23 Шілде, 2019 Экономика
Алдағы уақытта кредит беру шарттары өзгереді
Тұтынушылық кредиттерді беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейетін болады.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев кредит беру шарттарын өзгерту туралы айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Бас банкирдің айтуынша, жыл соңына дейін азаматтардың берешегін өсірмеу мақсатында онлайн кредиторлар, кредиттік серіктестер мен ломбардтарды реттеуге арналған нормативті актілер қабылданады.
"Банктер мен банктік қызмет туралы заңға, сондай-ақ микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдерді есептеуге тыйым орнату бойынша түзетулер енгізілетін болады. Ұлттық банк аталаған түзетулерді парламенттің қарауына қыркүйекте енгізеді", - деді Досаев үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, кредит алған адамның отбасына қалыпты өмір сүруге қажетті қаржыны қалдыру үшін азаматтардың борыштық жүктемесін есептеу кезінде барлық мәселе ескеріледі.
"Қарыз алушының барлық міндеттемесі, оның төлем қабілеттігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Борыштық жүктеме коэффицентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады", - деп атап өтті Досаев.
Бұдан бөлек, тұтынушылық кредиттерді беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейетін болады. Осының арқасында шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға болады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір