• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 03:37:00
+12°

19 Шілде, 2019

Қазақ менталитеті мен кайдзен жүйесінің негіздік ұқсастығы

Әлмисақтан қазақтың тектілік теориясы ғылымның сан саласының алдын орап кеткені әмбеге аян. Аға мен бала, жезде мен балдыз, ұл мен әке қарым-қатынастары ешқандай зерттеуді қажет етпейтін, қанмен дарып, жатырда қалыптасқан бірізділік.

Қазақта «жауапкершілік» деген жүгі алты атанға ауыр түсетін сөз бар. Осы құдірет ел басқарған адамға, сөз айтатын кісіге дарыса, елге құт. Ал жауапкершілік жалпы қазақтың бойындағы қасиет. Ақсақалының бір ауыз сөзі елді, кейуанасының бір ауыз сөзі келінді тәрбиелеген ұлттың тәртіп, қоғамдық һәм отбасылық құрылымдық жүйесі ешқандай жүйеге қағаз бетінде негізделмесе де, өте тиянақты әрі ғасырлар межесінде қалыптасу кезеңінен өткен бірізді дүние.

«Тойота» компаниясының тарихын айдай әлемге жария етіп, күллі дүниеге мөшһүр етіп жүрген кайдзен жүйесінің кей алғышарттары, қағидаттары қазақтың қанына баяғыдан сіңіп кеткен.

Өзіңнің жұмысыңды сүю, жұмыс орыныңды және біліктілігіңді дамыту, кәсіби шеберлігіңді арттыру дегендей нәрселер қазақтың «ұят» деген бір сөзінде жатыр.

Қазақ – Каспий мен Алтайдың арасын ен жайлаған көшпенді һәм арда халық. Бәйге шапқан, жүйрік жаратып, сылаңдатып жорға мінген елдің ішінде жігіттік бәсекеге көп түсетін-ді. Бірде белдесіп, бірде қамшыласып, кейде дойыр салысып, болмаса көкпар тартысып жүретін елде жігіттік күш пен шешендік, сымбат пен мінез аса жоғары бағаланады.

Тақырыпқа оралайық. Әлқисса, кайдзен жүйесінің негізгі сағасы өндіріске, өндірістің жұмысын ілгерілетуге бағытталған. Кейін уақыт өте келе жеке адам да пайдалана алады деп жария етіп, түрлі кітаптар басып шығарып келеді. Расында, уақыт пен күшті үнемдеуге, жылдамдықты арттыруға, кәсіби шеберлігіңді ұштауға таптырмайтын, заман талабындағы сұранысты қанағаттандыра алатын жоба деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.

Қазақта ұл мен әкенің, аға мен інінің қарым-қатынасында қас-қабақ бағу, бір ауыз сөздің төркінін ұғып айшылық жолға аттанып кете беру дегендей тамаша қасиеттер баршылық. Міне, біз айтқалы отырған негіздік ұқсастық осы тұстан көрініс береді. Бала мұрты енді тебіндеген жас жігіт пен оның бірлі-жарым үзеңгілесіне тау шатқалында қар астынан қылтиған көкті жұлып, шыбынсыз жазда қоң жинап жүрген күрең қасқа айғырдың үйірін төменге айдап түс деген тапсырма берілсе, жігітте шегінер жол жоқ. Өйткені, оған жауапкершілік артылды.

Етегіне сүріне жүріп анасы сықай толтырып берген қоржынды ерден асыра тастайды да, басына орамалын шарт түйіп тартып кете береді. Әрі қарай ол әкесіне, не ағасына тек үйірді айдап алып келу керек. Қалай екені өзіне ғана аян.

Кайдзен де тап осылай. Басшылық тараптан тапсырма беріледі. Қызметкер өзінің кәсібилігін көрсетіп, тапсырманы белгіленген уақыттан ерте әрі сапалы етіп тындыруға тырысу қажет.

Жапонның «үздіксіз даму» деген мағынаға саятын кайдзені мен қазақтың сақалына ақ араласқан ақсақалының алдында ұятты болмау – негіздік филасофиясы жағынан бір-біріне өте жақын ұғымдар.

Қазіргі күні Алматы қаласында «Кайдзен» орталығы жұмыс жасап тұр. Құмар Мұсаев бастаған ұжымның осындай қанда бар ізгі қасиетті оятуға жұмыс жасап жатқаны қуантады. Отандық өндіріс орындары мен компаниялар кайдзен жүйесін ішкерілендіріп, уақыт пен сапа жағынан сәт санап ілгерілеп барады.

Неге кайдзен қазаққа тез сіңеді?

Бұл сұрақтың жауабы сол жапон мен қазақ санасындағы бір тетіктің ұқсас болуынан. Өзіңді сыйлау, өзіңнің абыройыңды сыйлау, әкенің беделін құрметтеу, қызметіңде үздік болу деген критерийлер дәлел болса керек.

Қазақтың қанында бар қасиетке жапонның жүйеленген кайдзені қосылса, қазақтан артық іскер һәм алғыр халық кемде-кем.

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір