• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 13:46:11
Алматы
+12°

27 Тамыз, 2019 Маңғыстау облысы

Ресторатор ханым -  Гүлайша Боранова Маңғыстау облысында теңдесі жоқ мейрамханаға басшылық етеді. «Айша сарайы» деп аталатын мейрамхана  ұлттық құндылықтарды ұстануымен айрықша. Заманауи ғимараттың төрінде киіз үй тігілген арнайы зал бар. Бұл киіз үй ата-енесінен қалған көз, аманат. Енесі өмірден ертерек озып, көздің қарашығындай сақтаған ағаш үй шаң басып, күтімсіз жатты. Мұны көрген атасы Маңғыстауға белгілі ұстаз Базарбай қария үш келіннің ішінен осы Гүлайшаға табыстайды. «Аманатқа қиянат жүрмейді» дегенді бек түсінген ибалы келін мейрамханасының төріне құрметтеп тігіп қоюды жөн санапты. Қазір сырға салу, беташар, келінге орамал салу сынды жөн-жоралғылардың барлығы киелі шаңырақтың ішінде жасалады. Жас жұбайлардың фотосессиясы үшін де таптырмас орынға айналды. Мейрамхананың бұл атрибутына риза болған үлкендер батасын беріп келеді.

Аты мен заты келіскен тамаша ғимарат бірнеше қабаттан тұрады. Ең төменгі қабатында толықтай асхана, аспаз бен қызметкерлер бөлмесі орналасқан. Үстіңгі қабаттарында 1000 адамға арналған үлкен зал, vip-зал, келіндер әрленетін бөлме, неке қию залы, көпшілік тынығатын холлдар бар. 1

«Айша сарайының» тағы бір ерекшелігі- ас мәзірінде. Маңғыстаулық ас әзірлеу үрдісін қолдана отырып бұжы, қазы-қарта, адал сойылған жас мал еті дайындалады.

Тағы бір өзгешелік- той залы мен үстелдер түгелдей табиғи, хош иісті гүлдермен безендіріледі. Әдемі гүлдер тапсырыспен жеткізіліп отыр. Мейрамхананың әрленуі мен жиһаздары, ыдыс-аяқтары барлығы шетелден асқан талғаммен таңдап алынған. Дастархан жаю, асты тәбетті ашардай тартымды етіп қою, тіл үйіретіндей дәммен дайындау Гүлайша ханымның ұзақ жылғы тәжірибесінің жемісі. 

Мейрамхананың техникалық жабдықталуы да айрықша. Кәсіби сахнаға арналған лед-экрандар, музыкалық құрылғылардың сапасы жоғары. Республикалық деңгейдегі белгілі әншілер осы сахнадан өнерлерін көрсетіп, ризашалығын білдірген екен.

Гүлайша Боранқызының негізгі мамандығы-құрылысшы. Бірақ бала күтімі, үй шаруасымен айналысып құрылыс саласына бет бұрмады. Есесіне белгілі кәсіпкер, құрылысшы Самат Мұсабаевтың адал жары, 4 баланың анасы атанды. Ұл-қыздарына қазақи тәрбиені сіңіріп отырған ана. Балалары Еуропада білім алса да, ұлттық дәстүрімізден аттаған емес. Отбасының ұйытқысы, ағайын-туыстың бітімгері болу - өзінің басты міндеті деп санайды. Үйінде ас мәзірі, дастархан жаюға көп мән берген ол мейрамханаларға барғанда аса көңілі толмай келеді екен. Сонан соң білген-түйгенін кәсіп ретінде пайдаға асыруды жөн көреді. Бұл ойын іске асыруға өмірлік жары көмегін аяған жоқ. 1

- «Әдемі жерде, талғаммен безендірілген орында, дәмді ас ішіп, жақсы демалыс ұсынуды мақсат еттім. Мейрамханаға қарап кейбіреулер аса қымбат орын деп ойлап қалады. Сәнді, дәмді әрі қолжетімді қылып ұйымдастырып отырмыз. Бекіре балықтарымен қымбат ас мәзірін таңдаймын десе де, қонақтың өз қалауы»,- дейді іскер әйел.

Қазір мұнда 30 адам тұрақты түрде қызмет етеді. Мұннан бөлек күнделікті келіп-кететін даяршылар да бар.

Ресторатор болу оңай емес. Уақытылы шешім қабылдай білу, тиянақтылық, сабырлылық, тазалық, шыдамдылық сияқты қасиеттерді бір бойына тоғыстыруға тура келген. Кәсіпкер әйелдің «Айша сарайынан» өзге Нұр-Сұлтан қаласында мейрамханалары мен дәмханалары бар. Заманауи үрдіс пен қазақи нақышты үндестірген мейрамханалар Гүлайша Боранованың төл идеясы. Болашақта іскер осы кәсіпті одан әрі жетелдіре түспек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір