• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 03:41:48
+12°

21 Маусым, 2019 Бизнес

BІ Group кайдзенмен достасу арқылы неден ұтты?

2011 жыл. Елордадағы «Титаниктің» тас-талқаны шықты.

Atameken Business Channel

2012 жыл. Қарағанды. 5 қабатты «Бесоба» тұрғын үйі бір демде көзден ғайып болды.

2015 жыл. Қызылорда. Тағы да 5 қабатты үй пайдалануға берілмей жатып жарамсыз болып шықты.

2016 жыл. Алматының «Алғабас» ықшам ауданы. 9 қабатты тұрғын үй тұрған орнынан жылжып, қисайып қалды.

Кеңес Үкіметі кезінде түсірілген «Премия» деген кино бар. Араларыңызда көргендер де бар шығар. Барлық іс-қимыл бір кабинеттің ішінде түсірілген. 1974 жылы үлкен экранға жол тартқан бұл фильм кезінде мемлекеттік премия алып, Польшадағы халықаралық форумда ерекше көзге түсті. «Премияны» көре отырып, сол кинодағы тақырыптың бүгінгі күні де өз өзектілігін жоймағанына қайран қаласың. 45 жыл бұрын да, 45 жылдан кейін де құрылыс саласының қордаланған мәселелері еш өзгермегенін түсінеміз. Бір материалдың жоқтығынан бүкіл бригаданың жұмысының тоқтап қалуы, қызметкерлердің айлығының дұрыс берілмеуі, қатардағы жұмыскер сапаны ойлап жаны ашыса да, басшысының оған бас қатырмауы, мердігердің құрылыс алаңына бас сұқпауы – біз білетін мәселелердің шет жағы. Соның нәтижесі –әр түрлі жылдары елімізде қирап қалған құрылыс нысандары.

Кайдзен деген не?

Кайдзеннің Қазақстанға келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Әлі де біреулер үшін кай және дзен деген екі түбірден тұратын сөз құлақтарына оғаш естіледі. Америкадан бастау алатын, алайда самурайлар елі бағын ашқан кайдзен ақырын жүріп, анық басуға үйретеді. Бір мезетте тау қопару емес, күн сайын қолға күрек ала отырып еңбектену – кайдзеннің пәлсапасы. Қарапайым тілмен айтқанда, адамның сапалы жұмыс жасауына ортасы да, жұмыс орны да, тіпті өзі де кедергі келтірмеуі тиіс. Кайдзен деген жинақтылық, тазалық,  үнемделген қаражат, тату-тәтті ұжым және сапа. Тіпті «Премия» киносында орын алған мәселелер кайдзен бойынша шығын болып есептелінеді. Тарқатып айтатын болсақ, кеңселік жұмыста да, зауытта да біз үнемі артығымен орындаймыз, уақытында келмей/жасамай күттіреміз, анда-мында жүгіріп сандаламыз, қағазбастылықтың арқасында көп сабыламыз,  «керек болып қалар» деп қор жинаймыз, қатемен жұмыс жасап қиналамыз, қол созым жерде болмағандықтан артық қимыл жасаймыз, қарапайым қызметкердің шағымына/пікіріне құлақ түрмейміз. Кайдзен бойынша жұмыс жасайтын компания қызметкерін қорқытып ұстамайды. Тіпті оны жұмыстан шығаруға ниеттенбейді. Қызметкер комфортын ойлап өзі-ақ кеткісі келмейді. Жұмыс процесін кайдзенге негіздеген қазақстандық компаниялардың бірі әрі бірегейі –  BІ Group. BІ Group-тың нәтижелеріне қарап ат басын кайдзенге бұрған компаниялардың саны бүгінде біршама өскен.

Кайдзенге BІ Group қалай тап болды?

2016 жылда өткен құрылысшылардың форумында алғаш рет кайдзен туралы айтылады. Сол жылдардан бері 8000-нан астам қызметкері бар алпауыт BI Group компаниясы кайдзеннің қағидаларын негізге ала отырып жұмыс істеп келе жатыр. Зулап өте шыққан үш жылдың ішінде кайдзенге деген, BI Group-қа деген қызығушылық он есе артты десек қателеспеспіз.

Айдын Рахымбаев

2017 жылы өткен Жастар форумында меценат, BI Group холдингінің акционері, директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев: «Біз элит клас үшін емес, қарапайым халық үшін тер төгеміз. Элит клас санатындағы үйлеріміз 5%-дан аспайды. Себебі бізге қарапайым тұтынушы клиенттің көбірек болғаны аса маңызды. Клиент көп болса, болашақ та жарқын деп білемін. «Тойота» әлде «Феррари» бай-қуаттырақ сіздіңше? Әрине, «Тойота». Шығынды азайту керек деп үнемі айтамын. Шын мәнінде, үнемдеу мәдениетін біз ой-санамыздан бастауымыз мақсат. Мен және біздің менеджерлер Жапониядағы жағдайды көзбен көру үшін арнайы ұшып бардық. Білесіз бе, бетбұрыс алып келетін үлкен өзгерістер ұсақ-түйектен бастау алатынын түсіндім. Күнде таңертең алдыға бір қадам жасасаңыз, сізді ешкім тоқтата алмас. Керісінше тұрып-тұрып кенеттен «кеттік» десеңіз, артыңыздан ілесетін адам таппайсыз. Мұны басшы ғана емес, қатардағы әр қызметкер жадында ұстауы тиіс. Басшы ғана емес, жай қызметкер де өзгеріске ұмтылғаны дұрыс», - деген болатын.

BI Group салған үй вигвам емес

Сергей Евгеньевич Корчагин – кайдзенді қазақстандық, ресейлік кәсіпорындарына енгізген аса тәжірибелі Lean тренер. Toyota Engineering Corporation тарапынан берілетін халықаралық сертификатының Grade 4  дәрежесін алған азамат. BI Group-тың кайдзенді енгізу процесін бастан-аяқ бақылаған Корчагин мырза бірер сауалымызға жауап берген болатын.

Сергей Корчагин

Сергей Евгеньевич: «Кайдзенді енгізу мүмкін емес. Тәртіп, талап бар жерде ғана кайдзенді дамытуға болады деп айтқанмын. BI Group кайдзен жүйесіне дейін де ісі алға басып тұрған компания еді. Мен бұл компанияны ерекше жақсы көремін. Басшысы Айдын Рахымбаевты ерекше құрметтеймін. Осындай лидері бар компанияның кайдзенге келуі заңдылық деп түсінемін. Жалпы, 2011 және 2013 жылдары BI Group кайдзенмен жұмыс істегісі келеді. Бірақ ой жүзеге аспағандықтан, 2016 жылы мені Лин қызметін құруға шақырады. Өз басым кез келген компанияны қолы-аяғы, көзі һәм жүрегі бар тірі ағза ретінде елестетемін. Яки компанияның қарыштап дамуына екі нәрсе тікелей әсер ететіндігін білемін: олар – қалыптасқан жүйе және сондағы қызметкерлерге деген сыйластығы/сүйіспеншілігі. Жап-жақсы компанияны одан сайын жақсарту үшін ең бірінші кезекте осы екі мәселемен айналыстым. BI Group-тан кеткеніммен, сырттай бұл компания үшін тақымымды қысып жүремін. Оның өзге компаниялардан ерекшілігі – корпоративтік мәдениеттілігінде деп білемін. Өз басым BI Group-та еңбек еткенімді мақтанышпен айтамын.

Бүгінде BI Group 24 айда емес, 18 айда пәтердің кілтін иесіне ұстатады. Бұл қуанарлық көрсеткіш! Салынып жатқан құрылыста бір жұмыс күнінде 1 миллион теңге кететінін ескерсек, бұл компания 6 айда қаншама сома үнемдеп жатқанын ойша есептеп көріңізші. Ең қызығы, бұл бастамасы ғана. Кайдзен бар, демек мәселе жоқ десем, өтірік болар. BI Group-тың алар асуы алда. Оған қызығып, кайдзенге басын бұрған құрылыс компаниялары болды. Алайда белгілі бір уақыттан кейін ізім-қайып жоғалып кете барды. Күн сайын BI Group-тың қызметкерлі «қайтсек ғимараттарды сапалырақ саламыз?» деп бас қатырады.

Көз алдыңызға киіз үйді елестетіңізші.  Шаңырақтың биік болуы – уықтың мықтылығына тікелей байланысты. Шаңырақ биікке ұмтылғанмен, уықтары әлсіз болса, киіз үйден қарағанда үндістердің вигвамына ұқсап кетеді.

BI Group-тың уығы – оның сапалы баспана тұрғызамын деген ниеті».

Өз басым Алматының көшелерін кезіп жаяу көп жүремін. Сондағы басты назарым – Алатауда емес, Алатауға қарап бой түзеген әсем үйлерде. «Мына үйдің дизайны ерекше екен», «бірақ ауласы тым тар екен», «балалар ойнайтын алаңы әдемі екен», «бірақ үйдің қабырғасы жұқа сияқты» деген ойлардан-мазасыз сұрақтардан ми ашиды. Миллион қазақ өзім қожалық ететін елу шаршы метрім болса екен деп армандайды. Олар үшін баспана – сән-салтанат емес, таза ауамен пара-пар өмірлік қажеттілік.

Өз үйі, өлең төсегінде жатқан қазақ жайлы жатып, ертесіне жақсы тұруы әрбір құрылыс компаниясы арқалаған аманат болуы тиіс.

Жазира Байдалы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір