керек.

Сұхбаттасқан: Маржан Сәбет

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір