• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 12:14:05
Алматы
+12°

05 Тамыз, 2019 Заң

Ақылға қонбайтын сот шешімдері кімді алдау үшін керек?

Қоғамда резонанс тудырған үкімдер бойынша сол істерді қараған судьялардың өзінен сұрап білген абзал. Себебі заң бойынша мұндай жағдайда олардан басқа ешкімнің пікір айтуға құқығы жоқ.

Соңғы кездері еліміздегі зорлау фактілеріне қатысты сот үкімдері қоғамды дүр сілкіндірді. Жабық есік жағдайында қаралған істер бойынша пікір білдіру – қиынның қиыны. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік желіде осы істер бойынша мән-жайды сан-саққа жүгіртіп, өз «үкімін» айтып, «судьялық» рөлді иеленушілер де табылды. Осындайда дана халқымыз: «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деп, бекер айтпаса керек! Қоғамда резонанс тудырған үкімдер бойынша сол істерді қараған судьялардың өзінен сұрап білген абзал. Себебі заң бойынша мұндай жағдайда олардан басқа ешкімнің, тіпті Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың да пікір айтуға құқығы жоқ. 

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жас балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деп айып тағылған жасөспірімді ақтаған сот үкімі халықты дүр сілкіндірді. Қоғамның зор қызығушылығын ескере отырып, біз "Время" газетінде шыққан сұхбатты қазақ тіліне аударып беруді жөн көрдік.

Алқабилердің қатысуымен шығарылған сот үкімі бойынша Түркістан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Самидин Теміралиев түсініктеме берді.

- Самидин Оразбайұлы, алты  эпизод (!) бойынша айыптағылған адамның ақталғанын қалай түсіндіресіз?

- Адамға мың түрлі айып тағылуы мүмкін. Бірақ нақты дәлелдер болмаса, олар сот процесі барысында құмға сіңген судай көзге көрінбейді. Ал бұл ақтау үкімін шығаруға негіз болады. Бұлай болуы дұрыс та, себебі бұл конституциядағы кінәсіздік презумпциясының талабы!

- Демек, сіз прокуратура өзінің айыптау ұстанымын қорғай алмады дегіңіз келе ме?

- Иә, Сарыағаш ауданының мектеп-интернатының оқушысына қатысты іс бойынша осыны айтқым келеді. Прокурор процесте айыптауға жеткілікті дәлелдемелер ұсына алмады. Көптеген сот және генетикалық сараптамалардың нәтижелері күдіктінің тағылып отырған әрекеттерге қатысы жоқ екенін растаған. Нәтижесінде 10 алқаби 16 жастағы оқушыны қылмыстың жасалуына кінәсіз деп танып, ақтап шықты.

Резонансты тағы бір іс – өткен жылдың күзінде пойыздардың бірінде екі жолсеріктің жолаушы әйелді зорлағаны туралы оқиғаны әлеуметтік желіде талқыламаған адам қалмады. Атышулы үкімді оны шығарған Қостанай сотының судьясы Сатыбалды Оразбай түсіндірді.

- Сатыбалды Тұрлығазыұлы, неге бұл істі саралауда «топпен зорлау» бөлігін алып тастадыңыз?

- Иә, Тальгоның екі жолсерігі жас әйелді зорлағаны үшін кінәлі деп танылды және әрқайсысы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша жасалатын айыптау актісі түбірімен қарама-қайшылыққа толы болып шықты! Онда сотталушыларға топпен зорлағаны үшін айып таға отырып, сонымен бірге керісінше – әр жолсеріктің жеке қылмысы туралы, яғни бір-бірінен мүлде бөлек жасаған әрекеттер туралы баяндалады. Ал айыптау актісіне негіз болған ең басты саралаушы белгі – қылмыстың "адамдар тобымен" жасалғандығын айғақтайтын дәлелдер көрсетілмеген. Яғни үлкен айып тағылғанымен, оның дәлелі жоқ болып шықты.

Сот отырысындағы мән-жайлар әр сотталушының жәбірленушіге қатысты жеке-жеке әрекет жасағанын көрсетті. Айыптау тарапы олардың бір-біріне көмектескеніне дәлелдеме ұсына алмады. Аталған қылмыс бойынша екі эпизодтың арасында 30 минут уақыт өткен. Яғни, сотталушылардың «топпен әрекет еткені» дәлелденбеген.

Егер қылмыс топ жағдайында жасалса, оның құрамындағы адамдардың бірлесе әрекет етуі нақты айқындалуы тиіс. Керісінше, сотталушылардың адвокаттары мұндай бірлескен әрекеттің болмағандығын дәлелдей алды. Сонымен бірге олар сотталушылардың кінәсіздігін айтып, ақтау қажет деген ұстанымдарынан таймады.

Тағы да бір жайт: процесс барысында прокурор екі рет ауысты және екеуінің де дайындықсыз келгені және айыптауды қолдауға аса құлшынып тұрмағандары байқалды. Прокурорлардың селқостығы мені таң қалдырды: олар сұрақ қоймақ түгілі, қорғау тарапының дәлелдеріне қарсы уәж келтіре алмады! Бұл ретте қорғау тарапы белсенділік танытты: бірқатар өтінішхаттарын мәлімдеді, әр дәлелге қарсы дәйектерін ұсынды.

Ал заңға сәйкес судья тараптардың жарыспалылығын қамтамасыз ете отырып, түбегейлі бейтарап болуға тиіс. Тараптардың ешқайсысына артықтықшылық бермей, олардың дәлелдерін асықпай, эмоциясыз тыңдауы керек. Нәтижесінде, бұл процесте сотталушылардың «әрекетті бірлесе отырып» жасаған-жасамағанын өзімнің анықтауыма тура келді.

- Дегенмен, топпен болмаса да, зорлау әрекеті болды ғой. Осынша пасық әрекетке соншалықты жеңіл жаза тағайындаудың себебі неде?

- Енді мен сізге сұрақ қояйыншы. Сіздер, журналистер, соттардың үкімдері мен шешімдерін сынағанда ең алдымен нені басшылыққа аласыздар?

- Әрине, ақыл-ойды.

- Ал судья шешім шығарарда заңды басшылыққа алуға міндетті. Келісемін, заңның ақылға қонбайтын кездері де болады. Мұндай жағдай бізде ғана емес, басқа да, тіпті дамыған елдерде де кездеседі. Айтпақшы, автобұзақы Үсеновке қатысты оқиға есіңізде шығар?! Сол жағдайдан кейін заң өзгерді. Егер де Үсенов сол кездегі қитұрқы әрекеттерін бүгін жасағанда – ол міндетті түрде ұзақ уақытқа қамауға алынар еді.

Заң қатал дейміз, бірақ заңның аты – заң. Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігінде былай делінген:  жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, сот жазаның ең жоғары мерзімнің (бұл жағдайда бес жыл) жартысынан, яғни 2,5 жылданкөп бере алмайды.

Айыптау тарапы бір ғана ауырлататын мән-жайды–сотталушылардың бірінің мас болды деген уәжді айтқысы келді. Алайда оның өзі дәлелденбеген. Керісінше, істе әлгі жолсеріктің мүлдем мас болмағаны туралы медициналық анықтама бар. Яғни, құжат бойынша жазаны ауырлататын мән-жай жоқ болып тұр. Ал айыптау тарапы осы күнге дейін ұсынбаған ауырлататын мән-жайларды судьяның өз бастамасымен іздеуге, табуға және ұсынуға құқығы жоқ.

Бұған қоса, біз істегі жазаны жеңілдететін мән-жайларды: сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуы, бұрын сотталмағаны және жұмыс орындарынан берілген оң мінездемелерді назардан тыс қалдыра алмаймыз. 

Ақиқаты сол: сот шешім шығарарда ұсынылған дәлелдемелерді ғана басшылыққа алады. Ал олардың орнына тек болжамдар болса – онда айып етпеңіз! Заң күмән тудыратын мән-жайлардың  барлығын сотталушының пайдасына түсіндіруді талап етеді. Сол себепті мен кінәлілердің әрекеттерін күш қолдана отырып және жәбірленушінің дәрменсіз хәлін пайдала отырып зорлау деп сараладым.

- Бұл үкімді қайта қарауға бола ма және қашан?

- Үкім 26 шілдеде шықты және ол әлі күшіне енген жоқ, сотталушылар күзетпен ұсталуда. Айыптау және қорғау тарапы 10 тамызға дейін оған шағым келтіруге құқылы.  Содан кейін  іс апелляциялық сатыға, яғни облыстық соттың қарауына беріледі.

Егер эмоцияға салынбай, бұл екі сот ісіне заңгердің көзімен қарайтын болсақ, аталған фактілер сотта прокурорлар мен адвокаттардың қазіргі жағдайда жұмыс істеуге қаншалықты дайын екендігін анықтап береді. Осы мәселе бойынша біз Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жаңадан тағайындалған төрағасы Әбдірашид Жүкеновтің пікірін сұраған едік.

Әбдірашид Жүкенов: «Тағылған айып дәлелденбесе, айыптау үкімін шығару мүмкін емес»

- Әбдірашид Төлегенұлы, жақында Жақып Асанов қылмыстық процесте айыптау мен қорғау тараптарының шынайы теңдігін қамтамасыз ету қажет деді. Бұл туралы не айтасыз?

- Сот ісін жүргізудің мұндай моделі сот процестерін шын мәнінде жарыспалы ететіндігіне сенімдімін. Бұл жағдайда прокурор біреуді айыптағанда қорғаушының дәлелдеріне уәж келтіре отырып «төтеп бере алуы» тиіс, сонымен қатар ұсынған дәлелдемелері қисынды әрі дәйекті болуы қажет.

Процесс барысында судья тараптар ұсынған әрбір дәлелді, айғақты және куәні әділдік таразысына салып, микроскоппен қарағандай зерттейді. Процесс барысында  прокурор да, адвокат та өздері ұсынған дәлелдерінің дұрыстығына судьяны сендіре алуы тиіс. Осы жағдайда ғана айыптау мен қорғау тарапы тең құқылы жарыспалы процеске қатысты деп айта аламыз.

- Сіздіңше, тараптар процесте жарыспалылыққа шын мәнінде дайын ба?

- Өкінішке қарай, тараптардың процеске дайындықсыз келетінін жиі байқаймын. Прокурор селқос: оның айыптау актісі қарама-қайшылыққа толы, мүлдем жинақы емес, сөзі түсініксіз,  айыптауды қолдау үшін нақты дәлелдер келтіре алмайды. Кейде қорғаушылар да өз гонорарларын өтеу үшін ғана келіп, әлсіздіктерін көрсетеді және бұлтартпас дәлелдерін ұсынбайды.

Сот сотталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтарды өзі іздемейді. Судья бұл мәселені тағылған айып пен дәлелдемелердің шеңберінде ғана шешеді. Басқаша айтқанда, процесс кезінде прокурор мен адвокаттың қайсысы мықты болса, сол істі жеңеді! Бұл судьянікі дұрыс, не бұрыс деген сөз емес, тараптар өз ұстанымдарының дұрыстығын дәлелдей алды, не дәлелдей алмады деген сөз. Дәл солай! Міне, бұл тараптардың жарыспалылығы деп аталады. Сотта айыптау және қорғау тарапы тең. Бұл жағдай – қылмыстық процестегі адамқұқығының қорғалу кепілі.

- Ал пойыздағы атышулы зорлау  оқиғасы туралы не айтасыз?

- Бұл қылмыстық іске түсініктеме бере алмаймын. Құқығым жоқ. Сот төрелігін жүзеге асыру бойынша сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді. Егер бұл іс бойынша үкімге шағым келтірілсе немесе кассациялық тәртіппен Жоғарғы Сотқа наразылық түскен жағдайда ғана мен өзімнің процестік ұстанымымды айта аламын.

Әзірге айтарым: қылмыстық заңға өзгерту енгізу және Қылмыстық кодекстің зорлауға жауаптылықты көздейтін санкциясын заң арқылы күшейту туралы қоғамдағы пікірлермен келісемін. Бұдан бөлек, қылмыстық заңда Қылмыстық кодекстің 55-бабы ережелерінің жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды, сыбайлас жемқорлық және бірқатар қоғамға қауіпті қылмысты жасаған адамдарға қолданылмайтындай етіп қайта қараған жөн.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы шеңберінде дәл осы жұмыстарды жүргізіп жатыр.

“Егер барлық даусыз және айқын істерді алып тастасақ, онда ақтау үкімдері 2016 ж. – 0,6%, 2017ж. – 1,4%, 2018 жылдың 1-жартжылдығында – 2,5%, 2018 жылдың 2-жартыжылдығында –  5,5%, ал 2019 ж 1-жартыжылдығында – 6% құраған”.

Ж.Асановтың жартыжылдық қорытындысы бойынша 10 шілдеде өткен жиналыстағы баяндамасынан.

“Үкімге көңілі толмағандар бірден судьяны кінәлайды, ал прокурорлар мен адвокаттар бұлтартпас дәлелдеме ұсына алды ма, олардың сот процесіндегі сөздері қаншалықты уәжді әрі дәлелді болды?”деген сұрақты ешкім қоймайды»

Ж.Асановтың жартыжылдық қорытындысы бойынша 10 шілдеде өткен жиналыстағы баяндамасынан.

Авторы Гүлмира Мұханбетжанова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір