19 Маусым, 2019 Денсаулық
Шәкәрім Құдайбердіұлының мал союға қатысты айтқандары: Халалды харам еткен кім?
"Халал" мен "Мұсылман" таңбасы бар тағамның бәрі біз бен сіз ойлағандай ма?
Елдің егемендік алғанына жиырма сегіз жыл. Не өзгерді? Әрине, көп дүние. Елдің рухы көтерілді, бөркімізді аспанға аттық "азатпыз" деп, егемендіктің алғашқы жылдарында. Рухани егемендіктің бірі – дін де еркіндік алды, аллаһтың ақ жолына түсушілер көбейді. Әсіресе жастар. Көз ашылды, көкірек оянды. Ас қайырып бет сипайтын болдық. Келе-келе ішкен асымыздың да халал болуын қаладық. Тоқсаныншы жылдардың басындағы бір үзім нан мен басқа да кез келген тіске басар тағамдарға көз сатып сағаттап кезекке тұратын "зар заман" келмеске кетті. Қазір не ішем, не жеймін демейсіз, қалтаңыздың шамасына қарай қалағаныңызды табасыз, аласыз.
Сөзсіз, тағам жасау өнеркәсібі елімізде өз деңгейінде жақсы дамыды. Мұсылман қауымы ең негізгі бөлегін құрайтын жерімізде сұранысқа орай халал тағам өндірушілер көбейді.
Барлық тағамды бір-бірлеп сынақтан өткізіп саралау бізге міндет емес. Бұл жерде айтпағымыз, жамағат көп тұтынатын тағамның бір түрі – халал шұжықтың майы мен жайы.
Әрине, халал шұжықтың негізгі құрамы халал ет. Демек оған халал мал, халал сойылған мал еті қажет. Бәрі де халал болуы ләзім.
Алдымен қасапшы – союшы, аузында бисмилласы бар мұсылман болуы шарт. Онан соң ғана халал мал союдың жөн-жосықтары жайлы айтуға болады.
Ойшыл акын, қажы Шәкерім Құдайбердіұлы бұл жайлы былай айтады: "Мал бауыздағанда бисмилла аллаакбар деп өндіршек пенен жұтқынның арасынан бауыздайды. Түйені өндіршектен бауыздайды. Бауыздағанда өңеші – кеңірдек екі күре төртеуін қияды. Үшеуі қиылса халал, екеуі қиылса харам болады. Жұлынды жаны бар кезде қимайды, онда мәкру болады. Жұтқын кеуде жақта қалса да мәкру болады. Бауыздаудың шарты – бисмилла айтпақ. Төрт тамырды қимақ өндіршек пенен жұтқын арасынан бауыздамақ, соны білсе ұрғашының, баланың бауыздағаны бәрі халал. Бауыздауын қыбылаға қаратқан жақсы, қаратпаса да халал болады. Бір хайуан құдыққа, яки бір қиын жерде болып бауыздауға қолы жетпей яки бауыздауы табылмаса қай жерінен болса да найза, яки балта сықылды бір нәрсемен жаралағанда бисмилла алла акбар деп жараласа, сол жарадан өлерлік қылса, ол мал халал болады". (Шәкәрім Құдайбердіұлы. "Мұсылмандық шарты" Алматы "Қазақстан", "Мерей", "Ақиық".1993 ж.)
Шыны керек, өз басым бұл тәртіптердің бізде мінсіз орындалатынына күмәндімін. Себебі малды қақ маңдайдан балғаман немесе кернеуі жоғары токпен ұрып тыраң еткізіп аяғын көктен келтіретіндерін көз көрген, құлақ естіген жоқ па еді?!
Шәкерім қажы тағы былай деп жазады: "Бауыздалған халал малдың боқ, сідігі, бауыздау қаны, қамшысы, ені, сарпайы, жатыры, өт, қуық, қара бездер – бұлардың бәрі харам болады. Жұлын, миы, тірі малдың аузы, талақ – бұлар мәкіру" . Ал бірақ біздің заводтағы ет турағыштың ішіне “абайсызда” қыл – қыбыр мен қалған-құтқанның да түсіп кетпейтініне, аларманға мәкіру болып жетпейтініне кім кепіл.
Тағы бір күмән. Базар мен цехтарда бауыздалып жатқан малдар қайдан келеді? Қысы – жазы адал еңбегімен баққан малшының өз өрісіндегі тәбиғатта еркін жайылған малының жөні тым бөлек. Бірақ сол ауылдағы ағайыннан топ-топ болып ұрланып жатқан малдар қарақшының өз қазанында “жарықтықтың исін-ай” дегізіп қайнап жатыр дейсіз бе? Жануардың етінің бір кесегі сіздің алдыңыздағы шұжық емес екеніне көзіңізді қалай жеткізесіз.
Тағы да Шәкерім Құдайбердіұлына жүгінсек: «Ұрлық ет (мал - автор) не қылып бауыздаса да харам. Оның себебі бисмилла Алла акбар деп бауыздаса харамға бисмилла айтқан соның өзі кәпір болады. Мұсылманнан кәпір болғанның бауыздағаны харам. Біреуге бауыздатса харам малды халал деп бауыздатқан сықылды. Онда да харам».
Сонымен, "іс бітті, қу кетті". Күдігі мен күмәні көп тауар сатылымда, дүкен сөресінде тұр. Ал «халал» мен «мұсылман» маркасына сенген сізбен біз не көрдік?!
Алдыңызда тағы бір сұмдықтың көкесі көрініс табады. Бір сөреде, бір мұздатқыштың ішінде әлгі “халал-ау” деген шұжығыңыз доңыз дейтін адам көргісіз, кейіп – кеспірсіз малғұнның ет - майымен қатар тұр! Екеуі де өзіміздің бауырымыздың - қаракөз болса да кәпірдің тірлігін істеп отырған құдай ұрғыр сатушының қолымен, бір пышақтың жүзімен кесіліп, бөлініп сатылуда.
Сонда халалды харам еткен кім?
Мал сатқан ұры-қары ма? Әлде “тәртіпсіз” өндіруші ме? Жоқ әлде, тек қалтаңызды қағуды ғана ойлаған сатушы ма? Тіпті, көңілде күдік болса да аузымызға салған өзіміз шығармыз?Мүмкін осының барлығын бір ізге салып заңдастыра алмаған, бәрін де шетелден үйренуге құмар, бірақ халал тағамды өндіру мен басқаруды Араб елдері мен Малайзиядан үйрене алмай жүрген үкіметтегі «көкелеріміз» шығар?!
Күдік көп, күмән басым, тұман қою...
Авторы:
А.Манапов
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір