• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 02:00:41
Алматы
+12°

19 Тамыз, 2019 Бизнес

Майкл Рубенс Блумберг (ағылш. Michael Bloomberg) (14 ақпан 1942, Брайтон, Бостон ауданы, Массачусетс, АҚШ) — кәсіпкер және Нью-Йорктің 108-ші мэрі. Forbes нұсқасында ол әлемдегі ең бай адамдар тізіміне кіреді.  2018 жылдың 5 мамырдағы санақ бойынша Майкл Блумберг 50,4 млрд доллар байлығымен 11-орында. Ол Bloomberg ақпараттық агенттігінің негізін қалаушы әрі қожайыны.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырмандар назарына кәсіпкердің кәсіпкерлерге қажетті бірнеше ережелерін ұсынады.

Менеджмент — шаңғы секілді. Сіз шаңғы туралы кітап оқығанмен, керемет шаңғышы бола алмайсыз. Менеджментті біртіндеп үйренесіз. Алдымен біраз адамды, сосын одан да көп адамды басқарып, бірінен-бірі асқан қиын мәселелерді шешіп, сол шешіммен өмір сүру барысында менеджментті жетік меңгересіз.

Адамдар «Пәлі, бір кәсіп қолымнан келді, ендеше, кәсіптің өзге түрін де игере аламын» деп жиі ойлайды. Бұл шындыққа жанасады деп ойламаймын. Себебі, әр салаға әртүрлі дағды керек. Және жетістіктің ең үлкен бөлігі басқа қонған бақпен байланысты. Бірақ ешкім мұны мойындағысы келмейді.

Өзгерістерден қорқады. Өзгеріс үшін жұмыстан айырылуыңыз, демалыстан қағылуыңыз да мүмкін. Өзгеріс достарыңызға, отбасыңызға әсер етуі де ғажап емес. Сондықтан адамдар өзгерістен қашады. Бірақ табысты компания болу үшін өзгеріске тәуекел ете білу керек.

Кейбір компаниялар жаңалықтарға қарсылық танытады да, амалсыз ара қашықтықты алыстатып алады. Себебі, жаңа, бөтен нәрсемен танысып, үйренгенше, бұрыннан таныс, жаттанды нәрсемен байланыс жасай бергенді  құп көреді. Біздің компанияның негізгі принципі – озық болуға ұмтылу және тәуекел ету.

Жұмысқа орналасуға келген жігіттердің несі ұнамайды дейсіз ғой? Олар келе сала: «Мен обырды емдедім. Мен Орталық Батысқа әлемді таныттым» дейді. Осы айтқандары жетер! Менің де айтарым бар...  «Мен әкесіз өстім. Анам наша сатқаны үшін түрмеге тоғытылды. McDonald's-та үш ауысымда жұмыс істедім».

Ал енді мен кімді жұмысқа аламын дейсіз бе? Отбасын ойлайтын адамды жұмысқа аламын. Себебі, отбасын ойлайтын адам – қоршаған ортасын да ойлайтын адам. Кейбіреуіміз ақыл атаулыдан мақұрым қалғанбыз. Есесіне, табанды, ынталымыз. Өмір сүруге мүмкіндігіміз көп. Мен ең ақылды адам емеспін, бірақ ешкім мені басып оза алмайды.

Біз Amazon, Google, Facebook, Microsoft және өзге де компаниялармен бәсекелесеміз. Адамдарды қалай қызықтырамын дейсіз бе? Мен оларға: «Егер оларға жұмыс істесең, байларды одан ары байытасың. Bloomberg-ге кел. Компанияның барлық кірісі Bloomberg Foundation-ға кетеді. Біз оның бәрін қайырымдылыққа жұмсаймыз. Екіншіден, егер сен бізге келсең сен көп ішіндегі көрінбей қалатын біреу емессің. Саған үлкен жауапкершілік артамыз»-деймін.

Білім алуда ең бастысы — адамдармен тіл табысуды үйрену. Мен жалғыз адам істеуге болатын жұмысты әлі кездестірмеппін. Гарвардтан сонша уақыт үйренгенімді Salomon Brothers-тегі ағайынды екеу: Билли Саломон мен Джон Гутфрендтерден-ақ үйрендім. Дегенмен, барлық адамға әлеуметтік дағды керек. Колумбтың Америкаға 1492-інші жылы жүзіп келгені есіңізде ме, жоқ па, ол маңызды емес. Басыңыздағы толы білімнің бәрі керек ақпарат емес.

Өзіңе ең ұнайтын істі істе. Сосын есі ауысқан адамдай шаруаға кіріс.  Өзгелерден ақылды емеспін. Бірақ өзгелерден де артық жұмыс істей аламын. Күнде жұмысқа бірінші болып келіп, ең соңғы болып кететініңізге көз жеткізіңіз. Бұл – жетістіктің көзі. Түскі асқа немесе дәретханаға көп уақыт жұмсамаңыз. Жұмыс істеңіз. Сіз өзіңізге тіпті қандай табыс келетінін де білмейсіз. Әр адым сайын алдымнан сансыз мүмкіндіктер шыға берді. Олай болған себебі, мен керек кезде керек жерден табылдым. Бәрі өз қолыңызда. Сіз сәттілікті басқара алмайсыз. Бірақ қаншалықты көп еңбек етсеңіз, соншалықты  жолыңыз болғыш адамға айналасыз.  

Табанды адам болыңыз. Табандылықтың есесі қайтады. Кәсібімді алғаш бастағанда кофе сатып алып, Merrill Lynch-ке баратынмын. Ол жердің қызметкелері біздің көздеген, мақсатты аудиториямыз болатын. Дәлізде жүріп, адамдармен амандасып, оларға кофе ұсынып, әңгімеге тартатынмын. Менің кім екенімді, қайдан келгенімді білмесе де, олар кофемді алатын. Ықтимал клиенттермен қарым-қатынас орнату үшін қайта-қайта бара беретінмін. Сөйтіп, мақсатты аудитория мен оның талап-тілегін зерттедім.  Компания құрылған соң үш жылдан кейін Merrill Lynch 20 терминалымызды сатып алды да, ең алғашқы клиентімізге айналды.

Маған келіп: «Жаңа ғана жұмыстан қуып шықты, жұмыстан айырылдым. Енді не істеймін?» -дейсіз. Менің жауабым: біраз күтіңіз, бірнеше ай күтіңіз. Жағдайды бағалаңыз.  Себебі, бұрын сізге қолжетімсіз болып көрінген, тіпті ойламаған дүниенің өзі де қолжетімді болады. Бірден бірнәрсеге жабыса кеткеніңіз ұят болады. Ал бірінші күннен-ақ қолжетімді болған нәрсе бірнеше айдан кейін де қолжетімді болады. Ал егер олай болмаса, онда тұрған не бар?

Жұмысқа барғым келмеген бір де бір күнім болмапты. Аяқтан тұра алмасам да, жүруге шамам келмесе де жұмысқа баратынмын. Тіпті жұмыстан қуылатынымды білсем де, баратынмын.

Өз жетістігіңіз бен сәтсіздігіңізге тек өзіңіз ғана жауаптысыз. Бірақ қолда барыңызды өзгемен бөліссеңіз ғана жетістікке жетесіз.

Күннің соңында өзіңізден «Өзге жандардың өмірін өзгерте аламын ба, өзгерте алдым ба?» деп сұрайсыз.

Ең алғашқы $5 тұратын садақамды оқуымды бітірген бойда Джонс Хопкинс Университетіне жұмсадым. Ол ақшаны қалай қиналып тапқанымды білсеңіз ғой. Бірақ сонда да қолымда барымды бере бердім.  Бүгінде одан бәленбай есе көп ақша тапсам да, сол бір сезім әлі орнында. Біреуге бірнәрсе беру үшін бай болудың қажеті жоқ. Сіз мысалы, уақытыңызды, қабілетіңізді де бере аласыз. Сіз міндетті түрде өзгеге көмектесуіңіз керек.

Білім алуды ешқашан тоқтатпаңыз. Ағылшын тіліндегі ең мықты сөз – «неге». Талапты ақылдан асқан керемет жоқ. Өзіңізге қандай саланы таңдап алсаңыз да, өмір бойы студент болыңыз. Әлемде білім алуды доғарған жандар өте көп. Олар білім алып болдық деп ойлайды. Ондай жандардың талайын кездестірдіңіз, әлі талайын кездестіресіз. Олардың сүйікті сөзі — «жоқ». Олар бір істің неге істелмейтінін немесе неге істеуге болмайтыны жөнінде сізге сан түрлі сылтау тауып бере алады. Егер өзіңізді  қалыптастырып, өмірді жақсы жаққа өзгерткіңіз келсе, олардың сөзіне құлақ аспаңыз, өзіңізді тоқтатуға жол бермеңіз әрі солардың біреуіне айналып кетпеңіз.

Тәуекел етіңіз. Өмір тым қысқа. Қателіктен қашып жүруге уақыт кетіруге болмайды. 1981 жылы 39 жасымда мені өзім жақсы көретін өмірімдегі ең жалғыз тұрақты жұмысынан қуып жіберді. Бірақ ешқашан өткеніме көз тастамаппын. Жұмыстан қуылған күннің ертесі-ақ тәуекел етіп, өзгелердің ойынша құрдымға кететін идеяға негізделген өз кәсібімді бастап кеттім.  Ол – қаржы нарығы жөніндегі ақпарат дербес компьютерде де қолжетімді болуы тиіс деген идея еді.

2001 жылы қала әкімі ретінде сайлауға түскенімде, көпшілік мені райымнан қайтармақшы болды. Бәрі да жеңіліп қаласың деп қорықты. Сонда тек бір ғана адам: «Егер жеңіліп қалған соң қандай сөз сөйлейтініңді елестете алсаң, неге бақ сынап көрмеске?» деді. Бұл ең жақсы кеңес еді. Сөйтіп, сол кеңеске құлақ түрдім.

Жетістікке жету үшін жеңіліске де дайын болып әрі қандай жағдайда да тәуекелге бел бууыңыз керек.

Мақсатқа жетпеу — ең қорқыныштысы емес. Ең үлкен жеңіліс — мүмкіндікті жіберіп алу.

 

 



"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір