• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 16:39:04
Алматы
+12°

07 Маусым, 2019 Барлық аймақтар

Жоғалған куәлікті тауып алып, несие рәсімдеген алаяқ

Жасы шамамен 45-50-лердегі ер адам жұрттың жоғалтқан куәліктерімен банктерге барып, қарыз алып отырған.

Алматыда азаматтардың сыртынан несие рәсімдеген алаяқ іздестірілуде! Жасы шамамен 45-50-лердегі ер адам жұрттың жоғалтқан куәліктерімен банктерге барып, қарыз алып отырған. Ал несиені таратқан банк менеджерлері өздерінің де алаяққа алданғандарын айтып ақталып отыр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме бере отырып.

Таспаға түсіп қалатынын біле тұра, батылы жетіп жұрттың сыртынан несие алған адам осы. Ал қарызды ол бір емес, үш бірдей банкте рәсімдеген. Әншейінде ақшаға келгенде есебі мықты мекемелердің қызметкерлері келген клиентке, қолындағының бөтен құжат екенін байқамай, 2 миллион теңгеден астам қарызды ұстата салған.      

 Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы Полиция департаменті ресми өкілі:

«Банктерге барып несие алған. Тауар несиелерін де алған. Міндетті түрде бұл азамат ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.»,- дейді.

Алаяқтың аты-жөні әзірге белгісіз. Дегенмен, Батыс Қазақстан тұрғыны деген болжам бар. Өйткені айналдырған бір күннің ішінде сол өңірден бірнеше адам оған алданғандарын айтып қоңырау шалыпты. Бұл оқиға бойынша банк қызметкерлерінен де жауап алынған. Бірақ бәрі де судан таза, сүттен ақ боп шығыпты. Ал әлгіндей жағдай Марат Әбдірахмановтың да басынан өткен. Әлдебіреулер бес жыл бұрын жоғалтқан куәлігі арқылы банктен жарты миллионға жуық несие алыпты. Ол туралы алматылық жарты жылдан соң бір-ақ білген. Марат Әбдірахманов:

«Автосалоннан несиеге көлік алмақ болдым. Бірақ, банк маған несие беруден бас тартты. Маған жарты жыл төленбеген қарызымның барын айтқанда, қайтерімді білмей қалдым. Несие алмағанымды дәлелдеу үшін көп қиналдым.»

Марат Әдбірахманов боп қарыз алғандар сол ұстатпай кеткен. Бір қызығы, жігіттің осыншама үстемақысы өсе тұра, банк оны іздемеген. Тіпті шотын да бұғаттамаған. Сол себепті, білмей жүре берген. Кейін таспадан белгілі болғандай, ақшаны оған мүлдем ұқсамайтын адам алған. Ал банктегілер бұлай болуы мүмкін емес деп отыр. Ләззат Есмұрзаева, банк өкілі:

«Клиенттің өзі келмей біз несие бермейміз. Ондай жағдай мүмкін емес. Қарызға ақша бермес бұрын барлық мәліметті талап етеміз. Туыстарының нөмірлері алынады. Жұмыс орны туралы ақпарат. Одан бөлек, өзін де суретке түсіреміз.»

Алаяқтардан сақтанудың бір жолы бар. Ол смс-хабарлама. Бірақ ол үшін ай сайын 200 теңге төлеп тұру керек. Индира Қарлыбаева, кредиттік бюро қызметкері:

«Сізге хабарлама келеді. Яғни, ондай хабарлама келген кезде сіз банктің өзіне барып, мен ешқандай несие рәсімдеп отырған жоқпын деп айтуыңызға, өтініш жазуыңызға құқығыңыз бар.»

Ал осы кезге дейін тұрғындарлдың жүйкесіне тиетін мұндай әрекеттері үшін ешқандай банк жауапқа тартылмаған. Жалпы, Алматыда жыл басынан бері осындай алаяқтыққа қатысты 17 адам ұсталған. Олар 60 адамның үстінен несие алып, кейбірінің тіпті банк карталарына дейін қол салған.

Дайындаған: Бек Байтас

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір