• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Қараша, 05:54:50
Алматы
+12°

07 Маусым, 2019 Денсаулық

Қойдың құйрық майының біз білмейтін қандай пайдасы бар?

Қазақтың көшпелі өмірін көрген халық емшілері құйрық майды қалай пайдаланған?

Белгілі жазушы, тарих зерттеушісі Жәди Шәкенұлы құйрық майдың емдік қасиеттері мен оның қандай ауруды емдейтінін айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

Халық емшілері қолданған

Алдымен ол қазақтың көшпелі өмірін көргенін әрі халық емшілері құйрық майды қалай пайдаланғанын айтып берді.

"Балалық және жігіттік шағым Қытайға қарасты Алтай тауының теріскей бетінде өтті. Қой баққан малшыларды, түйенің бұйдасын жетелеген көшті көрдім. Далада киіз үй тігіп, көктеу, күзеу, жайлаудың не екенін біліп өстік. Соның арқасында құйрық майдың қалай пайдаланылатынын білемін. Мысалы, 1983 жылы мен 16 жаста болдым. Осы уақытта әкем мен шешем қазақ емшілеріне баратын. Сонда оларға құйрық май қосып дәрі жасап беретін", - дейді Қазақстан және Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Сондай-ақ Жәди Шәкенұлы дәрінің қалай жасалатынын, оның қандай ауруларды емдейтінін түсіндірді.

"Дәрінің қалай жасалатынына тоқталайын. Сынаптың жарты бидайға тең келетін тамшысын екі үлкен қасық құйрық майда араластырып, әбден ерітеді. Мұны қазақтар "өлтіру" дейді. Бұл дәрі арқылы теміреткі, ешкі қотыр, күйдіргі, күбірткі және тағы басқа қотырлардың түрін емдеу үшін пайдаланған", - дейді жазушы.

Сәби сымбатты болып өседі

Құйрық май – баланың жұмсақ балғын терісін жұмсартып, қан айналымын реттейді. Жазушы нәресте қол-аяғын керіп созғанда, сәбидің буындары жазылып, денесі сымбатты болып өсетінін айтты.

"Бұл майдың біз білетін және білмейтін емдік қасиеттері көп. Атап айтсақ, құйрық маймен бөбектің денесін сылағанда, бұл олардың дені сау, қуатты болып өсуіне ықпал еткен. Сондай-ақ, тұмау тимейді. Сондықтан бұрындары нәрестенің аузына құйрық май салған", - дейді Жәди Шәкенұлы.

Тұмауға қарсы таптырмайтын ем

Сонымен қатар, жазушы балалар мен ересектер салқын тигенде құйрық майды ыстық күйінде қасықтап ішсе, бұл адам азғасына шипасын тигізетінін атап өтті. 

"Құдайға шүкір, 8 балам бар. Олардың тамағы ауырғанда, дәрі ішіп, жөтелі басылмай қойған кезде балаларыма құйрық майды ерітіп бере қоямын. Бұл майды ерітудің екі жолы бар. Біріншіден, құйрық майды еріткеннен кейін оны бірден пайдалануға болады. Екінші жолы да бар. Еріткеннен соң, оның үстіне су құйып, біраз қайнату керек. Сонда"піскен" құйрық май болады. Оған сарымсақ қосып, біраз суыған соң, 4-5 шай қасығын балаға беру керек. Келесі күні балаңыздың тамағының ауырғаны басылып, сырылдағаны кетеді", - дейді ол.

"Құйрық май таңып қойған..."

Сұқбат барысында Жәди Шәкенұлы бұл май туберкулез ауруын емдеу үшін де қолданылатынын айтты.

"Құйрық майдың басты қасиеті – жұқпалы туберкулез ауруын емдеуінде. Ашытылған қымыздың ішіне құйрық майды, сәл ғана күшәла салып, араластырады. Кейін май қымызға сіңеді де, сап-сары, қою болады. Оны туберкулез, тыныс жолы ауруларын емдеу үшін ішеді. Қазақ емшілігі дәстүрінде осындай тәжірибе бар", - деп түйіндеді сөзін жазушы.

Сондай-ақ, қазақ халқы қыстың аязды күнінде бет үсімес үшін құйрық майды жаққан. Қол немесе аяқтың тілінген жеріне құйрық майдың тілімін таңып қойған. Ол жараның тезірек жазылуына септігін тигізіпті.

Құйрық май - құйрық түбінде дөңгеленіп жиналған май. Мұндай май жекелеген қылшық және ұяң жүнді қой тұқымдарында болады(Еділбай қойы, Сараджын қойы, дегерес қойы, қазақтың ұяң жүңді қойы, алай қойы, гиссар қойы). Қой қысқы тебінде жайылғанда жетіспейтін қорегін құйрықтан біртіндеп алып толтырады. Құйрық  май Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әр түрлі ұлттық тағамдарын дайындағанда пайдаланылады.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір