15 Тамыз, 2019 Әлеумет
Елу берсең, жүз алмайсың
Қаладағы казиноларды Қапшағайға көшіріп тастағанымызбен, құмарлықты қоздыру жағынан ойын автоматтары олардан кем түспей тұр.
Кафе, дүкенге кіре қалсаң, жарқыраған жасыл, сары ойын автоматтары бірден көзіңе түседі. Қашан көрсең, алдында топырлаған жігіттер. Қарап тұрсаң «кел ойна, ақша ұтып ал» деген ешкім тұрған жоқ. Бірақ жүз теңге беріп, миллион ұтып алғысы келетіндер өз аяқтарымен барып, өз қолдарымен бар ақшаларын ұтқызады. Qamshy.kz ақпарат агенттігі қоғамымыздағы осы бір келеңсіздік туралы ой қозғайды.
Алғаш аз ақшамен бастап көреді. Сосын ұтатын сияқты болып, ақшаларын бірінен кейін бірін салады. Сахарадағы көзге көрінер сағымдай ойын автоматын ойнап жатқанда салған ақшаңның екі есе болып қайтқанын қиялдап отырып, ұтқызып жатқаныңды сезбей де қаласың. Қаладағы казиноларды Қапшағайға көшіріп тастағанымызбен, құмарлықты қоздыру жағынан ойын автоматтары олардан кем түспей тұр.
Ойын автоматы ең алғаш 1887 жылы Англияда ойлап табылған. Өз жұмысын ойыншы қаржысын аппаратқа салғаннан кейін ғана бастайды. Адамды қызықтыратын ең тартымды тұсы – қыруар қаражатқа ие болатындай көрінетін, бос сандырақ «джекпот» екен.
Жақында түскі ас ішейін деп бір кафеге кірсем, ол жерде де жарқырап осы ойын автоматтары тұр. Автоматқа қарама-қарсы отырып, шай алдым. Көп ұзамай ақша «жегіш» автоматтың алдына бір жігіт келді. Екі жүз теңгесінен бастап сала бастады. Мен қарап, бақылап отырмын. Ал ол жігіт үсті-үстіне ақшасын салып, ойынның қызығына кіріп кеткен. Түрінен қайғырғаны білінбейді. Сырттан бақылай бермей, өзімен тілдесуді жөн көрдім. Жігіттің есімі Сұлтан екен. Ойын автоматын оңай ақша тек қақпанда болатынын айтып, сөзге тартып едім, ол былай деп қысқаша әңгімесін айтып берді.
«Алғашында мен мұндайларға қызықпайтынмын. Бірде достарыммен көшеде жүргенде, бір досым «ойын автоматынан ақша ұтып қайтпадық па?» деп айтты. Мен сенбедім. Бірақ бірге бардым. Ол ойнап, бір қызығы бес жүз теңге салып, төрт мың теңге ұтып алды. Сол уақытта мен де ойнадым, бірақ екі-үш мәрте көрген едім, сәтсіз болды. Кейіннен қалай да ұтамын деп, ойнай беретінімді өзім де байқамай қалдым. Алайда ұтқанымнан ұтылғаным әлдеқайда көп болды. Бүгіннің өзінде мен он бес мың теңгені осы бір ойын автоматына ұтқызып жіберіппін. Мен тәуелді болып қалған сияқтымын, сондықтан елдің сөзі маған әсер етпейді».
Мен жігіттің сөзіне таңғалып, бір жағынан жаным ашып шығып бара жатыр едім, артымдағы ойын автоматына тағы екі жігіт келіп отырды. «Қайран еңбекпен келіп, көз жаспен кеткен ақшалар-ай» деп шығып кеттім.
Неліктен ойын автоматында ұтудан бұрын ұтылу көп? Өйткені ол солай жасалынған компьютерлік программа. Әрбір жетпісінші немесе жүзінші адам ұтатын етіп программаны баптап қойған. Егер сәйкестікпен сіз жүзінші болып ойнасаңыз, ұтасыз, ал керісінше болған жағдайда қалтаңыздағының барлығын бересіз. Бағдарламаны орнатқан адам өз қалауынша өзгертіп отырады.
Заң тыйым салып, құқық қорғау органдары тексеріс жүргізгенімен жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптай беретін бұл автоматтардан құтылу оңай болмай тұр. Оңай ақшаға кім ие болғысы келмейді. Сол үшін де мұндайлар қаптап кетті қаламызда.
Ойын автоматы, лоторея, казино бұлар ақша «жеудің» әдістері. Әрине осылардан ұтқандар да бар. Бірақ тым сирек. Мың адамның тек бір екеуі ғана шығар. Сондықтан еңбекпен тапқанымызды, құмар ойынына салып, сан соғып қалмайық!
Алғабек Хамитұлы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір